Туберкулездің алдын алу

Аурулардың алдын алу қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың  маңызды міндеттерінің бірі болып табылады, ол бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен МӘМС жүйесінде белгіленіп отыр. МӘМС шеңберінде алдын алу шаралары кеңейтілетін болады,  2020 жылға қарай сатып алынған қызметтердің 40%-ын амбулаторлық-емханалық көмек құрайтын болады.

 

                Әлемде жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен белгіленген бұл күн жыл сайын әртүрлі ұранмен өтеді. Биылғы науқан "Туберкулезден азат әлемнің көшбасшыларына іздеу саламыз! Тарихты жасауға үлес қос. Туберкулезге жол жоқ" (Wanted: Leadersfor a TB-FreeWorld. Youcanmakehistory. End TB) деген ұранмен өтпек.

                Туберкулез – бактерия арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Қоздырғышы - микобактериялар немесе бәріміз білетін "Кох таяқшалары". Кох таяқшасы адам организміне жат микроорганизм болғандықтан, микроб сау ағзаға түскен кезде иммун жасушалары оған шабуыл жасап, көбеюіне жол бермейді. Ауру: иммун жүйесі нашар болған жағдайда (антиденелер түзілуі бұзылса, иммун тапшылығы жағдайында, өзге аурулар салдарынан организмнің қорғаныс күші бұзылса, жасына немесе тұрмыстық-әлеуметтік факторлар салдарынан тиісінше жұмыс істемейтін болса) және туберкулездің ашық формасымен ауыратын және тиісінше ем қабылдамаған науқаспен, қоздырғышпен ұзақ уақыт бойы байланыста болған жағдайда ғана өршуі мүмкін. 

                Ауру көбіне ауа арқылы таралады. Кейде ауруға шалдыққан ірі қара немесе азық-түлік арқылы (өңделмеген сүт өнімдері) жұғуы мүмкін.

Туберкулез белгілері бірден пайда болмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай: тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер пайда болады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет.

                Иммунитеті әлсіз адамдар үшін ауру жұқтыру қаупі жоғары. Ал, иммунитеттің әлсіреуіне шаршап-шалдығу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қорғаныс жүйесі жұмысының бұзылуына әкеп соқтыратын басқа да аурулар себеп.

                Ресми статистикаға сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 17 мың 444 пациент диспансерлік есепте тұрған. Алматы облысында тіркелген пациенттердің саны - 1591.

Жаңа туған нәрестелерге перзентхана қабырғасынан шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Міне, туберкулезге қарсы вакцина осы. БЦЖ құрамында (сиырдың) әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін көбейіп, органдар мен тіндерге орналасады, сол арқылы иммунитет қалыптасады. 

                Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы адамды ұзақ уақыт бойы құрт ауруынан қорғайды. Бірақ 7 және 14 жаста вакцина тағы салынды. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту - вакцина емес, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс. Ал, ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скрининг (флюорография) жасап тұруы тиіс.

                Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 млрд теңге бөлінді.

                Ең бастысы - туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2000-2016 жылдар аралығында диагностика мен ем-домның арқасында 53 млн адамды өлімнен арашалауға мүмкіндік туды.  

                Туберкулездің кәдімгі түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде іске асырылып жатқан ауруды біріктірілген бақылау стратегиясы туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың өз емханасында амбулаторлық режимде ем қабылдауына мүмкіндік береді.

Алдын алуға, толық емдеп жазуға бола тұра, бүгінгі таңда туберкулез ең қауіпті инфекциялар қатарынан түспей келеді. Эпидемияны толық ауыздықтауға дәрі-дәрмекке төзімді "ақылды" бактериялар, әлемнің кейбір елдеріндегі тұрмыстың төмендігі және қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.

                Әлемдік ғылым мен ДДСҰ-ның асыл мұраттарының бірі - туберкулез эпидемиясын 2030 жылға дейін тұп-тамырымен құрту болып табылады. Оған біз де үлес қоса аламыз. Ол үшін не істеу керек? Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Бірақ жер шарындағы адамдардың жартысынан астамы денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны рас. Денсаулықты одан айырылып қалғаннан кейін емес, жастайынан күту қажет. Дені сау азамат болу үшін денеңді, ақылың мен жаныңды күту ережелерін білу жеткілікті. Себебі, адам организмі - өз заңдары бойынша жұмыс істейтін механизм. Таза ұстаса, тәртіп сақталса ол бұзылмайды.

Азаматтарымыздың басым бөлігі ауырмаса дәрігерге қаралмайды. Қазақстанда пациенттердің 70 пайызы - ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келгендер. Шын мәнінде, оның бәрінің алдын алуға болады. Медицинада туберкулездің алдын алу үшін тұрақты тексерілу қажет. Қазақстандықтар бұл қызметтерді тегін пайдалана алады және олардың бәрі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді:

-               БЦЖ екпесі - туғаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде;

-               БЦЖ-ны қайта егу - 7 және 14 жаста; 

-               Флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет);

-               Дәрігердің тағайындауы бойынша: өкпені рентгенге түсіру;

-               Терапевке қаралып, профилактикалық тексеруден өту.

Бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жеке меншік клиникаларда да тегін емделуге болады. Қордың базасындағы клиникалар тізімімен https://fms.kz/ru/content/perechen-postavshchikov-gobmp сілтемесі бойынша танысуға болады.

М.Клян,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»   КЕАҚ Алматы облысы

бойынша филиалының

халықты ақпараттандыру және өтініштерді  қарастыру бөлімінің сарапшысы.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725826