Дүбірлі додада топ жарды

13.08.2021ж

Бұрынғы уақытта қойдың құмалағы арқылы ойналатын бір ойын пайда болған екен. Ата-бабаларымыз сол ойынды ойнау үшін жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасапты.Сосын қойлардың құмалағын кептіріпті.

Дайын болған 162 құмалақты тоғыз-тоғыздан шұңқырларға салыпты. Осылайша қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ пайда болған екен. Ежелден келе жатқан аңыздарға сүйенсек, бұл ойынды шопандар ойлап тауыпты және ол мал бағатын көшпелі халықтың сүйікті ойыны болған.
Бүгінде осы қазақтың ұлттық ойыны жоғары деңгейде насихатталып, еліміздің көптеген аймақтарында түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Сол секілді жуырда Қапшағай қаласында өткен облыстық «Ақ бидай-2021» ауыл спорты ойындарында жерлесіміз Бекжан Осан топ жарып, алтын алқа тақты.
Жарысқа жалпы саны 8 команда қатысып, тартысты бәсекенің көркін қыздыра түсті. Кіл мықтылар бақ сынаған интеллектуалдық сайыста Б.Осан жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырынан көріне білді.
Осындай тағылымы мен тәрбиесі мол ұлттық ойынымызды «Е.Сыпатаев атындағы орта мектептің» мұғалімі Халық Бөгенбаев бірінші болып ауданымызға әкеліп, әрі оны кеңінен насихаттап келеді. Халық ағайдың ауданымызда тоғызқұмалақтың дамуына сіңірген еңбегі зор. Соның бірден-бір дәлелі - жуырда өткен жарыста Б.Осанның алтыннан алқа тағынуы.
Адамнан төзімділік пен табандылықты, жылдамдық пен ұшқырлықты талап ететін интеллектуалдық ойынды кеңінен насихаттап, абыройымызды асқақтатып жүрген Халық ағайды және дүбірлі додада топ жарған Б.Осанды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Әрқашан осылай ауданымыздың абыройын асқақтатып, үлкен жетістіктерге жете беріңіздер!
Б.КЕҢЕСБАЙ.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4810435