Шипажайдың шарапаты мол
- Толығырақ
- Жарияланды 10.06.2019 08:25
- Автор: Super User
- Категория: Денсаулық
- Қаралды: 1627
07.06.2019ж
Аудан іргесінде тұрған шипажай туралы өңір халқы толымды ақпаратпен хабардар екендігі анық.
Десекте ауданымыз өркендеп, басқа өңірлерден келіп жатқан тұрғындар санының артуына орай емдік шипажай туралы толыққанды мәліметпен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
Жергілікті тұрғындар Жаркент ауданында орналасқан ыстық минералды су көздерін «Жаркент-Арасан»-деп атап кеткен. Бұрын-соңды белгілі болған Бурақожыр, Қу-Арасан бұл минералды көздерін жергілікті халық емі ретінде ежелден-ақ қолданған. Осы минералды сулар туралы мәліметтер Жаркент аумағынан тыс таралып кеткен. Бұл минералды көздерге жүздеген шақырымға шалғай аудандардың тұрғындары Жаркент-Арасандық минералды суларының көмегімен өз ауруларынан құтылу үшін емделуге келген. ХVII ғасырда қалмақ Галден-Церен тумендері Қазақстанның шығыс және оңтүстік аумақтарын жаулап алды. Қалмақтар «Қу-Арасан» емдік суының керемет күші туралы білген. Бұл жерде олар шамандардың қатысуымен жаппай серуендеу, жарыстар, күрес және би мерекелерін ұйымдастырған. Осы минералды көздерге құрбандық немесе сый әкелмеген адам бақытсыз, денсаулық және байлықтан, ал ең бастысы – «қуаты бар қасиетті көздердің» көмегінен айырылып қалатынына сенген.
«Жаркент –Арасан» шипажайы шатқалда, Бурақожыр өзенінің жағасындағы таулы жерлерде (теңіз деңгейінен биіктігі1100 м) кіші Жоңғар Алатауының сілемінде орналасқан. 1967 жылы ашылған, 305 орынға арналған шипажайда бес, үш, екі қабатты жатын корпустар бар. Мұндағы бөлмелерге бір-төрт демалушыға дейін орналасуға жағдай жасалған. Шипажайда бальнео және балшықпен емдеу, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж, парафиноаппликация, гинекологиялық, ішек, стоматологиялық суару кабинеттері, үстел теннисі стольдері жұмыс істейді. Сондай-ақ демалыс орнының аумағында мәдени-бұқаралық және спорттық ойындар үшін волейбол-баскетбол, теннис алаңдары бар.
Негізгі емі – құрамында радоны бар хлор-сульфат натрийлі минералды суы. Қан айналу, жүйке жүйесі, аяқ-қол, буын, тері және гинекологиялық ауруларды емдейді. Климаттық факторлар (таудың шипалы таза ауасы, өсімдігі, табиғат ландшафтысы) кеңінен пайдаланылады, физиотерапия, массаж, инемен емдеу, емдік дене шынықтыру қолданылады.
Сондай-ақ шипажай орналасқан орынның өзі ерекше әдемі. Атап айтқанда, оның орналасқан жері бұта өсімдігімен тығыз жабылған, көктемде долана, мойыл гүлдейді, нәзік жасыл тал, өрік, алма, терек, қарағаш және жабайы кипарис (арча), барбарис, ежевика мен эфирі бар дәрілік өсімдіктер өседі. Қысы жұмсақ, жазы қоңыржай, таулы жерге тән. Ауаның орташа температурасы қаңтарда –5°С, шілдеде 26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері700 мм.
Тағы бір ерекше атап өтер жәйт, ағымдағы жылдың 18-19 сәуір күндері Ақмола облысының Бурабай кентінде «Шипажай-2019» IV Халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті. Бұл форумда Қазақстандағы санаториялық-курорттық оңалтуды дамыту мәселелері талқыланды. Аталған форумды Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық Курорттық қауымдастығының қолдауымен және ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы төртінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Бұл Қазақстандағы оңалту және қалпына келтіру медицинасының жаһандық мәселелерін шешуге көмектесіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен мамандар келетін тұрақты халықаралық форум.
Биылғы форумның негізгі тақырыбы санаторлы-курорттық істегі медициналық оңалту болды. Италия, Германия, Чехия, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Литва, Ресей және Қазақстан елдерінің жетекші мамандары табысты ұлттық және шетелдік курорттар мен санаторийлердің тәжірибелерімен алмасты. Форум аясында қатысушылар реабилитология мен курортологияның басым бағыттарын, санаторлы-курорттық саладағы жаңа әзірлемелер мен инновациялық жобаларға қол жеткізуді, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытуды, санаторлы-курорттық қызметтер спектрін дамытуды, санаторлы-курорттық кешендер сервисінің сапа стандарттарын, ішкі туризмді дамытуды, медициналық туризмдегі маркетингті, санаторлы-курорттық ұйымдарды ұлттық және халықаралық аккредиттеуді, санаторлы-курорттық саланың ғылыми аспектілерін және басқа да өзекті тақырыптарды талқылады. Осы форумда «Жаркент-Арасан» шипажайы арнайы сертификатпен және «Санаториялық-курорттық сауықтырудың үздік технологиялары» атты «Алтын Дипломмен» марапатталды.
Бағдат БЕЙСЕНҚЫЗЫ.