Баба есімін бағалап, ата әруағын ардақтау - басты парыз
- Толығырақ
- Жарияланды 14.02.2020 10:11
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1295
14.02.2020ж
Ардақты ағайын! Құрметті бауырлар! Біз, бүгінгі ұрпақ - бақыттымыз. Тәуелсіз елміз. Өз еркіміз өзімізде. Еліміздегі бейбітшілік сүйгіш сарабдал саясаттың арқасында басқа мемлекеттермен тереземіз тең, керегеміз кең қалыпта тыныш ғұмыр кешіп, өркениеттің өріне өршілдікпен өрлеп келеміз.
Әйтсе де, осынау бейбіт өмірдің берекесін, егемендіктің мерекесін сезінген сайын біз өткен шақты әрқашан еске алып тұруға тиіспіз деп есептейміз. Өйткені, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін-жерін қорғап, «мың өліп, мың тірілген», біздің ұрпақтың қазіргідей шат-шадыман шаттықта өмір сүруіне өлшеусіз еңбек сіңірген батыр ата-бабаларымыздың, аға ұрпақтың тарихтағы орны айрықша.
Рас, қазір ауданымыздың әрбір елді мекенінде дерлік сонау өткен ғасырдың басындағы төңкеріс жылдары мен Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңінде қаһармандық көрсеткен ерлерімізге, сондай-ақ, ауған жерінде интернационалдық борышын өтеген жауынгерлерге арналған ескерткіштер орнатылған. Егемендік алып, ес жиған соң ақтаңдақ жылдардағы есіл ерлерді де еске түсіріп, «желтоқсандық» боздақтарымызды жоқтадық. Тіпті Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі халықтық батырларымызды да түгендеп, есімдерін ұлықтадық. Бәріне болмаса да бірталайына еңселі ескерткіш тұрғыздық. Жаркент қаласында, басқа да ауыл-ауылда көше атауларын бердік. Бұл – әрине, өте орынды іс болды. Себебі, болашақ үшін, ұрпақ қамы үшін қызыл қанын, қара терін төккен аға буынның ерен ерлігі мен еселі еңбегін жастарымыздың санасына сіңіріп отыру - барынша маңызды, мейлінше тағылымды.
Баршаға аян, негізінде тамырсыз ағаш болмайды, тақырға шөп шықпайды. Өсетін, көгеріп-көктейтін дән де құнарлы топырақтан қуат алады. «Барша адамзаттың Адам атадан басталғаны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс». Еліміздің тұңғыш Президенті өзінің Жолдауларында, саяси бастамаларында барлық бейіл-берекеміздің, батырлығымыздың бастауы - ұлттық ұлағатымызда екендігін үнемі атап отыратын. Яғни, соңғы ғасырлардың, кейінгі жылдардың еншісіндегі елдігіміз бен ерлігіміз арғы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен басталып, сабақтасып жатыр. Осы орайда айтарымыз: бүтіндей қазақ атты қабырғалы ұлттың бөлінбес бір бөлігі есімін иеленіп отырған Суан бабамыздың да тарихтағы орны ерекше. Осынау дана да, дара тұлғалы батыр бабамыз туралы аңыз да, әпсана да көп. Ал, аңыз түбі - ақиқат. Сонымен қатар бабамыз хақында тарихи деректер де көп. Атақты Бурабай көлі маңында Абылай хан ту тіккен орда орнында бүгінде арнайы мұражай бар. Ондағы деректерде Суан баба туралы мәліметтер жазылып, таңбасы бедерленген. Жауға шапқандағы ұраны «Байсуан» екені баяндалған. Ежелден-ақ елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде ғұмыр кешіп, күллі кең-байтақ қазақ даласының оңтүстік-шығыс шебіндегі қақпасын берік ұстап тұрған осы батыр бабамыздың өршіл рухы, қаһармандық қасиеті кейінгі ұрпақтарына дарығанына да одан соңғы әрқилы тарихи кезеңдер нақты куә.
Өздеріңізге мәлім, осыдан біраз жылдар бұрын осынау ел бастаған көсем, жау жасқаған батыр Суан бабамызға ежелден ен жайлаған өлкесі - жазиралы Жаркент жерінде есімін ұлықтап, еңселі ескерткіш орнатуға талпыныс жасалған болатын. Жалпы жұртшылық, оның ішінде Суан баба ұрпақтарымен қатар басқа бауырластар да, тіпті өзге ұлттардың өкілдері де өздерінің шама-шарқынша қаржылай көмектерін көрсетті. Мұғалімдер мен дәрігерлер, сондай-ақ, бірқатар мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары бір-екі реттен бір күндік жалақыларын жинап, баба ескерткішін жасатуға өз үлестерін қосты. Алайда, амал қанша, ел-жұрт сеніп, осы істің тізгінін ұстатқандардың орта жолда дәрмені кетіп, діңкелеп қалды. Олардың айтуынша игі шара қаражаттың жетіспеушілігінен қаңтарылып қалған. Жасыратыны жоқ, қазір қасиетті бабамызға арналады деген еңселі ескерткіштің қаңқасы тура үлкен жолдың бойында көзге күйік, көңілге көлеңке болып қалқайып тұр. Айналасындағы атшаптырым жер күл-қоқыс төгетін алаң секілді. Қоршаған қоршауы мал қораның шарбағы тәрізді...
Ардақты ағайын!
Қымбатты бауырлар!
«Атасын ұмытқан батасыз қалады» дейді қазақ. Бір сәт тереңнен толғана ойланайықшы. Жан-жағымызға жанарымызды қадап, сергек сезіммен қарайықшы. Біз кімнен кембіз?! Кімдерден кедейміз?! Біз де ар-абыройы - асқақ, намысы - найзағай елдің ұрпақтары емес пе едік?! Бізді өмірге әкелгенде де ай маңдайлы аналарымыз қалжа жеп, әкелеріміз қуанышқа қарық болған шығар-ау! Үміттерін үкілеп, ата-бабасының атын шығарар, сенімін ақтар азамат болады-ау деп армандаған болар.
Құдайға шүкір, қазір басқаларға жалтақтайтын кеңестік кезең емес. Ел-жұрттың да әл-ауқаты жақсарып келеді. «Отқа оранып, суға сүрініп» жарымай-жалшымай отырған ешкім де жоқ.
Оның үстіне бұл бағытта біз тыңнан тосын іс бастағалы отырған жоқпыз. Күллі республикамызда, оның ішінде бүкіл облысымызда біз үлгі етерлік игілікті жұмыстар әлдеқашан басталып, осындай ел бастаған көсем, қол басқарған бабаларымызға ескерткіштер көптеп орнатылды. Суан баба ескерткіші де солардың қатарын толықтырып, елдігіміз бен ерлігіміздің шығыс шептегі бір жарқын нышаны болады деп ойлаймыз.. Жас ұрпақты елін, жерін сүюге, Отаншылдыққа баулуға үндейтін қасиетті орынға айналады. Ең бастысы - байырғы Ұлы Жібек жолының бойында алыстан мен мұндалап, үлкен жолмен ары-бері ағылған алыс-жақын елдерден келген жолаушыларға елдің иесі, жердің киесі бар екенін ұқтырып тұрғандай болатыны сөзсіз.
Әмбеге аян, елдіктің, ерліктің символына айналатын мұндай еңселі ескерткішті орнату мәселесі қаржыға барып тірелетіні баршаңызға белгілі. «Көп түкірсе – көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Елін бастап, жерін қорғап ұрпағының, яғни, біздің дәл қазіргідей шат-шадыман шаттыққа толы, бейбіт заманға аман-есен жетіп, жер бетінде бақуатты ғұмыр кешуіміз үшін «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, қызыл қанын, қара терін төккен» асыл бабамыздың – түп әкеміздің есімін ұлықтап, еңселі ескерткіш орнату жұмысын одан әрі жалғастыруға, айналасын абаттандыруға баршамыз белсене атсалысайық! Ата-бабаларымыз алдындағы перзенттік парызымызды өтеу – қасиетті іс екенін естен шығармайық. Осынау мәселеге орай анықтама алғысы келгендер болса төмендегі телефондарға хабарласуына болады:
8 701 718 77 67,
8 778 408 90 15,
8 702 588 34 37.
ҰЙЫМДАСТЫРУ АЛҚАСЫ.