Достық дәнекері

17.01.2020ж

Қазақстан ынтымақ пен достыққа   негізделген өркениетті қоғаммен де ерекшеленеді.   Көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір тудың астына жиналып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан бүгінгі Қазақстан бүкіл Еуразия құрылығындағы мемлекеттер арасында тек өзінің геосаяси жағдайымен ғана емес, ынтымақ пен достыққа негізделген

өркениетті қоғамымен де ерекшеленеді. Осы орайда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы атқаратын  игі  істерді  баса  айтқанымыз  жөн.

                «Тату елдің тамағы тәтті» деген  дана  сөз бар. Бұл  ел ынтымағы туралы халқымыз айтқан ұлағатты қағидалардың бірі ғана. Мейірбан, жаны жомарт, ақ көңіл, қазақ еліндей әлемде  бауырмал халық сирек шығар. Кеңестер Одағы кезінде жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктірген байтақ Қазақстан халықтар достығы деген қасиетті атқа дақ түсірген жоқ.

                Еліміз егемендік алғаннан бері 28 жыл өтсе де қазақ елі бүгінде ата қонысты мекендеген барша ұлттардың ұлағатты ұясы, туған отаны болып көк туын желбіретіп келеді. Бір кездегі жариялықты желеу етіп кейбір ТМД республикасында ұлтшыл  экстремистер ел арасын ашумен айналысқандығы белгілі. Соның негізінде ұлтаралық қақтығыстар, қантөгістер зардабы болды. Ал, біздің елімізде ұлтаралық татулық үшін атқарылып жатқан шараларға мейірлене қарайсың.  Республикамызда Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылып, ол жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеді. Мемлекет басшысының ұстанып отырған саясатында әрбір елдің мәдениетіне, тіліне құрметпен қарау мақсаты қалыптасқан.

                Қазір дүниені дүрліктірген дүрбелең көп. Соңғы кездері ушығып кеткен халықаралық терроризм, діни кикілжіңдер мен ұлтаралық жанжалдар, этникалық қақтығыстар ел мен елдің арасына сына қағуда.  Мұндай көріністердің Қазақстанда болмауына тәубе дейміз. Кейбір жекелеген діни экстремизм топтардың  халықтар арасында іріткі салуға тырысқан жат пиғылды әрекеттері бізде дер кезінде әшкереленеді. Ұлтаралық келісім-республикамыз үшін аса зор, маңызды мәселенің бірі.

     Қазақстан Республикасының Конституциясында «Мемлекеттік тіл-қазақ тілі» деп жарияланған. Міне, осыны жете түсінген әр ұлт өкілдері бүгінде қазақ тілін меңгеруге ден қойғандығы қуанарлық жағдай. Әрбір ұлттың  өз ерекшелігі бар. Сондықтан ұлттық қарым-қатынасты жан-жақты дамыта отырып, әрбір ұлттың, халықтың өзіне  тән тарихи қалыптасқан дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап, байыта түсуге толық жағдай жасалынды.

                Халықтар Ассамблеясының қолдауымен ұлттық-мәдени орталықтардың съездерін, этнос фестивальдарын өткізу шетелдегі қазақ диаспораларының тарихи отанымен байланысын күшейтуде көп жұмыстар іске асырылып жатқанын баспасөзден оқып-білім танысудамыз. Саны аз ұлттардың  өз тілінде білім алуына ұйымдастыру ісіне үлес қосты.

                Мәселен, республикаларда неміс, кәріс, дүнген, ұйғыр, еврей, ингуш, курд, татар, дағыстан, қарашай-балқар, венгр, қырғыз, украин, грек, түрікмен, орыс және тағы басқа ұлттардың орталықтары тұрақты жұмыс істейді.

                Тарихи деректерге үңілер болсақ, 1953-1965 жылдары Қазақстанға 2 миллионнан астам  адам   сырттан   келіп    қоныс тепті, жұмыс тапты. Олардың     көбі             орыстар      мен      украиндар еді. Осыншама  халықтың жерімізге келіп қоныс тебуіне қазақ халқы түсіністікпен қарады.  Олармен тіл табысып, туыстасып кетті. Қазақстанның жері қандай кең болса,  қазақтың жүрегі де сондай кең.  Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың тілі мен мәдениетін сақтауына, этномәдени бірлестіктердің жұмыс істеуіне бағыт-бағдар беріп, басшылық жасап келеді.

                Қазақстан  халықтары Ассамблеясы республика халқының мәдениетін қайта дамытуда зор үлесін қосуда. Әсіресе, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі, ақын Ғабит Тұрсынбайұлының атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз. Ассамблея басшылығымен наурыз мейрамы, неміс, кәріс мәдениетінің фестивалі, татар сабан тойы бүкілхалықтық сипат алды.  Жалпы, Ассамблея халықтың  дипломатиялық органы болды. Ол диаспоралардың тарихи отандарының байланыстарын қамтамасыз етіп отыр. Ассамблеяның қызметі Қазақстанда ғана жоғары бағаға ие болып отырған жоқ, беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ұлт саясатын зерттеуге тұрарлық деп мойындауда. 1996 жылдың  желтоқсанында Швейцария Қазақстандағы ұлт саясаты туралы «дөңгелек үстел» өткізді. Онда Қазақстан Республикасының басшылығы елдегі барлық этникалық топтардың мүддесін көздеген  дәйекті саясатты іске асыруда, халықтар арасындағы саясатты қамтамасыз етіп отыр деген қорытынды жасады. Мұндай халықаралық жоғары баға өзінен-өзі келген жоқ. Ол-қыруар жұмыстың жемісі. Елімізде ұлттар мен ұлыстардың құқығын және бостандығын қорғайтын сан қырлы жұмыстар жүріп жатыр.

                Қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге тиіс.

                Міне, кешегі қан майданда от пен оқтың арасында жүріп, адамзат баласының ерлік үлгілеріне куә болған қайсар тұлғаның даналық тұжырымында ұлттық сезім үлгісі ұрпаққа аманатталып отыр емес пе?!

                Сондықтан да сыйластық  пен жарасымдылық ұялаған жерде ел өмірі гүлденіп, ырыс  молаяды.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725861