Білімді жастар үшін әлеуметтік жеделсаты

20.09.2019ж

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік қызметте жас басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттік кадрлық резерв» құрылатынын, оған конкурстық негізде жас мамандар іріктеліп алынатынын атап өткен болатын.

      Бұл еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне енгізіліп отырған жаңа институт. «Жастар жылы» аясында білімді әрі дарынды жастарымызға берілген айрықша мүмкіндік, нақты қолдау.

       Аталған бағыттағы алғашқы қадам -  жас дарынды басқарушылар резервін құру. Резервке жаңа идеяларды ұсынуға қабілетті, қалыптасқан жағдайды жаңа көзқараспен бағалай білетін жас жетекшілер, жылдам шешім қабылдауға және жұмыс жағдайына тез бейімделе алатын, сараптамалық ақыл-қабілті айқын көрінетін көшбасшылық сипатқа ие жастар таңдалады.

       Ағымдағы жылдың 27 тамызында Мемлекет басшысының «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығы қолданысқа енгізілді. Осы Жарлықпен Ұлттық комиссия туралы ереже, Ұлттық комиссияның құрамы және резервті қалыптастыру қағидалары бекітілді.

       2019 жылғы 1 қыркүйектен Президенттік жастар кадр резервіне өтінімдерді қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ресми сайтында  автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылды. Үміткер  сайттың басты бетінде  Президенттік жастар кадр резервінің іріктеуіне қатысты  мағлұматты инфографика арқылы біле алады. Президенттік жастар кадр резервіне қатысу үшін үміткерлерге бар болғаны  PKRezerv.kz. сайтына тіркелу қажет.

       Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы  қатыса алады.

       Резервке қосылуға ынталы азаматтар бірнеше кезеңнен өтуі қажет. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін теориялық білімін тексеру үшін кандидаттар тестілеуге қатысады және эссе жазу, жобаларды таныстыру, интервьюден өту арқылы бағалау жүргізіледі.

       Кандидаттардың өтінімін қабылдау 2019 жылдың 01-30 қыркүйек аралығында жүзеге асырылады.

       Азаматтар Президенттік кадр резервіне 5-жылдық мерзімге алынады. Резервке тұрған азамат саяси немесе басқарушы лауазымдарға, ұлттық холдингтердің немесе компаниялардың басқарушы лауазымдарына тағайындала алады.

       Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві - бұл қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие, өзін-өзі кәсіби дамытуға дайын,  болашағынан зор үміт күттіретін жастар үшін әлеуметтік жеделсаты. Білімі мен біліктілігі сай келетін тәжірибелі, дарынды жастар кеңейтілген деректермен жұмыс істеуге, өзгеше ойлай білуге және алдын ала болжауға мүмкіндік беретін технологияларды тиімді пайдалана алады.

     Президенттік жастар кадр резерві еліміздің жоғарғы саяси лауазымдарына дарынды жас буынның келуіне жол ашады.

     Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқаратын, халықтың үмітін ақтайтын, мемлекеттік аппарат жұмысын жаңа деңгейге сапалы түрде көтере алатын және ілгерілеудің қозғаушы күші болатын жас кадрлардың қатарына қосылу үшін барлық дарынды жастарды іріктеуге қатысуға шақырамыз.

     Мемлекет басшысының кадрлық қорына енген жастар елімізге адал қызмет етіп, Қазақстанның дамуына тың серпін қосатынына нық сенімдімін!

                                                                                                                                                                          Ляззат Бейсеқұлова,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

                                                                                                                                        Алматы облысы бойынша департаменті басшысының

                                                                                                                                                                                          орынбасары. 

Күнтізбе

« Қазан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

booked.net

  • Материалды қарау саны : 640721