Сең сетілді, сен де серпіл, Туысқан!
- Толығырақ
- Жарияланды 20.03.2020 06:34
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1306
20.03.2020ж
Есті қазақ «сөз қадірін-өз қадірім» деп түсінген. Бір ауыз сөзге тоқтаған. Ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен. Қатты-қатты айтқанда қатып қалған қатпарды жылы-жылы лебізімен ілезде-ақ жібіткен. Әлімсақтан әдебімізге сіңіп, әдетімізге айналған бұл үрдістің үзіле қоймағанына таяуда тағы да көзіміз жетті.
Бұдан біраз уақыт қана бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде «Баба есімін бағалайтын, ата аруағын ардақтайтын санасы сергек, көкірек көзі ояу азаматтарға» деген үндеу жарияланған еді. Үндеуде:
«...осыдан біраз жылдар бұрын осынау ел бастаған көсем, жау жасқаған батыр Суан бабамызға ежелден ен жайлаған өлкесі – жазиралы Жаркент жерінде есімін ұлықтап, еңселі ескерткіш орнатуға талпыныс жасалған болатын. ...Алайда, амал қанша, ел-жұрт сеніп, осы істің тізгінін ұстатқандардың орта жолда дәрмені кетіп, діңкелеп қалды. Олардың айтуынша игі шара қаражаттың жетіспеушілігінен қаңтарылып қалған. Жасыратыны жоқ, қазір қасиетті бабамызға арналады деген еңселі ескерткіштің қаңқасы тура үлкен жолдың бойында көзге күйік, көңілге көлеңке болып қалқайып тұр. Айналасындағы атшаптырым жер күл-қоқыс төгетін алаң секілді. Қоршаған қоршауы мал қораның шарбағы тәрізді...
Біз кімнен кембіз?! Кімдерден кедейміз?! Біз де ар-абыройы - асқақ, намысы - найзағай елдің ұрпақтары емес пе едік?! Бізді өмірге әкелгенде де ай маңдайлы аналарымыз қалжа жеп, әкелеріміз қуанышқа қарық болған шығар-ау! Үміттерін үкілеп, ата-бабасының атын шығарар, сенімін ақтар азамат болады-ау деп армандаған болар.
...біздің дәл қазіргідей бейбіт заманға аман-есен жетіп, жер бетінде бақуатты ғұмыр кешуіміз үшін күрескен асыл бабамыздың – түп әкеміздің есімін ұлықтап, еңселі ескерткіш орнату жұмысын одан әрі жалғастыруға, жетілдіре түсуге, айналасын абаттандыруға әлі де баршамыз белсене атсалысайық!» деген жалынды сөздер жазылған болатын.
Бұл - елдік намыстың найзағайы оңдырмай осып өткенде жүректі жарып шыққан жанайқайымыз еді. Құдайға шүкір, санасы сергек, көкірек көзі ояу, құлағы түрік оғландарымыз ортамызда бар екен. Сонымен таяуда елдік мәселеге енжар қарамайтын осындай азаматтар аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өз бастамаларымен бас қосты.
Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша алдымен салынатын объект қандай болмақ: кешен бе, ескерткіш пе, ол сәл кейінірек шешілетін болып бірауыздан келісілді. Екінші мәселе бойынша қаражат үшін жаңа қор ашуға да жиналғандар түгелдей дауыс берді.
Соңғы үшінші мәселе бойынша соқталы да ноқталы сөзді есімі ел-жұртқа аян сыйлы азамат, отставкадағы полковник, жүрегі жомарт кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» Серік Мұқашұлы Ақсубаев айтты. Ол алдымен өзін қор басшылығына сайлауға ұсыныс жасаған Сегізбаев Бижан, Жанаманов Бердіғожа қажы сияқты біраз ақсақалға алғыс сезімін білдірді. Содан соң ең әуелі жаңа қор құрып, оның атауын өзгерту жөн болатындығын ескертті. Өйткені, ауданымызда басқа да бауырластарымыз, оған қоса ұйғыр, дүнген, орыс ұлтының әкілдері тұратындығын да еске салды. Олардың арасынан шыққан бірталай белгілі кәсіпкерлермен, өзіміздің іскер азаматтармен де ақылдасып, қаражат қорын молайта түсуге болатындығына сендірді. Қорды бұрынғысына қатысы жоқ етіп, жаңадан ашу - жұмысты қалаймақансыз, таза бастауға көмектесетінін айтты.
-Ал енді қорға төраға сайлау мәселесіне келсек: мен жастарға сенемін! Сондықтан өзім бұл орынға Ғани Бегімбетовтың кандидатурасын қолдаймын. Ол - жас, жігерлі, жұмысы тиянақты, жауапкершілігі жоғары. Бастаған ісін қашан да аяғына дейін жеткізуге күш салады, - деді сөз соңында.
Бұдан соң «Ә.Қастеевтің көркемсурет галереясы» МКҚК-нің директоры Берік Әбілханов, қоғамдық белсенді, Жаркент қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Дүйсен Әлімжанов, аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абаев, «Қамқорлық» ЖШС-нің директоры Әлен Жолдасов, облыстық «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Мырзағали Нұрсейіт, аудандағы ат спорты федерациясының президенті, кәсіпкер Арман Кеңесбаев, «Жаркент айнасы» газетінің бас редакторы Молот Солтанаев, кәсіпкер Сатыбалды Қасенов, ардагер ұстаз Жанахмет Жанболатов, тағы басқа да жиналысқа қатысушылар сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Біраз талқылаудан соң бір арнаға тоғысқан тоқтам сөздің түйіні мынау болды: баба есімін ұлықтау үшін қаражат құятын жаңа қор ашылып, ол жаңаша аталсын. Қор төрағалығына Ғани Бегімбетов сайлансын. Бұл ұсыныстарды жиналысқа қатысушылар түгелдей қолдап, бірауыздан дауыс берді.
Сөйтіп, сонау 2011 жылы ізгі ниетпен басталған, алайда, төрт-бес жылдан бері қаңтарылып қалып, көңілге қаяу салған халықтық істің сеңі сетілді. «Атасын ұмытқан батасыз қалады» деген. Бұл - руға, елге бөлінуге емес, «Рухани жаңғыру» аясында қайта бірігуге, ата текті ардақтауға арналған шара. Ендеше, осынау игілікті істі ілгерілетуге жұдырықтай жұмылайық, ағайын!
Нұр ӘДІЛ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.