Бейсен Құранбектің қолының табы қалған жәдігерлері музей бұрышынан орын алды

09.12.2020ж

Журналистикадағы аққан жұлдыз атанған дара тұлғаның бүгін дүние есігін ашқан күні. Оның үні де, болмысы да туған елімен бірге астасып жатыр. Ол ақпарат әлемінің темірқазығы болатын. Көзі тірі болғанда 49 жасқа толар еді. Жүрегі соғысын тоқтатқанша қазағым деп өткен нар тұлға әрине, Бейсен Құранбек.

Бар алаштың қабырғасын қайыстырған қаралы хабар ел арасында тарағаннан бері жартыжылдан астам уақыт өтсе де, оның бес күн жалғанда жоқ екеніне ешкім нанар емес.

Бейсен Абайұлының кісілігі мен кішілігі бір төбе. Бар қазақты бауыр тұтып, қараша халықты хан көріп, төбесіне көтеріп жүрді. Сонысынан болса керек, қалың елі Бейсен ұлдарын ерекше құрметтеді. Кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінен орын берді.

 Абай ағаның ұлының  сонау, спорт газетінде журналистиканың алғаш табалдырығын аттап, тұңғыш туындыларын бастап, кеше  ғана ақсұңқар болып мәңгілік сапарына аттанған кездегі бар ғұмыр жолы көптің назарында болды. «Бейсеннің артықшылығы неде десек,ол әуелден басқаларға бақыт сыйлауға ұмтылған азамат дер едім»,- дейді облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін. Расында, бұл сөздің жаны бар. Бақытты болу деген сөз, өзгені бақытты ету епес пе?.

Құранбек әулетінің маңдайға басқан жұлдызының БАҚ салсына бас бұрғаны, халқының бақытты болуына үлес қосықысы келгенімен байланысы бар-дай. Көзі тірісінде «Айтуға оңай», «Қарекет» сынды әлеуметтік-ток шоуларды жүргізе отырып, базыналы елдің басты мәселесін шешуге ат салысты. Бұның өзі қарашаға бақыт сыйлау емес пе.

 ҚР Президент сыйлығының иеcі, Еңбек ері, қазақ балалары ішінен тұңғыш рет  айкидо спортынан қара белбеуге  қол жеткізген ,  жалын атып жүріп жанып кеткен дарын,  Бейсен Құранбекті бұқара халық ешқашан есінен шығармайды. Соның жарқын көрінісі, өзі ірге тасын қалауға мұрындық болған «Журналистер үйінен»  арнайы мұражай бұрышының  ашылуы. Келелі жұмыс Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен іске асып отырған жайы бар. Аталған бұрыштаманың лентасын Бейсен ағаның інісі Төлеген аға  мен досы Серік Әбікенұлы қиды.   Мұражайға тележүргізушінің өзі тұтынған заттары орналастырылған. Сансыз алғыс хатары мен дипломдарының бір парасы, төсбеліглері, қолсағаты, қаламсабы мен қойын дәптері, спорттық және көгілдір экран алдына шыққанда киген киімдерін музей бұрышынан көруге болады.

Ұлдарының рухына тағызым етіп, еске алуға келген халықтың қарасы көп. Олардың ішінде ағаның туған-туыс, дос-жаран, үзеңгілес әріптестері мен ел ағалары да бар. Музейдің алышуына келген, көз көрген таныстары Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі туралы айтып жатты. Солардың бірі жан жолдасы, әрі әріптесі, облыстық  «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы.

«Қиын-қыстау кезеңге қарамай бүгінгі шараға келгендеріңізге басымызды иіп, алғыс айтамыз. Бұл мұражай осыдан 4 ай бұрын ашылуы керек еді. Құранбек әулетіне үлкен бір қиындықтар келді. Бейсеннің артынан ата-анасы да кетті. Сонымен бұл істі кейінге шегердік. Осы шағын бұрышты Бейсекеңнің аруағы разы болсын, оны қадірлейтін қалың қазақ осында келіп бір сәт есіне алсын деген оймен ашып отырмыз. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли қол ұшын созып, бір кісідей қолдау көрсетті. Бейсеннің шарапаты тиген мыңдаған адам еліміздің әр түкпірінде жүр. Досың туралы өткен шақта сөйлегеннен ауыр нәрсе жоқ екен. Деседе, Бейсеніміздің шырағы сөнген жоқ. Жетісу жұрты арда ұлын ардақтап жатыр және бұл мәңгілік жалғасын табады деген үміттеміз. »,-деді Серік Сарыбай.

« Айтыңдаршы өлді деуге болама? артында өлмей тұғын, өшпей тұғын сөз барда». Белгілі журналистің бұл өмірден өткеніне сену қиын. Оның  қолының табы, табанының ізі қалған жерлерде ағаның үнін естіп, ақ дидарын көріп қалатындай күй кешіп жүрген адамзаттың санында қисап жоқ-ау. Мұның қатарында туған-туыстарының сағынышын  және  қосыңыз.                                                             

«Өзінің еңбегімен, мейірімділігінің арқасында елге сыйлы азамат болды. Артынан ілесіп келе жатқан шәкірттері алдағы уақытта мұражайға келіп бір сәт ағаны еске алып тұрады деген ойдамын. Әттең-ай деген өкініш ішімізде жатыр. Бірақ тағдырдың ісіне тосқауыл бола алмаймыз. «Орнында бар оңалар» демекші, қазақтай ел барда Бейсен ағамыздың аты өшпейді», - дейді Бесйен Құранбектің інісі,  Төлеген Жанысбек.

Шара барсыныда Абайұлы туралы тәтті естеліктер айтылды. Көптің көңілін        босатты. Бейсен ағаның бақилық болғаны өң мен түстің ортасындағы жағдай болғаны анық. Бірақ, көндікпеске амал жоқ. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Бейсен Құранбектің аты да, артынан қалдырған жақұт сөзі де ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Оған дәлел, Жас буын арасында еңбек жолын дәріптеу жұмыстарының  басталғаны. Соның бірі алғаш рет Бейсен Құранбек атындағы облыстық олимпиаданың өткізілуі.

Сайыс педагогтар мен оқушылар арасында өткен. Ұстаздар қауымы «Жарқ еткен жасын ғұмыр» - Эссе; «Тұлғадан  жеткен дара сөз» атты сөз зергерлері;  «Талантымен танылған тұлға» - шағын-жоба роликтер. Сынды үш кезең бойынша бақ сынаса, оқушылар болса, Бейсен Құранбектің шығармашылық қызметі аясында алдын-ала берілген тақырыптар бойынша  мақала жазып, «Талантымен танылған тұлға» - шағын-жоба роликтер қорғау бойынша білім додасына қатысты. Жұмыстарды құзіретті қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздар лайықты тұғырынан көрінді.

 

Анар САБЫРОВА.

                   

 

 

 

Күнтізбе

« Ақпан 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1659617