БАҚ-БЕРЕКЕ МЕКЕНІ

 

Астанаға алғаш келгеніміз әлі күнге көз алдымда. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Елбасы жарлығына сәйкес кіші ұлым отбасымен бірге Арқа жеріне, Ақмола қаласына қызмет бабымен қоныс аударды.

 

                1997 жылдың қысында Астанаға келіп, баламыздың үйінде екі апта жатқанымыз бар. Сондағы жағдай есімнен кетпейді. Сол жылы қыс қаһарлы болды. Үй суық, жылу беру жүйесі қанжылым ғана. Электр жарығы қайта-қайта өшіп қалатын. Тіпті, әжесі Мәкең екеуімізді тоңбасын деп немерелерім аяғымызға жүн көрпе орап қоюшы еді...

                Десе де, ол уақытша қиындық еді. Балаларыма жігер беріп, «әлі-ақ Астана қарыштап дамиды. Көп адамның қолы жетпес көрікті шаһарға айналады» дейтінмін. Шыны сол. Қазір соның бәрін кейбіреу білгісі де, еске алғысы да келмейтіндей. Бірақ ол бізге тарихтан тағылым, өткеннен сабақ алуымыз үшін керек. Баяғыда Аяз би ескі киімдерін төріне іліп қойып, кеудесін пенделік пиғыл кернеген сәтте соған қарап, өткенін еске түсіріп, тәубесіне келіп отыратын болған деседі. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген тәмсіл содан қалған болса керек.  

                Әр жылы келген сайын елордада сәулетті ғимараттар, көрікті үйлер салынып, неше түрлі халыққа қызмет көрсететін ойын-сауық орталықтары бой көтергеніне куә болатынбыз. Бір келгенімізде «Бәйтерек» монументі, келесіде «Думан» ойын-сауық орталығы, тағы бірде Хан Шатыр астаналықтар мен қонақтардың көзайымына  айналғанын көріп қуандық. 

                Еліміз үшін былтырғы жыл ерекше жемісті жыл болды. Астанада «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі үлкен табыспен өтті. Көрмені тамашалаған халықта есеп жоқ. Әсіресе, балалардың қуанышын айтсаңшы! Осының бәрі Елбасының ерен еңбегі, игі бастамасы, сарабдал саясаты екені шүбәсіз. Біз аға буын оны жақсы түсінеміз, сондықтан жастарға сабақ болсын, үлгі болсын деп айтамыз.

                Астанада қазір миллионнан астам халық тұрады. Солардың арасында балаларымыз, немерелеріміз барын әрдайым мақтан етеміз. Елордада немерелерім ер жетіп, оқу оқып, азамат болды. Балаларымыз дос арттырды. Біз ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бейтаныс жандар көп уақыт өтпестен бір-бірімен ағайын-бауыр, дос-жаран, жекжат болып араласып-құраласып кеткеніне шүкіршілік дейміз.

                Бұрындары қазақ жақсы елмен, текті әулетпен құда болу үшін артынып-тартынып, айшылық алыс жер жүретін болған ғой. Аталарымыздың ондағы ойы – «қан жаңарсын, ұрпақ аралассын» деген көрегенділік, тектілік қасиет. Бұл жағынан да ұтқанымыз көп. Ұрпақтарымыз теңін тауып, жақсы адамдармен құда-құдандалы болдық.

                Бүгінде елорда барша қазақтың басын қосқан құтты мекенге айналды. Астанаға келген ағайынның ауызбірлігі артып, ынтымағы нығайды. Ел іргесі бекіп, шаңырағымыз кеңіді, ырысымыз артты. Айналасы жиырма жылда Астананың бақ-береке мекені, бейбітшілік қаласы болғаны осыдан білінеді деп ойлаймын.

                Алдағы уақытта да бас қаланың қарыштап дами беретініне сенімім мол. Жақында жаңа аудан ашылғанын естіп жатырмыз. «Байқоңыр» ауданының елорданың одан әрі көркеюіне қосар үлесі зор болсын деймін.

                «Көппен көрген  ұлы той» деп халқымыз бекер айтпаған. Астананың жиырма жылдық мерейтойы құтты болып, еліміз өсіп-өркендей берсін деп сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдық батамды бергім келеді.

Сүлеймен  КӨШКІНОВ,

еңбек ардагері,

Алматы облысының

«Құрметті азаматы».   

Күнтізбе

« Мамыр 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

booked.net