Ғасырлар тоғысындағы көзайым көрме

Ғасырлар тоғысындағы бұл көрме шын мағынасында XIX ғасырда бүкіл әлемде қол жеткізген жетістіктерді паш еткен көрме ретінде тарихта қалды. 1900 жылғы Бүкіләлемдік  көрмені халықаралық  еңбек, прогресс  және  өркениет  мерекесі  деп  атады.

 

            Көрмелер тарихында алғаш рет әлемнің ең дамыған 35 мемлекеті көрме қалашығында өздерінің павильондарын сол мемлекеттің  тарихын, мәдениет және өнер саласындағы  жетістіктерін көрсететін жәдігерлер кеңінен көрініс  тапты. 

            Ғасырлар тоғысындағы көрмеде адамзат баласы қол жеткізген барлық жетістіктер үлгісі  паш етілді. Көрме жалауы желбіреген 7 ай ішінде әлем халқының көз алдында шын мәніндегі өнер, ғылым және техника  жетістіктерінің  айшықты шеруі салтанат құрды.

            Көрме қалашығы орналасқан Марс жазығында ғылым мен техниканың небір жетістіктері көрініс тапты. Мұнда кен игеру жұмысының, металлургия, машина жасау өндірісінің үлгілері, энергетиканың табыстары көрмеге келушілердің назарына ұсынылды.  Енді бір павильонда сәулет өнерінің жетістікері,  көлік және химия өнеркәсібінің  заттары қойылса, енді бір жерде тоқыма  және жібек маталардан тігілген ғасыр тоғысындағы ғажап киім үлгілері орналасты.

             Сондай-ақ көрме қалашығында жаңа  ғасыр басында әлемдегі білім беру саласында қол жеткізген жаңалықтар мен медицина саласында ашылған ғылыми ізденістер кеңінен таныстырылды. Көрме қалашығының  енді бір бөлігінде фотография, баспахана және сахна өнері жетістіктерінің жаңалықтары көрсетілді.

            Бұл көрменің осыған дейін өткен көрмелерден тағы бір ерекшелігі мұнда тауарды қайта өңдеу технологиясы көрермендерге кеңінен таныстырылды. Қайта өңдеу өнімдерін шығаратын машиналар мен жабдықтар көрермендердің көз алдында жаңа өнім түрлерін өндірді.  Сонымен бірге, техникалық жаңалықтар көрмесінде белгілі бір салада ашылған жаңалықтар шежіресі таныстырылды.

            1900 жылы Парижде өткен бұл  көрме туралы сол күндері жарық көрген «Технолог» журналы былай деп жазды:  «Автомобильдер аттарды айырбастап, қалалардың және деревнялардың өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Пайдалы  жұмыстың 15-20 пайызын ғана атқаратын бу машиналарының орнын жылу машиналары (дизель отынымен жүретін), электр жарығы майшам жарығын жаппай алмастырып, өндірістің барлық саласына кеңінен еніп барады.  Сымсыз телефон және телеграф, рентген аппараттары ғылыми жетістіктердің небір үздік  үлгілерін  көрсетуде».

            Бүкіләлемдік көрмелер тарихында алғаш рет Ресей 1900 жылғы көрмеге бұрын соңды болып көрмеген белсенділікпен  атсалысты. Сол бір жылдары Ресей мен  Франция мемлекеттері арасында қалыптасқан шынайы достық қарым-қатынастар Париж көрмесінде Ресей елінің өндірістік, ғылыми және өнер саласындағы табыстарын кеңінен таныстыруға  мүмкіндік берді.

            Көрме қалашығындағы Ресей мемлекетінің павильондары 24 мың  шаршы метр аумақты алып жатты.

Әзірлеген:  Б.Тлеухан.

 

 

 

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725576