Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі
- Толығырақ
- Жарияланды 12.08.2021 03:48
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 959
06.07.2021ж
Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл.
Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау, жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени - әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді.
Алаш зиялысы М.Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт - тілі болуы.Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпіндей тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ»,- деп тіл жайында терең толғанған екен.
Қазақ тілінің қайығы кері қарай жүріп бара жатыр дей алмаспыз. Даму бар. Алға жылжу байқалады. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Дегенмен ана тіліміздің адымдап дамуына өзіміздің де кері әсер беріп жататын кездеріміз бар. Қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуі мұң. Алқалы жиында да арамызға өзге ұлттың бір өкілі кіріп келсе, бәріміз шүлдірлеп «түсінікті» тілге көшеміз.
Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, іс қағаздар жүргізу тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Лауазымды адамның тіл білмеймін деген сылтауымен құжаттарды сауал салуды, өтініштерді немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәні бойынша қарауына жол берілмейді.
Қазақ елінде, қазақ жерінде, қазақ тілі – өркендеуі қажет, оған тек қазақ халқының ұрпақтары ғана емес, бүкіл Қазақстан елінде өмір сүріп жатқан адамдар үлес қосуы керек. Мемлекеттік тілді игеру деген сөз мемлекет азаматы болып өмір сүру деген сөз, өзің өмір сүріп отырған мемлекетте және сол мемлекетті құрған халыққа «азаматпын» деп берген уәдені орындау деген сөз.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет етуі тиіс. «Бір халықпыз, өзгелерге үлгі-өнеге көрсететін ұлтпыз. Мынау он сегіз мың ғаламның ортасынан біздің де алатын орнымыз бар» деген биік сенім, сезімде болуымыз керек. Сонымен қатар Қазақстан секілді кең-байтақ мемлекеттің азаматы екенімізді жан-жүрегімізбен түйсінсек, болашақ ұрпаққа Отан алдында жауапты екенін ұғындырсақ, тіл мәдениетін көтеріп, өркендетуге жол ашылмақ.
Әлима Рахимжанова,
Панфилов ауданаралық Әділет басқармасының
инспекторы.