ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ...
- Толығырақ
- Жарияланды 12.08.2020 10:02
- Автор: Super User
- Категория: Денсаулық
- Қаралды: 1108
007.08.2020ж
Қазіргі таңда елімізде ғана емес, бүкіл әлем мемлекеттерінде қалыптасып отырған күрделі жағдай жаһан жұртшылығын әбігерге салып, барша адамзаттың денсаулығына қауып төндіруде. Өкінішке орай, тұтқиылдан келген қатерлі індет жер жәннаты Жетісу өңірін, оның ішінде біздің ауданды да айналып өтпеді.
Дүниежүзін дүрліктірген жұқпалы дерт ел игілігі жолында жемісті еңбек етіп жүрген қаншама айтулы тұлғаларды арамыздан алып кетті. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, есімі бүкіл аудан тұрғындарына кеңінен таныс, қатарластарынан шоқтығы биік, мерейі үстем осындай азаматтардың бірі – Мұрат Мұхаметжанов ағамыз еді. Амал қанша, әлемді жайлаған аты жаман індеттің кесірінен осындай жаны жайсаң, мінезі байсалды абыройлы ақсақалымыздың жүрегі мәңгіге тоқтады, жарқын жүзін қара жер жасырды. Жазиралы Жаркент жұртшылығы өзінің ардагер азаматынан, ардақты тұлғасынан айырылды.
Мұрат Мұхаметжанұлы бүкіл саналы ғұмырын аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға арнаған тәжiрибелi дәрiгер, өз ісінің кәсіби біліктілігі жоғары майталман маманы және беделді басшы еді. Ол басқарған жылдары ауданның денсаулық сақтау саласы барынша өркендеп, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Аудандық емхана, терапия, балалар бөлімдерінің, перзентхананың жаңа ғимараттары салынып, дәрігерлік амбулаториялар ашылды, реанимация бөлімі ұйымдастырылды.
Ағамыз өзінің қызметтік міндетін абыроймен атқара жүріп, кейінгі толқынға ұстаздық мейірімін төгіп, соңынан көптеген білікті дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлерін тәрбиеледі. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен танылып, Қазақстан Республикасының Президентін сайлау кезінде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының қоғамдық штабын басқарды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына, оның ішінде денсаулық саласының дамуына сіңірген еңбегі атаусыз қалған жоқ. Әр жылдары жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталып, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Артына өшпестей із қалдырған, көпке сыйлы осындай ардақты азаматтың бұл қазасы барлығымыз үшін орны толмас үлкен жоғалту болды. Алайда «Жақсының аты өлмейді» дейді бабалар нақылы. Халқына қалтқысыз еңбек еткен ел ағасының өнегелі өмірі мен азаматтық тұлғасы, жарқын бейнесі жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Мұрат Мұхаметжанұлының өмірден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстары мен ұрпақтарына аудан әкімдігінің атынан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Марқұмның жаны - жәннатта, тәні - рахатта болсын!
Ел-жұрты, бала-шағасы аман болсын!
Т. ӨМІРӘЛИЕВ,
Панфилов
ауданының әкімі.
Е. ШОҚПАРОВ,
Панфилов аудандық мәслихатының
хатшысы.