2020 жылы МӘМС бойынша жалпы құны 41,6 млрд теңге тұратын 10 мыңға тарта қымбат ота жасалды
- Толығырақ
- Жарияланды 02.03.2021 04:22
- Автор: Super User
- Категория: Денсаулық
- Қаралды: 939
02.03.2021ж
2020 жылы МӘМС бойынша медициналық көмекке 357 млрд теңге жұмсалды, деп Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Басқарма Төрағасы Болат Төкежанов хабарлады.
МӘМС бойынша қосымша 100 млрд теңгеге тарта қаражат 67 млн консультативтік және диагностикалық қызметті қаржыландырды, оның ішінде - 25 млн бейінді мамандардың қабылдауы, 5 млн диагностикалық зерттеу, 7 млн стоматологиялық қызмет, 10 млн процедура мен манипуляция, 337 мың жоғары технологиялы зерттеу, мысалы КТ және МРТ.
МӘМС енгізілгелі бері амбулаториялық деңгейде дәрілік көмектің де қолжетімділігі артты. Бұрын пациенттер 45 дерт бойынша препараттар ала алатын болса, қазір 138 ауруға байланысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
2020 жылдың қорытындысына бойынша Қор активі есебінен еліміздің стационарларында жоспарлы түрде 1 миллионан астам пациент емделді, бұған 170 млрд теңге жұмсалды.
Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы емдеуге жатқызуға кезектіліктің төмендегені байқалды. Пациенттердің шамамен 86%-ы бір күннен 10 күнге дейін ауруханаға жатқызуды күтті, пациенттердің тек 5%-ының күту мерізмі бір айдан асады. 2019 жылы пациенттердің 12% бір айдан астам күту парағында тұрды.
2020 жылы әрбір төртінші жүкті әйел медициналық сақтандыру қаражаты есебінен босанды: 37 млрд теңге сомаға 346 мың босандыру қызметі атқарылған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген ота саны артып отыр. Жоғары технологиялы медициналық қызметтің көмегімен МӘМС бойынша қосымша 9,3 мың ота жасалып, оған 41,6 млрд теңге жұмсалды. Кардиохирургиялық ота 3,2 мың пациентке жасалса, нейрохирургиялық ота (нейронавигациялық жүйе қолданылған) – 1,5 мың адамға, ортопедиялық ота – 504 пациентке жасалды.
МӘМС енгізілгелі бері медициналық оңалту да дами бастады. 2020 жылы бұл бағытта 31 млрд теңге жұмсалған. Күндізгі стационарларда 25 мың пациент оңалтудан өтсе, тәулік бойғы стационарларда – 132 мың адам, оның ішінде созылмалы дертке шалдыққан 32 мың бала. Амбулаториялық-поликлиникалық деңгейде халыққа 2,8 млн оңалту қызметі көрсетілді.
Оңалту қызметтерінің басым көпшілігі 2020 жылдың соңғы тоқсанында көрсетілген, мұнда Covid-19 және коронавирустық инфекциямен ауырған пациенттер де қамтылды.
«МӘМС арқасында медициналық оңалту дами бастады, ол Қарағанды облысында МӘМС-дың алғашқы жобасы аясында сынақтан өткен болатын. 2021 жылы оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе, 55,8 млрд теңгеге дейін артты. Бұл жаңа оңалту орталықтарын, медициналық ұйымдарда оңалту бөлімдері мен кабинеттерін ашуға серпін берді. Биыл бұл қызметті ұсынушылар 2019 жылмен салыстырғанда 20 есе көбейді - 64-тен 1298 медициналық ұйымға дейін», - деп атап өтті Болат Төкежанов.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы