ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ...

03.07.2020ж

Шілде айының 3-і күнгі статистикаға жүгінсек, әлем бойынша коронавируспен ауырғандар саны – 10984735, барлық өлім дерегі – 524036, жазылғандар – 6140649, осы күні ауырғандар – 4320050. Көріп тұрғандарыңыздай бұл бір күнге берілген мәлімет. Ал, күн өткен сайын өршіп, өлім дерегі артып отырған біздің елдің бүгінгі жағдайы өздеріңізге мәлім. Үйінде ауырып өзінше ем қабылдап жатқан халықтың санын қоссақ, қолымызды төбемізге қойып, дүрлігеріміз анық. Не істеу керек?

Біздің ауданымызда дәріханаларға кезек айтарлықтай көп емес. Бірақ, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде қарапайым 30 теңге болған масканы таба алмай, 150-ден жоғары бағаларға алғанымыз есімізде болар? Осы мақаланы жазу барысында қала ішіндегі біраз дәріханалардан аспирин пен парацетамол, «доктор мом» жақпа майы, құрамында витаминдері бар системаларға деген сұраныстың артқанынан аталған дәрі-дәрмектердің таусылғанын аңғардық. Ал үлкен қалалардағы дәрі тапшылығы мен ұзын-сонар кезектерді әлеуметтік желілер арқылы көріп-біліп отырған боларсыздар?! Ауруханаларда орын жоқ, кішігірім емдеу кабинеттерінде де кісі ығы-жығы. Ел табылған дәрімен өзін өзі емдеуге көшкен. Қарапайым тұмаудың белгісі болғанымен, COVID-19 екенін анықтау үшін сынама тапсыра алмай, сарсаңға түскендер де қаншама. Ал біздің еліміз секілді наурыздың ортасында алғашқы КВИ дерегі анықталған Түркия карантиннен енді ғана шыға бастапты. Онда ковид анықтайтын ПЦР тест құны біздің ақшамен 500 теңге. Наурыз айында алғашқы КВИ науқасы анықтала салып, маска киюді міндеттеген Чехия елі карантиннен шықты. Ол елде 12 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Ал бізде 42574 адам.
Қуанатын, той тойлайтын, жайбасарлыққа басып, аяқты аспанға салып жататын кезең еместігіне біздің халықтың көзі енді ғана жетіп жатқандай. Өйткені иіс сезу, дәм сезу, бастың ауыруы, әлсіздік, демнің тарылуы секілді белгілер көпшілігімізді айналып өте қоймады. 1-2 күн ауырып қайтыс болған туыстарымыздың саны да көбейді. Сонда ғана қарапайым қазағымыз вирустың барын мойындап, әрекет ете бастады. Күні кеше Үкімет басшылығы елде 2 апталық карантин режимін енгізді. Ендігі кезекте ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, төтенше жағдай режимін қатаң сақтау міндеті тұр. «Қамданған қапы қалмайды» дегендей, отандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ асып, коронавирус мәселесіне өте сергек, асқан жауапкершілікпен қарау керек. Қалай айтсақ та, коронавирустың қазіргі екпіні бүкіл елді шошытып отыр. Қамданбасақ болмас ағайын...
А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4739434