Ең бастысы – халық денсаулығы
- Толығырақ
- Жарияланды 17.07.2020 10:42
- Автор: Super User
- Категория: Денсаулық
- Қаралды: 1029
17.07.2020ж
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін тыңдадым. Мемлекет басшысы елдегі жағдайға аса мән беріп, халықтың қайғысына ортақтаса білді. Салмақты сараптама жасап, отандастарымыздың рухын көтеріп, жігерін жаныды. Адам баласы болған соң көңілге медеу болар ізгі пейіл күтетініміз жасырын емес. Сондықтан осынау сын сағатта ел президенті жұрттың арыз-шағымына түсіністікпен қарап, оның мәселесін шешуге даяр екенін танытты.
Халықтың күткені де осы болатын. Еңсесі түскен елдің алдағы күнге деген үміті жалғанды, үні билік басына жетті.
Бұл індетпен күрес барысында кез келген нәрсеге немқұрайлы, үстірт қарауға болмайтындығын уақыт анық көрсетті. Әсіресе «тас түскен жеріне ауыр», ең ауыр салмақ Денсаулық сақтау министрлігіне түсетіні рас. Дегенмен медицина, дәрі-дәрмек саласындағы іс-шараларды ушықтырмай, ақылмен ұйымдастыра отырып қиындықтан шығу – бәрімізге міндет.
Мемлекет басшысы дәрі-дәрмектің бағасын пайдакүнемдік мақсатта өсіріп, онсыз да қиын жағдайды белгілі бір мақсаттарға пайдалануға тырысқандардың тиісті органдар тарапынан қатаң жазаланатынын айтты. Жаһандық індетпен күресуде әрекетсіздік, шарасыздық, енжарлық танытқан жауапты тұлғалардың заң тұрғысынан жауапкершілігі жеке қарастырылатынын мәлімдеді. Сындарлы сәтте ішкі бірлігімізді сақтай отырып, кез келген кедергіден, қиындықтан саналы сабырмен, пайымды парасаттылықпен өтуге болатындығын ұқтырды.
Қазақстан халқына амандық тілеп, карантин шараларын қатаң сақтауға, ал тиісті мемлекеттік органдарды өз қызметіне қырағы жауапкершілікпен қарап, халықтың жағдайын жасауға шақырамыз, себебі біздің мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – халқымыз. М.ТӨЛЕГЕН.