Алматы облысында « Жетісу әдеби клубы» құрылады

14.01.2021ж

Тұяғынан от ұшқан тұлпар уақыт жетегіне алған тағы бір жыл мәреге жетті.  Қойнауына құндылықтар мен қастерлі істерді алып кеткен мезеттің қоржынында, мәдениеттегі маңдай алды істердің табы айшықталып қалғаны ақиқат. 

2020 жыл әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың бас ақыны, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуы сынды мерейлі күндермен есте қалды.

Жер жаһанды жаулаған пандемияға қарамастан мәдениет саласында іргелі істер атқарылды. Сәйкесінше жемісінде берді. Ол туралы Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы айтып берді.

Құндылыққа толы өнер ордасының  есігі айқара ашылған сәті өткен жылдың қанжығасында кеткен-ді. Біз сөз етіп отырған мәдениет ошағы-театр. Ғабит Мүсіреповтің  тілімен айқанда, «театр- хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Қаймағы бұзылмаған, ұлттық сананың төрінен орын алған, әсем ұжымның бірі «Халықтық театр».  Жетісу жерінде бүгінгі күні 22 халықтық театр жұмыс жасайды. Оның сегізі ресми атауын лайықты түрде қорғағанын атап өткен абазал.

Тегіне тартып, текті өнерді серік еткен жандар көрерменімен, халық саф өнермен қайта табысқаны жүрек пернесінің сазды қылын шертуіне сеп болды. Қысыл-таяң кезеңге қарамастан, өткен жылы Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында 5 қойылым, екі ертегі сахналанған болатын. Ағымдағы жылы да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Мәдениет саласындағы басты жаңалықтың бірі Жетісу жерінде «халықаралық театрлар» фестивалінің өтуі болмақ. Аталмыш шараға халықтық театрлар қатысады деп жоспарланған. Фестиваль наурыз айының 27 жұлдызында өткізілмек.   Басқарма басшысының айтуынша, жаңа жылдағы жаңа өзгерістер мерекелік іс-шараларды өткізу деңгейін арттыру болмақ.

«2021 жылы Алматы облысында 33 ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Оның ішінде 6 республикалық, 17 облыстық, 10-ы аудан көлемінде атқарылады.  Тәуелсіздікке 30 жыл, Жамбыл Жабаевтің 175 жылдығы, Жобларыс бидің туғанына 350 жыл, Наурызбай батырдың 315 жылы, Мұқағали Мақатаевтің 90, Тезек төренің 200 жылдығы республикалық көлемде аталынып өтіледі»,- дейді  Мәрлен Көлбаев.

Мерейлі меркелердің ішіндегі шоқтығы биігі тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы екені даусыз. Ел үшін қастерлі күнді ұлықтау жуық арада бастау алады.

Егемендіктің салмағын бұқара арасында насихаттау жұмысының шымылдығы жаңадан құрылған  «Ақжауын» ансамблінің «Тәуелсіздікке тартау» атты ән кешімен түрілгелі тұр.  Айта кету керек, аталмыш ұжымның жетекшісі, белгілі күйші, қазақ өнерінің майталманы, Секен Тұрысбеков.

Осы тектес шаралар тізбегін облыстық «30 жаңа ән» байқауы жалғастырады. Артынша, «Бір ел, бір кітап» акциясы қолға алынбақ. Нәтижесінде 30 жаңа кітаптың тұсауы кесіледі. 5 туындының авторы жетісулық қаламгерлер екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, «Тәуелсіз Қазақстанды құру» атауымен республикалық конференция ұйымдастылып отыр деді басқарма басшысы Мәрлен Қапашұлы.

 Дүбірлі шаралардың легі мұнымен толастар емес. Солардың ішінде ерекше атап өтерлігі, жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай,  Алматы облысы мәдениет басқармасының мұрындақ болуымен республикалық ақындар айтысы өткізіледі. От ауызды, орақ тілді, айтыс өнерінің дүлділдері сөз сайысында Жамбыл Жабаевтің ұрпаққа үлгі болар тұстарымен, артында қалдырған жауһар мұрасын жырламақ. Сонымен қатар, өміршең өлеңдерімен ел есінде есімі мәңгі жаңғырған ақын, Мұқағали Мақатаевтің туғанына 90 жыл толуына орай,  дәстүрлі түрде өткізіліп келген «Жырлайды жүрек» ән кеші республика көлемінде өтеді. Аталған шаралар санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады деп толықтырды басқарма басшысы.

Жағымды жаңалықтың қатарын, жетісулық ақын-жазушылардың басының бір арнаға тоғысуы толықтырып отыр. Олай деуімізге негізде жоқ емес. Жуырда шығармашыл тұлғаларды біріктіретін «Жетісу әдеби клубы» құрылады. Онда 50 жасқа дейінгі, қаламды серік еткен, жауһар жырлардың, көркем сөздің зергерлері мүше бола алады. Мақсаты жас қаламгерлердің мәртебесін көтеріп, оларға жол нұсқау .

«Мәдениеттің мәйегі – кітап» демекші, облыстық мәдениет басқармасы, ұлтты тәрбиелеуші құрал-көк жәшіктің орнын оқырман көңілінен шығатын сапалы көркем әдебиетпен алмастырмақшы.

«Кітап шығару оңай іске айналды. Қазір әркім өзінің өмір жолын кітапқа басып шығаруды әдетке айналдырды. Бұл сарындағы жарық көрген жазбалар тегістей оқырман көңілінен орын алады деп айту қиын. Шығарылатын кітаптың мазмұны сынға төзімді болуы керек.  Алдағы құрылатын әдеби клуб осындай бірқатар ескертпелердің орнын толтыруға жұмыс жасайды деп ойлаймыз. Клубты құра отырып, жас әдебиет сыншыларын да дайындау көзделген. Алдағы таңда дәлдеген нысананы дөп басамыз деген ойдамын»,- деді Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы.

Сондай-ақ, «Жетісу қолөнершілер» клубының негізі қаланады.  Онда, шеберлер мен зергерлер, бір сөзбен айтқанда он саусағынан өнер тамған жандардың сүбелі еңбегін ел арансында таныту жұмысы қолға алынады. Осылайша, әдебиет пен қол өнер саласында молынан олжа салу ойда бар.

Жоғарыда аталған ауқымды жұмыстар ең бірінші облыс әкімінің қолдауының арқасында іске асады. Аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы өңірдің мәдени-көпшілік шарларының жүйелі әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуына баса назар аударуда. Және де мәдениет нысандарының келбетін жаңартуға жағдай жасап отырғаны баршаға мәлім. Оған дәлел, 2020 жылы аталмыш салаға қазынадан 5,5 млрд. теңге бөлінген еді. Соның негізінде 49 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағадрламасы аясында 14 ғимарат, «Ауылым-алтын бесігім» бағдарламасы бойынша 4 нысан, қалған мәдениет үйлері мен мұражайлар кітапханалар ағымдағы жөндеуден өткізілген еді.

Биылғы жылы да облыс аумағындағы 55 мәдениет нысандары жаңартылмақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы қарастырылған деп бөлісті Мәрлен Көлбаев.

 «Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті»,-деген Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі көзге көркем, тілге жеңіл саланың атқарар ісінің салмағы бір атанға артар жүкпен тең екендігін айшықтап тұрғандай. Ендеше, індетке қарамастан өткен жылды табысты еңсерген басқарма биыл да олжасыз қалмасы анық. Өрелі елдің өрісін кеңейтуге бағытталған әр бастамасы оңынан болғай

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4726960