Мемлекеттік тіл - менің тілім»

22.04.2021ж

Ана тілің  арың  бұл ,

Ұятың  боп  тұр  бетте.

Өзге  тілдің  бәрін біл ,

Өз тіліңді құрметте,  -деп  Абай атамыз жырлағандай еліміз егемендік алып, көк байрағымыз көкте желбірегелі биыл 30 жыл болады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі Елбасымыз атап айтқандай, «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан  есте сақтауымыз керек.

                Тіл қарым-қатынас құралы болуымен бірге оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани-мәдени байлығын,  сан ғасырларға созылған даму тарихын  ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, жеткізуші, жинақтаушы құралы болып табылады.

                Осы қасиеттеріне сәйкес қазақ халқының ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдылық берілетінін негіздеген Ата Заңымызбен Қазақстан Республикасының «Тіл туралы заңы» және  «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаларға» сай қазақ тілі еліміздің бүкіл аймағында, қоғамдық қатынастардың  барлық саласында қолданылатын мемлекеттік  басқару, заң шығару, сот  ісін  жүргізу  және   іс  қағаздарын  жүргізу  тілі болуы тиіс.

                Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік  саласының барлығында  да   батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік  қажетіне    айналдыру.

                Мемлекеттік органдарда мемлекеттік  тілді   дамыту                бойынша          біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқаны мәлім. Мысалы, Әділет департаментінің қызметкерлеріне   мемлекеттік   тілді оқу үйрету  курстары тұрақты түрде ұйымдастырылып жүргізілуде. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері де бар. Қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады.

                Қазақ тілі – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі». Қоғамда қай саланы болсын мемлекеттік тілден хабардар, салалық мамандар басқарғаны абзал. Себебі, тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдіктің  қаны  мен қасиеті   болады.   Ұлттық      болмысты  ұғатын рух, қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін,  елжандылық асқақ сезімі басым жандар ғана көсегемізді көгертеді. “Мемлекеттік тіл – менің тілім” дегенді мемлекеттік қызметкерлерге міндеттегенде ғана оның өміршеңдігіне қол жетеді.   Халықтың  қаны  мен   жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі қазақстандықтардың міндеті  әрі басты  борышы болуы тиіс.

                Тіл білігі – мәдениеттілігіміз бен елжандылығымыздың нышаны. Әрбір  ісіміз  мемлекеттік мүддені ұлықтап, халықтың абырой-беделін көтеретін, рухы биік, мәдениеті мәртебелі ұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиемен бағытталғаны дұрыс. Осы орайда барлық өңірде мемлекеттік істі мемлекеттік тілде жүргізу қажет. Оған қазақ тілін меңгерген кадрларды тарту бүгінгі басты міндетіміз болғаны абзал. Яғни, болашақтың іргетасы бүгіннен қаланатынын ескерген жөн.

                Егер құнарлы тілдің құнын түсіріп, күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге өзіміз үлес қоспасақ, өзгелерден қалай талап етеміз!? Жаңа ғасыр жаңашылдығымызды таразы басына салатынын ұмытпайық, ағайын.

А.Рахимжанова,

Панфилов ауданаралық Әділет

басқармасының инспекторы.

 

 

 

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4726423