Ары да, жаны да таза жан еді-ау...

28.08.2020ж

Ауданымыздағы дүйім жұртқа есімі таныс, өңіріміздің жоғары санатты білікті дәрігері Мұрат Мұхаметжанұлы өмірден өтті деген суық хабарды естігенде, жүрегімді алай-дүлей күй кешіп, құлазып қалдым. Жаны жайсаң, жақсы адамның өмірден өткеніне сенгім келмеді, «қой, бекер шығар» деумен болдық.

Бірақ, тағдырдың алдында соншалықты дәрменсіз екендігімізді тағы бір мәрте мойындадық. Жүрек түбінде үлкен өкініш қана қалды.
Әлемді шарлаған мына бір індет қабырғамызға қатты батты. Еліміздің қаншама аптал азаматтары мен өрімдей ұл-қыздарымызды ортамыздан жұлып әкетуде. Ешкімді жас-кәрі деп таңдап жатқан жоқ. Мір мезетте ойланбастан ортамызды ойсыратып барады. Өте өкінішті әрине. Ортасына сыйлы, ісіне адал, жаны да, ары да таза Мұрат Мұхаметжанұлының да осы бір аты атауға қорқынышты індет салдарынан ортамыздан кеткенін ойлағанда тіптен өкініш өзекті өртеп барады.
Мұрат Мұхаметжанұлы туралы айтар болсам, оның шын мәнінде ауданымыздың медицина саласында ойып тұрып алған орны бар азамат еді. Аудан дамуына, өңірдегі халықтың денсаулығының жақсаруына қосқан үлесі қомақты. Өзінің жарты ғұмырын осы салаға арнаған жанның атын әспеттеуге әбден лайықтымыз. Өйткені өмірде тек қана халық ортасында болып, оған қалтқысыз қызмет еткен Мұрат Мұхаметжановтың қадыр-қасиетінің мол екенін кім білмейді? Оның жақсылыққа жаны құмар, үлкенге іні, кішіге ақылшы аға бола білген қарапайымдылығы мен кеңпейілділігі, мейірімділігі мол болғанын оны танитын жанның бәрі бірден мойындайтындығы анық. Ортасындағы сый-құрметі оның кісілік келбетін одан әрмен арттыра түсіруші еді. Ол әрдайым адал дос, жолдас, сырлас әрі қамқор, үлкен жүректі, ой-өрісі кең, жарқын жүзді асыл азаматтардың бірі әрі бірегейі бола білді.
Сан тараулы жолы бар, қиындығы мен қызығы қатар жүретін медицина саласын таңдап, осы жолда өмірінің соңына дейін адал да абыройлы қызмет еткен Мұрат Мұхаметжанұлы үнемі білімін жетілдіруден жалықпайтын. Әрдайым ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгерген. Оның кәсібилігі мен асқан біліктілігі, науқастарға деген адамгершілігі жүздеген өмірлерді сақтап қалуға септігін тигізді. Мықты дәрігер өз саласын шебер меңгерген. Шет елде болса мұндай білікті мамандар миллиондап табыс табады. Бірақ, Мұрат атақ-даңққа, ақшаға құмартпады. Ол үшін шын бақыт – алдына көмек сұрап келген науқас адамға қол ұшын беріп, өзінің септігі тигені еді. Аудан тұрғындары сонысымен де сыйлайтын асыл азаматымызды. Оның қазасы біздің аудан медицинасы үшін орны толмас үлкен қайғы. Мұратсыз медицина ойсырап қалғандай көрінеді маған. Өйткені, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлермен қатар бүгінде медицинамызды білімсіздік, ашкөздік, жауапсыздық жайлап барады. Бұл да жанға қатты батады.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлері - тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті емес пе?! Ендеше тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білген Мұраттай нар тұлғаның қазасы баршамызға ортақ. «Өлді деуге сыйа ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», демекші Мұраттың есімі аудан жұртшылығының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Ұйғыр этномәдени орталығы атынан аптал азматтың отбасына, туған-туыс, замандас достары мен барша жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Ризайдин АЙСАЕВ,
Панфилов аудандық ұйғыр этно-мәдени
орталығының төрағасы.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4738369