Баланы емізген дұрыс па? – мамандар түсіндірді
- Толығырақ
- Жарияланды 02.08.2023 09:44
- Автор: Super User
- Категория: Денсаулық
- Қаралды: 462
2023-08-02
Кезекті баспасөз мәслихаты ана мен денсаулығы тақырыбына арналды.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының педиатр-дәрігері Мақпал Қамбарбекованың айтуынша, баланы ана сүтімен тамақтандыру – сәби үшін ең маңызды кезең.
«Ана сүті баланы алғашқы 6 айда қажет болатын барлық дәрумендермен (май қышқылдары, ақуыздар, темір және т.б) қамтамасыз етеді», – деді дәрігер.
Маманның сөзінше, жасанды сүт ішетін нәрестелерге қарағанда, емшек сүтімен тамақтанатын бала 2 есе аз ауырады. Сондай-ақ 6 айлық балалардың диареядан шетінеу ықтималдығы 25 есе аз екенін айта кеткен жөн.
Дәрігерлер ана сүті түрлі функцияны атқаратынын да алға тартады. Мысалы:
• Ана сүті несеп шығару жолдарының инфекциясынан қорғайды;
• I типті қант диабеті және ас қорыту жолының қабынуы сияқты аурулар азаяды;
• дені сау баланың мезгілсіз шетінеу қаупі азаяды және т.б.
«Екі жасқа толған баланы күз не қыс айларында емшектен шығару қажет. Бұл кезде баланың тамағы құнарлы және әртүрлі болғаны жөн. Қант қосылған ірімшік, қаймақты көбірек беру керек. Жазда емшектен шыққан бала іші өтіп, ауырып қалуы мүмкін», – деді Мақпал Қамбарбекова.
Статистикаға сүйенсек, биыл Алматы облысында 15 мыңнан астам, ал облыс орталығында 720 нәресте өмірге келген.
Айта кетейік, елімізде жыл сайын тамыздың 1-і мен 7-сі аралығында «Ана сүтімен тамақтандырудың маңызы» тақырыбында апталық өтеді.
Арай Мырзабекова