ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҮЛЕС ҚОСУ – БАРЛЫҚ МҮДДЕДЕН БИІК КҮРЕС
- Толығырақ
- Жарияланды 05.03.2021 05:19
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1005
05.03.2021ж
Бүгінде еліміз өз егемендігін алып, бейбіт шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Ал осы бейбіт өмірімізге қол жеткізу кезінде ел тарихында түрлі қиын кезеңдер орын алды. Тарихқа сәл шегініс жасап, халқымыздың басынан өткен қиын кезеңдерді еске алудың өзі өте ауыр. Дегенмен сол аласапыран заматта еліміздің ертеңі үшін жандарын қиып, ерлік көрсеткен азаматтар мен азаматшаларымыздың ерлік істері ел есінде мәңгілік сақтала бермек.
Осы тұста Қытай реформасының атасы Дян Сяопиннің «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі екен.
Өткеннен сабақ алып, тарихымызды қастерлеп, келешекке айқын мақсаттармен қарау бүгінгі біз секілді жастардың басты міндеті. Осыған орай жуырда аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» және «Желтоқсан оқиғасына 35 жыл» толуына орай «Жаркент өңірі» газетінің директоры, аудандық мәслихат депутаты және желтоқсан оқиғасына қатысушысы Бағдат Бейсенқызымен «Тәуелсіз ел» тақырыбында еркін форматта тәуелсіздік тақырыбында әсерлі сұхбат болып өтті. Басқосу барысында өмірдің қиын да қызық жолынан жоққа жасымай, барға асып-тасымай, ізгіліктің ізімен келе жатқан зерделі жан Бағдат Бейсенқызының өмір жолы мен еңбек жолы жиын қатысушыларына таныстырылды. Сыр-сұхбат форматы арқылы өткен жиын барысында аудандық жастар орталығының жастары желтоқсан оқиғасының куәгеріне түрлі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.
Бағдат Бейсенқызы кездесу барысында: «Өткенімізге көз салсақ сүрлеуі мол соқпақтармен, ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден де өтіппіз. Азанымыз ақырын, жаназамыз жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих беттерінде. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте сағына қауышқанымыз – дініміз бен діліміз еді. Бүгінгі шаттығы мол шаңырақта еркін құлшылық қылып отырған заман «Тәңір берген тәтті сый» екенін бүгінгі жастар санасына жақсылап сіңірулері керек»,-деп жастарға егемендікті қастерлеу керектігін атап өтті.
А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.