АРЫНА ДАҚ ТҮСПЕГЕН АЗАМАТ

07.05.2020ж

Сырбаз мінез, ақылман, салиқалы саясаткер Қуаныш Сұлтанұлын көргенде, оның жүріс-тұрысынан, киген киімінен, сөйлеген сөзінен парасат нұры шашылып тұрғандай болады.Ол сол байсалды, байыпты қалпымен-ақ айналасындағыларын аузына қаратып, ақ пейілді ақылына жүгіндіреді.

Жүздескен жанды ыстық ықыласымен, жайдарман жаңалықтарымен баурап алатын мінезі көсегеңді көгерткендей сезімге бөлейді.Сәті түссе туып-өскен өлкеге жылына бір келетін оның жолын бәріміз сондықтан да сағына, асыға күтеміз.

Менің әкем Тұрғанғазы ел басқарған азаматтар жайлы әңгіме қозғалған жерде, Қуаныш ағаның есімін ерекше құрметпен атап, «Жеке басын күйіттемейтін, елім, жерім деп туылған,адал жанды, жаратылысы ерекше азамат»,-деп отырушы еді. Өмірінің басым бөлігін еңбек ұжымын басқаруға жұмсаған әкемнің оңайлықпен елп етпейтін, көкейіне түйген пікірінен қайтпайтын турашыл мінезі ілуде біреуге ғана ілтипатын жаятынын ауылдастары да жақсы біледі. Сондықтан оның Қуаныш Сұлтанов туралы ой-пікірді шын жүрегінен айтылған ақиқат екендігін бәрі де мойындайтын.
Соңғы оншақты жылдан бері Қуаныш Сұлтанұлымен ел ішінде, Астана, Алматы қалаларында жұмыс бабымен жиі жолығып, таныса, сырласа келе оның шынында да ерекше жаратылысты адам екендігіне көз жеткіздім.Ел тілегін ешқашан ескерусіз қалдырмайтын депутат ағайымның бізге, ауыл шаруашылық өндірісімен шұғылданатын қарапайым ауыл адамдарына да көп көмегі тиді.Ол сенатор кезінде Жетісу аймағы жүгерішілерінің өтініші бойынша депутаттық сауал тастап, Үкіметтік комисия құрғызып, барша Қазақстанда жүгері өсіретін дихандарға әр гектарға 30 мың теңгеден екі-үш жылдай субсидия бергізгені бар.Жаркент қаласындағы өзі орта білім алған Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, жанына қосымша жаңа ғимарат тұрғызуға көмектесті. Сенат депутаты кезінде әріптесі болған Темірхан Досмұханбетов екеуі қаузап жүріп, Жаркент қаласында жаңа спорт кешенін салдырып, спортшы өңір жастарын қуантты. Айта берсек Қуаныш ағаның туған ел жұртына жасаған мұндай қамқорлықтары аз емес.
Қуаныш, сенің үлкен сұлу жаның,
Елдікті, ұяңда бар ұғынғаның.
Тағдыр да сүйді сені тарланым дап,
Ешқашан сен де өмірге суынбадың.
Сүйдің сен сол өмірді от жүрекпен,
Талай жаз, талай сұлу өтті көктем.
Нәр алған туған жердің биігінен,
Жаралған жарығымсың ақ тілектен,-деп Тұманбай ақын жырға қосқандай, бүгінде ата жасына жеткен ағамыздың жаны сол баяғы комсомолды бастап жүрген кезіндегідей жас, әрі жайсаң.Жалпы еліне, туған жұртына деген оның сүйіспеншілігі, қамқорлығы ерекше.Бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның дамуына, өркен жануына арнаған азаматын елі де құрметтейді.
Қуаныш Сұлтанұлының шашына ақ түссе де, арына дақ түспеген азамат. Парламент Мәжілісінің төрағасы болған марқұм Орал Мұқаметжанов ол туралы кезінде осындай ой түйіп, өзіне өлең жолдарымен жеткізген екен.Оны білетіндердің бәрі осындай нық тұжырымда деген сенімдемін.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, біздің жерлесіміз Қуаныш Сұлтанұлы ағамыз мамыр айының 12 жұлдызында 75 жасқа толады.Бұл жаңалық оның жерлестеріне, әсіресе ағамыздың кіндік қаны тамған жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдық тойымен қатар келген мерейтойымен майдангердің баласы, халқының қалаулысы Қуаныш Сұлтанұлын барша жерлестері атынан шын жүректен құттықтаймыз!
Тасқын ЖАПАРҚҰЛ,
«Ернар» ЖШҚ төрағсы, Панфилов 
ауданының 
Құрметті азаматы.
Жаркент қаласы.

 

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4726128