Мәдениет маусымының ашылуында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды

19.09.2019ж

 Талдықорғанда Бикен Римова атындағы Алматы облыстық  драма театрында тұңғыш рет мәдениет маусымының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шара Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі және «Сазген», «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдерінің қойылымымен ашылды. Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов облыстық өнер ұжымдарының бірлескен мәдениет маусымының салтанатты ашылуымен құттықтады.

«Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды»,-деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының рухани-мәдени, жасампаздық әлеуетін одан әрі нығайту жолындағы  еңбегі, өнер адамдары мен таланттарға деген ерекше ықыласы үшін облыстық мәдениет қызметкерлері атынан шексіз алғысымды білдіремін. Халқымыздың рухани болмысы, жан-дүниесі – мәдениеті арқылы көрініс табады. Ендеше, мәдениетімізді, баға жетпес өнерімізді насихаттау жолындағы еңбегіміз еселене берсін»,-деді А.Баталов.

Халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету үшін саланың материалдық -техникалық базасын нығайту – басты назарда.

Адамзат ақыл-ойының асыл көмбесі – кітапхана, өнер атаулының ішіндегі ең бекзаты – театр, ел мен өлке тарихының еңселі сөресі – музей, ән мен күйдің мерекелі ордасы – филармония десек, осының бәрі де – мәдениет ошақтары.

Бүгінгі күні облысымызда 566 мәдениет және өнер мекемелері қызмет етеді, оларда үш мыңнан астам қызметкер еңбек етуде. Саланың 2019 жылғы бюджеті – 6,6 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, облыста  жергілікті ақын-жазушыларды көтермелеу мақсатындағы облыс әкімінің арнайы стипендиясы жыл сайын беріліп келеді. Өнер саласы қызметкерлерін ынталандыру үшін облыс бюджетінен де әртістерге арнайы стипендия тағайындалуда.

Алматы оьблысында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біршама шаралар  атқарылды. Атап айтар болсақ, Қарасай ауданында сәулеті қайталанбас ерекше «Батыр бабалар» мемориалды кешені,Тұңғыш Президентіміздің  «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы және Жаркент қаласында Орбұлақ мемориалды кешені бой көтерді.

Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына күрделі жөндеу жүргізілсе, Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей салтанатты түрде табысталды. 

Атқарылған шаралардың мақсаты бір, ол – мәдениет саласындағы қызметкерлерге жағдай жасау, рухани құндылықтарды дәріптеу.

Мәдениет маусымының ашылуы қайырымдылық шарамен жалғасын тапты.

Облысымыздағы мәдениет саласының қызметкерлері, ақын-жазушылар мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, асабалар және 7kun.kz сайты мен аудандық, қалалық газеттердің бас редакторлары демеушілік жасап, көпбалалы аналарға төрт үйдің кілті табыс етті.

Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев, Кербұлақ ауданынан келген 5 баланың анасы Жұлдыз Сұлтанбаеваға үй кілтін табыс етсе, Қаратал ауданынан келген 4 баланың анасы Айнұр Исаеваны қуанту бақыты «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен жас жазушы Есболат Айдабосынға бұйырды. Ақсу ауданынан келген көпбалалы ана Толқын Жатқанбаеваны облыстағы асабалар атынан Ердәулет Кенжеқұлов және Қайрат Қазкенұлы үй кілтін тапсырып қуантса, Текелі қаласынан келген 6 баланың анасы Мақай Қалиманға аудандық, қалалық газеттердің бас редакторлары мен қызметкерлері атынан «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев пен «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы Жанахмет Исабеков пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады.

Облыс әкімі Амандық Баталов та баспана бақытына ие болған отбасыларға сый-сияпаттарын тарту етті.

Баспаналы болған көп балалы аналар мен кішкентай бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ.

«Осындай атаулы мереке қарсаңында кең сарайдай үйге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Әрине қиындықтар болды, оның бәрі артта қалып, аңсаған арманымыз орындалды. Балаларыма бақыт сыйлаған жандарға алғысым шексіз»,-деді Кербұлақ ауданынан келген 5 баланың анасы Жұлдыз Сұлтанбаева.

Шара мәдениет ұжымдарының қойған концертін тамашалаған көпшілік нағыз мерекені сезініп, өнердің сан түрімен сусындап қайтты.

Айта кетейік, биылғы жылдың мәдениет қызметкерлері үшін айтулы жаңалықтардың бірі, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында, 2020 жылдан бастап, мәдениет саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің айлық жалақысы көтеріп, әлеуметтік шаралар қарастыру жөніндегі тапсырмасы болды.

 

Балжан Қайратқызы,

Алматы облысы

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4846677