«Көк желекті Көктерегім» атты кітаптың тұсаукесері өтті
- Толығырақ
- Жарияланды 21.08.2020 11:03
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1056
20.08.2020ж
Облыстық «Jeisy media» ақпараттық алаңында « Көк желекті Көктерегім» атты кітаптың тұсауы кесілді.Жинақта Сарқан ауданына қарасты шағын ғана ауылдың тыныс-тіршілігі, кешегісі мен бүгінгісі айшықталған.
Киелі топырақтан қол бастаған батырлар, даналыққа жеткен дарындар, тұғырлы тұлғалар шыққан. Осындай халықтың ықыласына бөленген азаматтарды жан-жақты , жүйелі түрде зерделеп, олардың өмір жолын кітапқа арқау еткендер некен-саяқ. Аталған кемшілікті түзетуге туынды авторлары барын салған.
Туған елінің тарихы туралы жазылған қазынаның жарыққа шығуына Жаңабай Әділбайұлы, Есенай Іңкәрбаев тер төккен.
Жалпы кітап «Киелі мекенім - Көктерек», «Қайталанбас қасиет иелері», «Естеліктер» атты үш бөлімнен тұрады.
« XIX ғасырдың алғашқы жартысында осы жерде ғұмыр кешкен тарихи тұлғалар Қоңырбайұлы Көтен тәуіп пен Тілеукеұлы Бәйтік дамолданың қалдырған мол мұрасы мен өсиеттері, төрелік айтқан Базарбай мен Шыңғай билердің тәрбиелік тағылымдары, мыңды айдаған бай-бағландар Қапсалаң мен Құрымбайдың шалқыған дәулеті, дін діңгектері Мұхамади мен Райыс қажылардың мән - мағыналы ғұмыры туралы тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізіп, олар жайлы тың мағлұматтар тауып, дереккөздер арқылы айғақтадық», -дейді туынды авторы Есенай Іңкәрбаев.
Туған елінің патриоты, өлкетанушы Жаңабай Әділбайұлы мен саясат ғылымында ойып алар орны бар, талай тарихты тербелткен ғылыми еңбектер мен әсерлі әңгімелердің авторы, тарихшы Есенай Іңкәрбаевтың бұл шығармашылық ізденістері - олардың талмай талаптанған еңбектерінің тамаша нәтижесі.
Жер ұйығы Жетісудың кішкентай бір бөлігі Көктеректегі тарихи процестерді терең ұғынып, олардан заман ағымына сай тиісті қорытынды шығара білген елсүйер азаматтардың бұл кітабы – жылдар бойғы үлкен ізденістерінің көрінісі.
Ұғынықты тілмен, ұтымды баяндалған бұл тарихи жинақтың қалың оқырман қауым, ауыл тұрғындары мен келешек ұрпақ үшін түйсікке түйер тағылымы мол.