Ақындар шықты айтысқа
- Толығырақ
- Жарияланды 20.03.2020 06:19
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1467
20.03.2020ж
Рас, ақындар айтысы – ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі. Ежелдан келе жатқан саф алтын, асыл маржанымыз. Қазақ десе, үкілі домбыра, ақындардың сөз сайысы көз алдыға келіп, жанымыз тебіреніп, жүрегіміз толқып кетеді.
Кеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық мәдениет үйі біраз жылдар кенжелеп қалған айтыс өнерін қайтадан қолға алып, оны өрістете өркенін ашудың негізін қалады.
Әл Фарабидің 1150, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай аудандық ақындар айтысы өрнектелді. Оған әр өңірден келген 6 ақын қатысып, жыр сайысына түсті. Ақындар Иемберді Тастанов, Шеризат Мекебаев, Сабыржан Смағұлов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев, аудандық «Қарқара» газетінің бас редакторы Нұрболат Тастанқұлов, аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрмаман Оқас, Кеген халық театрының жетекшісі Кәдірбек Сүлеймен бастаған қазылар алқасы «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды» лайықты бағалады.
-Айтыс – ұлтымыздың айшықты өнері. Аудандық ақындар айтысы дегенді естіп, шынымен қуанып келіп, куә болып отырған жайым бар. Өз тұсында Кегеннің киелі топырағында қанымызды қыздырған, делебемізді қоздырған қаншама айтыс өтті десеңізші?! Оның бәрі жадымызда күні кешегідей жаңғырып тұр. Мен осынау айтысты қайта жаңғыртып жатқан аудандағы мәдениет саласын басқарып жүрген азаматтарға өңірдегі барлық қариялардың атынан шын жүрегімнен алғысымды айтамын. Айтыс десе елеңдемейтін, оны көрмейтін қазақ жоқтың қасы. Ендеше, бүгінгі айтысқа түскелі отырған ақындардың шабыттары шалқып, бәйгелі болуларына тілектеспін,-деді аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков.
-Біраздан бері аудандағы өнерге, өлеңге жақын жандармен, азаматтармен ақылдасып, осынау жап-жақсы жылдар үзіліп қалғандай болған асыл дүниеміздің жібін жалғап, игілікті істі қолымызға алдық. Таулы өлкеміздің қойнау-қойнауларында тұрып жатқан, жаңадан шығып келе жатқан таланттарымыз аз емес. Біздің басты мақсатымыз – солардың көзін ашып, талабын ұштап, үлкен додаларға қатыстыру. Бүгінгі айтыс алдағы уақытта дәстүрге айналар іргелі бәсекелердің басы болмақ. Бір аптадан кейін ежелден өнер мен өлеңге жақын Кеген, Райымбек аудандары ақындарының арасында үлкен айтыс өтеді. Одан суырылып, іріктеліп шыққан ақындар облыстық ақындар байқауына қатысады. Сондықтан ауданымыздың намысын қоғап, сөз сайысына түсіп отырған ақындарымызға сәттілік тілейміз!,-деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев.
Алғашқы жұп болып Тұйық ауылынан келген Медетбек Әбдікәрімов пен Саты ауылынан қатысқан Данияр Керімбаев сахна төріне шықты. Одан кейін Кеген ауылынан келген Еркебай Қанағат пен Шырғанақтық Ділмұрат Рақымқожа айтысқа түсті. Кеген ауылынан қатысқан Ермек Рақымбай мен Тасашы ауылынан келген Адай Төребаев айтыс көрігін қыздыра түсті. Айтыстың тақырыбына орай оралымды ой, салиқалы сөз қозғай білген Ермек Рақымбай мен Еркебай Қанағат соңғы айналымға шығып, айтыс өнерінің мәні мен маңызын кіргізді. Қалай десек те, біраз жылдан кейін қайта қолға алынып жатқан айтыста ақындарымыз бірден шешіліп, көсіліп кете алмады. Шын мәнінде осы күні алдағы жыр бәйгелеріне қатысар тұлпардардың тұсаулары кесілгендей болды. Ақындар Әл Фараби мен Абай секілді даналарымыз туралы, олардың қанатты қағидалары жайлы ой қозғады. Туған Отан, өскен ел мен жердің жақсылықтарын алға тартты.
Айтыстың қорытындысымен Кеген ауылынан қатысқан Еркебай Қанағат І дәрежелі дипломмен марапатталды. Онымен мәреге қатар келген Ермек Рақымбай 2 дәрежелі дипломмен, Шырғанақ ауылынан қатысқан Ділмұрат Рақымқожадай ақын жігіт 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. Медетбек Әбдікәрімов, Данияр Керімбеков, Адай Төребаевтар Алғыс хатқа ие болды. Ақындардың барлығына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және аудандық мәдениет үйінің атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айтысқа қазылық жасаған ақындар мен қаламгерлер, ортақтасқан жандар айтыс ақындарына ақ жол, шығармашылық табыс тіледі.
Бір аптадан кейін Кеген аудандық мәдениет үйінде Әл Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығына орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жас ақындардың айиақтық сөз сайысы өрнек тапты. Бұл игі шараға Райымбек, Кеген, Панфилов аудандарынан келген айтыс ақындары қатысты.
Алматы облысының бас айтыскер ақыны, «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын, ҚР мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмаров бастаған қазылар алқасы Кеген ауданынан қатысқан Еркебай Қанағат пен Ділмұрат Рақымқожаны, Райымбек ауданынан келген Аят Жәнібекұлын жүзден жүйрік деп тауып, алдағы уақытта облыста өтетін жас ақындар айтысына жолдама берді.
-Біздің басты мақсатымыз – Жетісу өлкесінде айтыс ақындарын қалыптастыру. Айтыс өнерінің отын жағып, дәсүрге айналдыру. Облыстың әр аймағында өткізіліп келе жатқан жас ақындар айтысы соның негізі болып табылады,-деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров