Халықаралық ғылыми конференция: «Тарих бетіндегі әр әріп құнды...»
- Толығырақ
- Жарияланды 15.03.2021 08:11
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1006
15ү03ү2021ж
Сайын даласының тасына жан бітіп, атырабы ес жиған қасиетті мекеннің азат болып, егемендіктің туын желбіреткеніне 30 жыл.
Алғашқы да іргетасы қаланып, артынан ұлттың керегесі кеңге жайылған Тәуелсіз мемлекеттің шаңырағы биіктеп, өркендеу жолына аяқ басты.
200 жыл патшалық биліктің қысымын көріп, 70 жылдан астам советтік биліктің колониясында болған еліміз барлығына шыдап бақты. Жалпы алғанда 300 жылға созылған кеңестік жүйе қазақты бары мен нарынан айырғаны жасырын емес. Енді еріне қайта қонған ұлт, егемендік жылдарында басынан өткерген мехнатты ғұмыр жолын қайтадан шегендеуге кірісті.
Алатаудың бөктерінде өткен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты халықаралық ғылыми конференция соның айшықты дәлелі.
Алқалы жиын, ҚР Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өткізілді. Аталмыш шараның бастау алуына Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мұрындық болды.
Онлайн конференцияға Түрген Дугай, Назира Курбанова сынды шетелдік тарихшылар қатысты. Бас қосуда отандық ғалымдар, Әуезхан Шашаев пен Арман Жұмаділовтарда төбе көрсетті.
Ал, жас буынның атынан жазушы, әдебиет сыншысы-Елдос Тоқтарбай мінберден табылды.
Ғылыми отырыстың әлқисасы «тарихқа бет бұру арқылы, өркениеттің өріне сүйрейтін руханияттың деңгейін арттыру керек» деген толғамды ой өрбітуден басталды.
«Қоғам мен құндылық», «бағдар мен белес», « таным мен талғам» жайында пікір алмасқан ғалымдар, «ұлттық санадан, мемлекеттік санаға өтетін уақыт келді»,-деп жас ұрпақтың жадына, арда алаштың азаматының бейқамдық танытудан алшақ болуы тиіс екенін тағы да құя түсті.
Мұнысынан, ең әуелі, «мемлекеттік іспен айналысу керек» деген жазылмаған заңдылықты ұғуға болады. Әрине, текті ел қашанда тегеурінді істермен айналысып келеді. Дегенмен, тарихтан аттап алты құрлықты бағындырам деу, бос әуре екені даусыз. Дөңгелек үстелге жиылған қауымның айтқаны да осы ойға пара-пар келді.
Осы орайда, көкейге еріксіз, «сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деген Ахмет Байтұрсынұлының орамды ойы оралады. Расында, қойнауына қаншама сыр мен сансыз сұрақтарды ала кеткен, тарихта қашалған әр істің қазіргі қоғам үшін орны ерек болуы шарт. Біздің тектілігіміздің де дәлелі, тарихымызда жатыр емес пе? Ғалымдар, «тарихты жазбайтын адам жоқ» десті. Шынымен қолға қалам алғанның, том-том кітапқа арқа сүйеген азаматтың барлығы, кешегі өткен дәуірді бүгінгі тарих деп жазатыны бар-ды. Оның есті адамның есінде қалып, жүрегінен орын алып жатқаны неғайбыл. Сондықтанда болар, мамандардың «тарихи кітап, қолданбалы сипатқа айналуы тиіс» деуі де.
Жиында сөз алған, жас жазушы Елдос Тоқтарбай «Алаш кегін қайтару- оқу, тоқу» деп тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірді. Келісбеске болмас, ал іске татыр ілім алу үшін жүйелі, дәйекті дереккөз керек. Осы орайда, әлгінде ғана айтылған «кітаптың қолданбалы сипатқа ауысуы тиіс» деген тұжырымға қайта айналып, бас ұратынымыз жасырын емес.
Бір-бірімен «тонның ішкі бауындай» қабысып жатқан тарих пен білім, бүгінгі азат елдің атын асқақтатып, жасын бәйгеге қосқанда аламанда ат оздырып келуіне сеп болар басты құрал екенін мойындайтын сәт келді. Бұл да, маңызы бөлек, ғылыми конференцияда дәлелденді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:«Отанға деген адалдықтың формуласы айқын. Бұл – төл тарихыңды білу» деп қадап айтқан. Президенттің пікірін, жетекші ғылыми қызметкер Арман Жұмаділов «өз тілімізбен, өз тарихымызбен алысатын жалғыз халық, ол-біз» деп толықтыра түсті.
Текті халқымыз, «Өткен тарихыңды білмей, болашағыңды болжай алмайсың» деген сөз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында шежіреміз бен тағылымдарымыз тарқатылып айтылған еді. Осы бағытта әрі қарай жұмыс жалғасуда. Бұл да, алқалы жиында айтылды.
«Тұңғыш Президенттің аталмыш мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағытына басымдық берілген болатын. Осының аясында Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген жоба жасалынды. Ол энциклопедиялық- ағарту саябағы болмақ. Негізгі міндеті – бүкіл тарихымызды барша адамзат баласына паш ету. Бұл жобаға, елге еңбегі сіңген, әлем таныған тұлағалар енгізілген. Бастапқы кезде 100 тұлға аталған тарихи еңбекке кіріктірілді. Бұл саябақ Нұр-Сұлтан қаласында орналаспақ. Бірі жер үсті, екінші жер асты нысаны болады деп жоспарланған. Нысанның сыртқы бейнесі үлгіге сәйкес, күйіз үйге ұқсас келеуі керек. Мұнда тұлғалардың ескерткіші орнатылып, QR код қойылып, барлық мультимедиа платформасына орналастырылатын болады. Барлық ақпарат үш тілде әзірленген»,-деді Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Әуезхан Шашаев.
Ақиқатына келгенде, әркімнің өткені өзіне қызық. Ал оның түкпіріндегі жақұтты пайдаға асыру, парасат пен пайымның деңгейіне байланысты. Отанымыздың тарихын таныту, елдің санасына сәуле беру мақсатында бір қатар жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі Алматы облысында, аймақ басшысының қолдауымен құрылған жас ғалымдар кеңесі.
«Қазір жас ғалымдарға қолдау көрсету бойынша, жобаларды бастап жатырмыз. Атап айтсақ, ол жас ғалымдар арасындағы байқауы. Оған облыс әкімінің арнайы 10 млн. теңге көлеміндегі гранты бөлінді. Кеңестің ұйытқы болуымен бірінші шара, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында халықаралық ғылыми конференция өткізіп отырмыз. Бұл жерде қазақ елінің өркендеуі бойынша ой талқы жасалынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тарихымызды жастарға жеткізе білуіміз керек. Осы мақсатта, жастар саясаты басқармасы, әрбір ауылды жерлерде тарихымызды жастарға танытатын идеологиялық көшпелі дәрістерді ұйымдастыратын болады»,-дейді Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров.
Жиынның басты миссиясы да, ұрпаққа тарих беттеріндегі әр әріп құнды да, салмақты екенін ұқтыру еді. «Тарихты білу – ұрпақ парызы» дегенді ескерсек, ұлт құндылықтарын қастерлеп, ел даумына өзіндік үлес қосу егемен елдің жастарының ар алдындағы міндеті.
Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.