ҒАСЫРЛАР ӨТСЕ ДЕ, БАБА РУХЫ ӨШПЕЙДІ

12.03.2020ж

Биыл ауданымызға Ескелді би Жылкелдіұлының есімі берілгеніне 20 жыл толды. Кеңестік дәуірдің 1928 жылына дейін Қаратал, Көксу, Қоғалы, (Гавриловка) Қапал ауданының бірер елді мекендері Ескелді болысына біріктірілген болатын.

Кейіннен ауданның орталығы Қарабұлақ кенті деп ауыстырылды. Сол тұста ауданымызды басқарған ел ағалары ауданымызға батыр бабамыздың есімін қайта қоюды жөн көреді. Олар Төле бидің қызы Ұланбикеден туылған Ескелді бидің тарихта алған салмақты орнын бағалап, Жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы елі үшін сіңірген еңбегін ескеріп, аудан жұртшылығымен ақылдасып, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа ұсыныс хат жолдап, баба есімінің ауданға қайта берілуін сұраған болатын. Елбасы бұл ұсынысты қолдап, 2000 жылдың 10 наурызында жарлық шығарып, ауданымызға Ескелді бидің есімін қайта берді.

1991 жылы Мәскеудегі ГКЧП-ның меншігімен Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Кеңес идеологиясы ыдырағаннан кейін, ел басқарған қөсем В.Лениннің ескерткіштері құлатылған кезең орын алды. Аудан орталығының алаңында орналасқан көсем ескерткіші де сондай халге душар болды. Сол жылдары аудан басшысы болған Керімтай Абдырахманов ел ағаларымен ақылдасып, орны ортайған ескерткіштің орнына Ескелді Жылкелдіұлының мүсінін орнату жайында ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс көпшіліктің қолдауын тапты.

Көп ұзамай аудан азаматтары ұсынысқа құлшыныс танытып, істі қолға алу жұмыстарын бастап кетті. Сол жылдары аудан жұртшылығының әл-ауқаты төмен, мүмкіндіктері мен тұрмыс жағдайлары  қуантарлықтай емес кезең болған. Соған қарамастан аудан халқы бірлігін бір арнаға тоғыстырып, қолдарында барын аямай, арнайы қорға қаржылай, басқадай үлестерін қосты.

Ескеркішке қажетті гранит тасын бұрынға комсомол ұйымында қызмет еткен Александр Беляев Қапал өңіріндегі мәрмәр өндіретін Баянжүрек деген карьерден керекті формада ойып алып, аудан орталығына жеткізген. Ол мұндай игі ісіне ешқандай қаражат талап етпеген.

Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі, Көксу ауданының Қойбышев ауылының түлегі Нұрбақыт Қойшыбеков және мүсінші Жеңіс Молдабаев гранит тасына Ескелді бабамыздың бейнесін жасау жобасын қолға алған. Мүсінді қашау жұмыстары «Хильниченко и К» шаруа қожалығының шеберханасында жасалды. Мүсін 4 айдың ішінде дайын болып, көпшіліктің көңілінен шықты. 2000 жылы қоңыр күздің қараша айында аудан орталығының ажарын ашып, абыройын асқақтататын баба мүсіні аудан орталығында  бой көтеріп, елдің көз қуанышына айналды.

         2001 жылы жер аяғы ашылған мезгілде ескерткіштің салнатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу рәсіміне сол кезде Алматы облысының әкімі болған Заманбек Нұрқадылов және бірталай қоғам қайраткерлері қатысқан болатын. Мүсіннің ашылу салтанатының сәнін де, мәнін де келтірген баба ұрпағы академик, әлемге белгілі ғалым Еділ Ерғожин іссапардан келісімен ауданға ат басын бұрып, жиналған қауымға ақ батасын беріп, жүрекжарды тілектерін арнаған. Сонымен қатар өнер иелерінінің бірі, Ескелді ауданының құрметті азаматы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Тойлыбаев пен белгілі сырнайшы, 250-ден астам әннің авторы Ағайша Исағұлова  Ескерткіштің ашылу салтанатына ән арнаған.

Салтанатты жиынның соңы баба рухына арналып бағышталған ас мәзірімен жалғасты. Міне бүгінде баба есімімен аталып отырған ауданымыз Тәуелсіздіктің көк туының астында көптеген жетістіктерге қол жеткізді.  Ескелді бабамыздың есімі берілген киелі өңіріміздің қойнауына құт дарып, баурайы төрт түлік малға толып, қамбалар астыққа кенеліп, ауданымыз өркендеп тұрғаны баба әрауғының қолдауынан деп білемін. Ал, төрімізде бой көтерген батыр бабамыздың ескерткіші ауданның әрбір тұрғынына күш-қуат беріп, алға ұмтылуға, ержүрек болуға бағыт беріп тұрғандай.

Қанша ғасыр өтсе де, Ескелді би, Балпық би секілді еңселі ерлердің есімдері ешқашан өшпейді. Жетісу өңірінде алып ағаштай тамыр жайған ұлы баба ұрпақтары олардың есімін әрдайым тек биікке көтере бермек.

 

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4726086