БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

07..11.2019ж

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың тұрғын үй алулары үшін көптеген көмектер көрсетілуде. Мемлекет тарапынан да әртүрлі бағдарламалар да қарастырылып, өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, қазіргі уақытта тұрғын үй алу үшін тиімді жүйе - тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ипотека алу болып отыр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі туралы не білеміз?
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – акционерлік қоғам болып табылады. Ол екінші деңгейдегі банктердің қатарына енеді. Өз жұмысын бастағанына биылғы жылы 16 жыл толып отыр. Аталмыш банктің негізгі мақсаты – екінші деңгейдегі банктерден ипотека несие алу кезінде бастапқы жарналарды төлеу үшін жеткілікті қаражаты жоқ, бірақ жеткілікті тұрақты табысы бар азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қарыз алуын қаржыландыру мақсатымен жеке жинақ қаражатын қорландыру негізінде тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімге қаржыландыру болып табылады.
Қазіргі таңда халықтың басым көпшілігі ипотекамен пәтер алу жолын таңдайды. Елдегі ресми деректерге сүйенсек ипотека арқылы баспаналы болғандардың саны 44 пайызға өскен. Ал оның 63 пайызы, яғни үштен екі бөлігі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілген.
Аталған банк тұрғын үйге ипотека алуды елімізде ең төменгі пайызда жүзеге асырады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынған модель арқылы клиенттер бірнеше жылда жеңілдікпен берілетін кредит алып, қолжетімді сомада үй сатып ала алады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бағдарламалары:
     Банк ұсынған қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары арқылы кез келген адам пәтер немесе үйді тиімді шарттардың көмегімен ала алады. Олардың бірқатарын атап өтсек:
      “Нұрлы жер” – көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме - жылдық 5% жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан бастап. Бастапқы жарна - 20%-дан бастап. Мерзімі - 25 жылға дейін.
     “Әскери өнім” – тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие беру бағдарламасы. Пайыздық мөлшерлеме - 6%-дан 8%-ға дейін. Бастапқы жарна - 5%-дан бастап. Мерзімі - 8 жылға дейін.
«Бақытты отбасы» – көпбалалы отбасыларға арналған жаңа бағдарлама, оның қатысушылары тұрғын үй сатып алу үшін ең төменгі мөлшерлемемен несие ала алады. Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 2%. Бастапқы жарна* - 10%. Несиелендіру мерзімі - 19 жылға дейін. (*Бастапқы жарнаны Сіз тұратын аймақтың әкімдігі берген тұрғын үй сертификаты есебінен өтеуге болады, тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санатын әкімдік анықтайды).
“Өз үйім” – бұл жаңа салынған үйден пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке бағдарламасы. Пайыздық мөлшерлеме - 3.5%-дан 7%-ға дейін. Бастапқы жарна - 20%-дан бастап. Мерзімі - 25 жылға дейін.
Жоғарыда атап өткен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ипотекалық кредитті 5% және одан төмен мөлшерлемемен алудың бірегей тәсілі. Бұл үшін алдымен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашу керек. Сондай-ақ,
• қаражатты депозитіңізде кемінде үш жыл жинақтау.
• сізге қажетті соманың жартысын жинақтау;
• бағалау көрсеткішінің (БК) ең төмен деңгейіне жету;
Банк тарапынан аталған осы үш талапты орындасаңыз – тұрғын үй заемын жылдық 5% мөлшерлемемен алуға мүмкіндік жоғары. Егер, Сіз бұл талаптарды асыра орындаған болсаңыз, яғни, қаражатты ұзақ мерзім жинасаңыз – несие мөлшерлемесі төмендейді (ең төменгі мөлшерлеме - 3,5%). Сіз жинаған сомаға жыл сайын банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы есептеледі.
Алынған несиеге тұрғын үйді еліміздің кез-келген қаласынан сатып алуға болады.
Өз тілшіміз

Күнтізбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 680317