Алматы облысында ардагерлер арасында воллейболдан турнир өтеді
- Толығырақ
- Жарияланды 27.11.2019 03:35
- Автор: Super User
- Категория: Спорт
- Қаралды: 1630
26.11.2019ж
28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Талдықорған қаласы «Жастар» спорт сарайында волейболдан ардагерлер арасында «Жетісу Кубогы» ІІІ Халықаралық турнирі жалауын желбіретеді. Бұл туралы «Jetisu Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихаты барысында белгілі болды.
Жарысқа Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің Тыва, Бурятия, Татарстан елдері және Орынбор қаласы құрама командалары қатысады деп күтілуде.
Кеңес үкіметінің кезінен кәсіби түрде воллейболмен айналысып келе жатқан спортшылар бұл жолыда жеңіс тұғырынан көрінеміз деген ниетте.
«Ардагерлерден құралған команданың ең жас мүшесі 40 жаста. Соған қарамастан тартысты додада спорт сарайының шаңын шығарып ойнауға дайын. Жеңістің тәтті дәмін татуға ең алдымен жанкүйерлердің қолдауы себепкер болады. Жерлестер қолдаса, біз аянып қалмаймыз дейді»,- "Жетісу" волейбол командасының жетекшісі Асқар Тыныштықұлы.
Жарыс бағдарламасына сәйкес 28 қараша күні командалар Талдықорған қаласына келіп, қонақ үйге орналасады және мандаттық комиссиясынан тіркеуден өтеді.
29 қараша күні іріктеу ойындары басталып, сағат 12.00-де жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтеді. 30 қараша күні іріктеу ойындары аяқталады. 1 желтоқсанда сағат 12.00-де финалдық ойын болып, жеңімпаздарды марапаттайды.
Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынға 1 млн. теңге, 2 орынға 700 мың теңге, 3 орынға 500 мың теңге сонымен қатар өзге номинация иегерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Айта кетейік, байрақты бәсекенің өтуіне Алматы облысы әкімдігі мұрындық болып отыр.
Анар Сабырова