Дәрігер бар Жаркентте Гүлмира деген

    «Алдымен - Алла, сонан соң доғдырдың  арқасында аман қалдық қой...» Ата-апаларымыздың өстіп ризалықпен айтқандарын естіп өскен баламыз ғой. Ақ желеңді абзал жандарға деген құрметіміз сол шикі өкпе шағымызда-ақ санамызға сіңіп қалса керек. Сондай-ақ,  титтей  теріс қылық жасасақ «Қазір доғдыр шақырам, өкіл салады» деген   тыйым сөздер де  көкейімізге  ұялап  қалған-ау,  бала  кездегі кейбір көріністер әлі күнге дейін көз алдымнан  кетпейді:

бастауыш  сыныпта  оқып жүрген кезіміз. Үздік оқыған соң әжептәуір лауазымым бар - «класскоммын». Сынып жетекшісінен кейін кластастарымды тәртіпке шақыруға тиісті «тұлғамын». Бірақ, неге екенін білмеймін,  «дәрігер келеді» (кейінірек ұқсақ, олар денсаулығымызды тексеруге, «манту» салуға келеді екен ғой) десе, ең  алдымен өзім   мектептен  қашып кететінмін ...  Ес кіріп,  есейе бастаған  кезде сол әбес әрекеттерімізді еске алып,   еріксіз күлетінбіз. Оның үстіне өмір-шіркін де  өз заңдылығымен үстемдік жасап,  соқтықпалы-соқпақты   сүрлеуіне түсірді.   Бала кезде   дәрігер атаулыдан ат-тонымызды ала қашып, безіп  кетсек, қазір  анда-санда «әке-көкелеп»   артынан  қалмайтынымыз да рас.   Қайтеміз, бас ауырып, балтыр сыздайды.   Кейде тосыннан келген табиғи сырқат қинайды,  кей ауруды «сатып алатынымыз» да бар.  Ойпыр-ай,  сондайда жаныңды түсініп,  дертіңе дауа бола алатын    дәрігер кездессе   ғой...  

                Бақытымызға орай,  ондай «ақ желеңді абзал жан»  деген атқа  толық  лайық   дәрігерлер де баршылық.     Солардың бірі  -  Панфилов аудандық емханасының   терапевті   Гүлмира Тұяқбайқызы МЕДЕБАЕВА. Алғаш көрген жанға кескін-келбеті сәл-пәл қаталдау көрінгенімен, жан-дүниесі - нағыз емдеушінікі.  Суыртпақтатып сауал қоя отырып, бүкіл   жан   сырыңды - тән сырқатыңды  сығымдап  суырып алады. Соған орай, дәл диагноз қойып, дертіңнің дауасы  болар жолын айтады.   Оның  қарамағындағы  10-телімде 2355 қала тұрғыны бар екен.  Соның бірнешеуі -  біздің отбасы мүшелері.   Еңбектеген сәбиімізден - елуді еңсерген егдемізге дейін күнделікті өмірімізді Гүлмирасыз елестете алмаймыз.  Сәл  шікірттеніп, түшкіре қалсақ та ойымызға оның есімі орала кетеді.  Қасындағы    мейірбикелері Айгүл мен Дана  да -  өзіне  лайық мамандар. Үшеуінің ем-домы өз алдына,  бара қалғанда ілтипатпен қарсы алып, жай-күйіңді   жылы сөзімен жайғайтыны қандай жақсы!  Бірден айта кетейік: бұл – тек біздің ғана ойымыз емес. Емхананың дәлізінде кезек күтіп тұрғанда  көптеген емделушілерден естіген  лебіздерінен де – түйгеніміз   осындай жақсы  да   жағымды пікірлер.  Олардың арасында ауданымызда тұратын әр алуан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері  бар. Айтпақшы, «Кейде ғайыптан тайып үлкен той-думан үстінде  «диета» бұзып қоятын кезіміз болады. Сонда  Гүлмираға бауыр басып алғанымыз соншалық,  бір шетте ол қадалып  қарап тұрғандай  «селк» ете қалатынымыз бар» деп еді бір жақсы танысым.  Бұл да - телімдік терапевтіміздің тұрғындарға қаншалықты қымбат, соншалықты сүйіспеншілікке ие екендігін айғақтайтын дәлел.

                «Аш адам - тырысқақ, ауру адам - ұрысқақ» деген мәтел бар. Алдына келген сан алуан  мінезді адамның тілін тауып, сырқатына сеп болар уәжді айта білу де – оңай емес-ау. Кей сырқат адам сәл артық сөз айтсаң, түп-тұқияныңды түгендеп, білетін бүкіл «сюрприз - сүр призін» төбеңнен төмен қарай сорғалатып құйып беретіні сөзсіз. Мұндайға, әрине, жүйкесі темірдей психологтар ғана шыдайтын шығар.Таяуда ғана Гүлмираның бір пациентті қабылдап отырған сәтіне куә болдым. Жасы - алпысты алқымдап қалған азамат.  «Ұйықтай берем, ұйықтай берем...» дейді әлгі өрепкіп. «Аға, Сіздің жасыңыздағылар ұйқыдан маза кетті» деп шағынады. Мынандай жағдайыңызға шүкіршілік етпейсіз бе?» деп әзіл-шыны аралас жауап бере отырып, емделудің епті жолын айтып берді оған. Сөйтіп, сол сәтте  Гүлекеңнің тек дәрі-дәрмек арқылы ғана емес, жылы сөзімен де жан-тәннің дауасын таба білетініне тәнті болдық. Бұл да бір өнер ғой.  «Өнер» демекші, әсем әуенді естігенде елтімейтін қазақ бар ма? Оның ырғақты биге  де үйлесімді қимылмен қозғалатын шеберлігін де көріп, көз қуантқан кезіміз  болған. Жалпы, «Талантты адам қандай салада да талантты» дегенді естуіміз бар еді.  Қолының шипалығы өз алдына, өнерге  деген ілтипаты, жан дүниесінің тазалығы,  көңіл көкжиегінің кеңдігі - Гүлмираның «Адам жанының арашашысы» деген ардақты атқа нағыз лайықты екенін көрсетсе керек.

                Гүлмираның дәрігер ретінде мұндай құрметке бөленуі – табиғи заңдылық  болып шықты. Әкесі  Медебаев  Тұяқбай  Құрамысұлының мамандығы да   дәрігер екен. Кезінде  есімі күллі елге белгілі академик Төрегелді Шармановпен  бірге қызмет етіпті. Жезқазған облысының  Ұлытау ауданында дәрігер-хирург, аудандық  санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің бас дәрігері,    Жезқазған қалалық  ауруханасының лор дәрігері қызметтерін атқарған. 

                Әке жолын қуған Гүлмира 1985 жылы    Жезқазған қаласындағы  №8 орта мектепті бітірісімен қалалық аурухананың хирургия   бөлімінде екі жыл бас тазалықшы қызмет атқарған. Сонан соң 1987-1994 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының  емдеу ісі факультетінде білім алған.  Жоғары оқу орнын бітірісімен ауданымыздың терапия бөлімінде терапевт, Еңбекші ауылдық дәрігерлік амбулаториялық меңгерушісі, 2001-2007 жылдары Жезқазған қаласы дәрігерлік амбулаториясының дәрігері қызметтерін атқарған. 2007 жылдың сәуір айынан бері аудандық емхананың телім   терапевті.

                Гүлмира Тұяқбайқызына деген ел-жұрттың ықыласын оған берілген  ресми  диплом-грамоталар да еселей түседі.  Аудан тарапынан оның отбасына Жаркент қаласынан  ипотекалық үй    берілуі де  - дәрігерлік беделінің биіктігін байқатса керек. «Отбасы» демекші,  дәрігер әкесінің    тағылымды жолын   өмірлік бағдар еткен Гүлмираның анасы Әдиша Мағзұмқызына   деген сүйіспеншілігі де өте   шексіз.   Ұзақ жылдар   товаровед болып   қызмет еткен   аяулы анасының  тәлім-тәрбиесі  өмірлік тәжірибе   болғанын ризашылықпен айтады.  Өз ісінің майталманы Гүлмираның   отбасы да – өнегелі.  Жұбайы Махамбет Үсенов екеуі Махаббат, Альмира атты  құлпырған қызғалдақтай қыздары мен Аян сияқты алтын асықтай ұлын   қоғамға  лайық азамат етіп  тәрбиелеп келеді.

Нұр ӘДІЛ,

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі.

 

Суретті түсірген

Ж. БЕЙСЕБЕК.                     

 

Күнтізбе

« Маусым 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net