ӘМСҚ денсаулық сақтау ұйымдарын қаржылық қиындықтардан қалай қорғайды
- Толығырақ
- Жарияланды 05.06.2020 05:55
- Автор: Super User
- Категория: Денсаулық
- Қаралды: 1008
05.06.2020ж
«ӘМСҚ» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы барысында ауруханалар мен емханалардың қаржылық көрсеткіштеріне валюта бағамының өзгеруі, іскерлік белсенділіктің құлдырауы, халық пен бизнестің кейбір санаттары үшін медициналық сақтандыру жарна/төлемдері бойынша шегерілулер қарастырылғандықтан және карантин тәртібінде медициналық көмектің кейбір түрлерінің қысқаруы әсер тигізгендігін мәлімдеді.
Қор басшысы «Аталған себептердің барлығы Қор қызметіне айтарлықтай салмақ түсірді. Осыған қарамастан, Қор медициналық ұйымдарды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында және азаматтардың медициналық қызметтерге қол жеткізу үшін дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырады. МӘМС жүйесіне түскен қосымша жүктеме жалпы 134 млрд-тан астам теңгені құрайды», – деп атап өтті.
Қор медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына талдау жасап, барлық медициналық қызмет жеткізушілерін шартты түрде төрт топқа жіктеді:
I - топ – жан басына шаққандағы қаржыландыруға негізделетін және орындалған қызметтердің көлеміне байланысты емес медициналық ұйымдар. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек (емханалар), жедел жәрдем, онкология, психиатрия, тубдиспансерлер және т. б. ұйымдары, сондай-ақ ұсынылатын медициналық көмек көлемін төмендетпеген медициналық ұйымдар. Олар бойынша қаржыландыру толық көлемде сақталады. Сондай-ақ, инфляцияны өтеу үшін екінші жартыжылдықта төлем тарифтерін арттыру жоспарлануда. Бұл топқа медициналық қызметтерді жеткізушілердің 80%-ы кіреді.
IІ - топ – бұл COVID-19 бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге жұмылдырылған және тиісінше жеткіліксіз қаржыландырудың ең аз тәуекелдері бар медициналық ұйымдар. Алайда, оларда жоспарланған медициналық көмектің өзге көлемін орындамау қаупі бар.
«Ал үшінші топ — карантинге байланысты көрсетілетін қызметтер көлемінің, оның ішінде жоспарлы емнің төмендеуін болжайтын медициналық ұйымдар. Осыған байланысты бірқатар іс-шаралар дайындалған: қосымша аванспен қаржыландырылды, аванс алу кестесі өзгертілді, сондай-ақ екінші тоқсанда орындалмайтын қаржыландыру көлемі 2020 жылдың екінші жартысына үлестіріліп бөлінді. Осылайша медициналық ұйымдар өздерінің жылдық көлемін орындай алады. Оған қоса инфляцияны өтеу үшін екінші жартыжылдықта көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу тарифтерін ұлғайтамыз.», – деді Айбатыр Жұмағұлов.
IV - топқа толықтай қаржыландырыла алмау тәуекелі бар консультациялық-диагностикалық қызметтерді көрсететін медициналық мекемелер жатады. Үшінші топқа қатысты қолдау шаралары екінші және төртінші топтарға да қолданылады.
Естеріңізге сала кетсек, 22 мамырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Қоғамдық кеңестің құрамына денсаулық сақтау саласының сарапшылары Мақсұт Құлжанов, Абай Байгенжин, Юрий Пя, Нұрлан Батпенов, Серік Ақшолақов, сондай-ақ саясаттанушылар, экономистер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен журналистер Айдос Сарым, Игорь Шахнович, Игорь Неволин, Расул Рысмамбетов, Расул Жұмалы, Марат Қайырбеков, Андрей Чеботарев және басқалар кірді.