Өркениеттегі ұлы құбылыс
- Толығырақ
- Жарияланды 15.11.2019 04:23
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1390
15.11.2019ж
«Ұлттың болашағы ұрпағында, ұрпақтың тәрбиесі – ұстаз қолында демекші» ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Абай атындағы орта мектепте мектепішілік іс-шаралар, жоспарға сәйкес ұйымдастырылды. Ұлы Абай белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп, кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашқаны белгілі.
Биылғы жылдың мамыр айында Абай атындағы орта мектеп ғимаратының алдыңғы жағында Абай ескерткіші орнатылып, мектеп дәлізінде «Абайтану» бұрышы ұйымдастырылды. Халқымыздың сан ғасырлық тарихынан өзек тартатын рухани мұрасын ұрпақ бойына сіңіріп, тәлім-тәрбиесін игеріп, ел болашағын ойлайтын, парасатты азамат тәрбиелеу ұстаздар міндеті. Осы мақсатта мектеп оқушылары үлкен үзілісте Абайдың «Қара сөздерін» арнайы құрылғы буфер арқылы тыңдап, оқушылардың руханияттық дамуына және ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті болды.
Оқушылар қазақ халқының тарихында қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапқандығына көздерін жеткізді. Яғни, ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Заманның тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем.
Осы ақындық мақсатты дәріптеу барысында қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері Гүлнұр Көшербайқызы, Баян Тұрсынбайқызы, Күлсін Тұрарбекқызы, Әйгерім Тойлыбайқызы, Айгүл Қанатқызы оқушылармен жұмыс жасады. 5 «а» сынып оқушысы Қастайбек Дарын, 5 «б» сынып оқушысы Әбен Самғат, 6 «в» сынып оқушысы Бекқожа Ақбота, 11 сынып оқушысы Тұрсынғали Жалғастың «Абайға арнау» өлеңінде негізгі түйген ойын жеткізе білді. Сонымен қатар көркемсөз шеберлері 5 «а» сынып оқушысы Керімқожа Ермұрат, 5 «б» сынып оқушысы Мұхамед Жансая, Садықбек Балым, 11 сынып оқушысы Шаймерденова Камиля оқушылардың жүрегінен жол таба білді. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс!
Ә.Жаңбырбаева ,
Абай атындағы орта
мектеп директорының ғылыми әдістемелік жөніндегі
орынбасары.