БЕСТЕМШЕ ОЙЫНЫНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОРНЫ

2023-04-14


 

Еліміз тәуелсіздік алып, рухани жаңғыру жолына түсті. Ата-бабадан бүгінгі ұрпаққа мұра болып жеткен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, оларды терең зерттеп, кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі басты міндеттердің бірі – ұлтжанды, елін сүйетін, халық дәстүрін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен азамат тәрбиелеу болып табылатыны анық. Ал, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірудің бір жолы – халқымыздың бай ұлттық мұрасын, оның ішінде ұлттық ойындарды насихаттау болып табылады.Қазіргі таңда көп ұлттық ойындар ойналмай ұмытылып қалды. Қазақ халқының ұлттық зияткерлік ойындарының бастысы да, үзіліссіз ойналып келген түрі  - тоғызқұмалақ. Бұл ойын ойнаушы талғамайды: бала да, жас та, кәрі де, ер бала да, қыз бала да ойнай береді. Алайда, тоғызқұмалақтың күрделілігі қанша дегенмен балдырғандардың ойлау жүйесіне салмақ салады. Бұл ойынның барынша қарапайым жеңіл түрлері бар, ол - бестем (бестемше). Бестемше ойынын тоғызқұмалақ ойынын үйренудің алғашқы сатысы деп таныстырсақ та болады. Ойынның пайда болу мерзімі 4 мың жылдық мерзімді қамтиды. Бұл ойынға ұқсас ойындар Қырғызстан, Индонезия, Вьетнам, Малазия, Марокко және Түркияда кездеседі.  

 


    Ойындарының тарихы 4 мыңжылдық кезеңді қамтығанымен, нақты жазба деректерінің болмауы кесірінен ойынның хронологиялық кезеңдері бірізді емес. Ауыз әдебиеті үлгілері мен аңыз-эпсаналарда ғана тоғызқұмалақ туралы мәліметтер бар, бестемше туралы жоқ. Ең алғашқы жазба әдебиет үлгісі ретінде Махмуд Қашғаридің Диани Луғатит-ат-турк шығармасын айтуға болады.   Шығарма ХІ ғасырда жазылған. Осы еңбекте Бестемше ойынына ұқсас ойын – «көшүрме» деген атпен ұшырайды. Бестемше туралы мәліметтер өте аз. Ойын туралы «Қазақ тілінің түсіндірме» сөздігінде былай делінеді: «Тоғызқұмалақ ойынының бірнеше түрі бар. Оның балаларға арналған қарапайым,түрлерін «қоздату»,«б е с т е м ш е» деп атайды (Ө.Жолымбетов, Айгөлек, 46 ). Қазақ ұлттық энциклапедиясында «Бестемше тоғызқұмалақтың шағын түрі» - деп сипаттама берілген.
     Бұл халықтық ойын. Бестем немесе бестемше аталатын ойынның қазақ халқында барын іздеп тауып, ережесін қалпына келтірген зияткерлік ойындарды зерттеуші, ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы, спорт шебері, математик Серікбай Тілеубаев екенін атаған абзал. Аталған ойын туралы, тарихы, ережелері, сондай-ақ тоғызқұмалақ ойыны жайында толығырақ Серік Ерғалидың «Қазақы зияткерлік ойындарды жасөспірім логикасын дамытуға пайдалану» атты кітабынан оқи аласыздар.
 Қазіргі таңда қолданылып жүрген бестемшенің тақтасының дизайнын жақын жылдары осы ойынды зеттеуші ғалымдар киіз үйдің сұлбасына салып жасап шыққан, негізінде бестемше ойыны әуелде таста ойналған.
      Қазіргі қолданыстағы  тақта  шағын, ағаштан жасалғандықтан еш зияны жоқ, табиғи, бояусыз, өзіңмен алып жүруге өте ыңғайлы түрде ұсынылып отыр.  
     Ойынның ережелері өте қарапайым,  ережелердің барлығы біздің көшпенді ата-бабаларымыздың болмысын саралап, пайымдап өздерінің көзқарастарын осы ережелерге сыйдырып берген. Мысалы  жүріс тек солдан оңға қарай жүреді, біздің халқымызда ісің оңға бассын деген сөз бар, тіпті атқа оң жағынан келіп мінетін болған, сыйырды оң жағынан отырып сауған,  тамақтанғанда оң қолымен ас ішуі секілді менталитетіміздің элементтері бар,  жүріс барысында құмалақтың біреуін орнына қалдырамыз, қалған құмалақтарды жүреміз, бұл жерде біздің «Қара шаңырақ» ережесі көрініс табады. Ол дегеніміз біздің дәстүрімізде  отауда, қара шаңырақта ата-анасына қарап бір баласы сол отауға ие болып қалатын болған, сол дәстүрдің көрінісі бар.  Тағы жүріс барысында соңғы түскен ұяшықтағы құмалақ саны  жұп болса оны өз қазанымызға саламыз, себебі жұп болған жағдайда ғана біз өсеміз, өнеміз деген мағынаға сыйдырған.  
    Бестемше ойыны– математикалық есеп ойыны. Жүрістерді алдын-ала ойлау, есептеу, қиялдау – оның негізгі өзегі. Сондықтан ойыншы ойынды үйрену барысында оның бойында стратегиялық және жүйелі ойлау қабілеті қалыптасады. Бұл кез-келген салада болашақта керек, себебі алдын-ала жоспарлау, алдын-ала ойлау, ойлаған мақсатқа жетудің басты әрі алғашқы қадамы. Сонымен қатар, бұл ойын ойыншыны дербестікке, өзі шешім қабылдауға машықтандырады. Жеңіске жету үшін ойыншы алдын ала стратегия, жоспар құруды үйреніп, жоспар құру барысында егер дұрыс емес деп санаса сол жоспардан бас тартуды, жаңадан басқа жол іздеуді үйренеді. Егер  шешімді қабылдау барысында қателескен жағдайда, ойыннан жеңіліс тапса жеңілісті мойындауға, дұрыс қабылдауға тәрбиеленеді. Жоспарды жүзеге асыру үшін ойыншыға жүрістерді есте сақтау қажет болады, ойыншының біздің жағдайымызда баланың назарын шоғырландыру арқылы зейіні дамыйды, есте сақтау қабілеті артады, алдындағы ақпаратпен дұрыс жұмыс жасау машығы қалыптасады. Кейіннен балада жеңіске деген құштарлық пайда болады, осы арқылы бәсекелестікке қабілеті артады. Қол моторикасы дамыйды. В.А.Сухомлинский «Бала қабілетінің қайнар көзі – оның саусақтарының ұшында» - екендігін жазған. Ұсақ моториканы дамытудың баланың жалпы дамуында алатын орны ерекше. Баланың ұсақ моторикасын дамыту арқылы барлық таным процестерінің қызметін жақсартуға болады. Бестемше ойынында ұсақ шарларды ұстау кезінде қол қозғалысы арқылы ми және жүйке талшықтарына әсер етіп, мол пайдасын тигізеді.
    Уақытты тиімді пайдалану. Ойынды үйреніп, жарыстарға қатысып, жеңістің дәмін сезген ойыншы бұдан әрі гаджеттерде отырудан гөрі осы ойынға деген қызығушылығы артып, өзінің айналасына өзі секілді зияткер, талғампаз, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, бәсекеге қабілетті, есте сақтау қабілеті едәуір дамыған, қажетті ақпаратқа зейінін тез аудара алатын, дербес шешім қабылдап сол шешімінің нәтежиесін дұрыс қабылдай алатын, кез-келген жағдайды алдын-ала жоспарлай білетін, өзіне сенімді, өз ойын еркін білдіре алатын, жан-жақты қалыптасқан тұлға тәрбиеленіп шығады.
    Бұл зияткерлік ойынды тарату мен дамытудың мүмкіндігі де, маңызы да зор. Бестемше әсіресе балабақшалар мен бастауыш сыныптарға кеңінен таратып ойнату арқасында баланың арифметикалық қабілетін ашып, зердесін шыңдауға мүмкіндік береді.    
   А. Исраилова,
 Пенжім ауылы.

Күнтізбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4617996