Елі құрметтеген азамат
- Толығырақ
- Жарияланды 15.10.2021 08:58
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 1091
15.10.2021ж
Өңірімізден шыққан қайраткер, есімі өңір халқына ғана емес, жалпы Жетісу жеріне кеңінен танымал, адал еңбегінің арқасында халық құрметіне бөленген, еңбегін ел білетін іскер жан, асылдың сынығы Молдахметов Мырзағали Молдахметұлы – 90 жаста.
Кейінгі толқын жас ұрпақ жастардың көпшілігі біле білмес, мақаламызға арқау етіп отырған бүгінгі кейіпкеріміз Мырзағали Молдахметов тәуелсіз мемлекетке айналуымызға өз еңбегін қосқан, өмірі өнегеге толы ағамыздың ел тарихында ерекше өзіндік орны бар. Оның өмір жолына көз жүгіртер болсақ, кешегі кеңес заманының өзінде ел қызығатындай еңбек қалдырған. Өзі аңсаған, қазақ елінің тәуелсіздігіне де биыл 30 жыл толды. Бүгінде қоғам қайраткерінің дүбірлі 90 жылдық мерейтойы алаңсыз өткен 30 жылдық азаматтығымызға тұспа-тұс келіп отыр.
Жоғарыда атап өткен сөзімізге мемлекет және қоғам қайраткері, 1978-1986 жылдары Алматы облыстық партия комитетін басқарған Кеңес Мұстаханұлының Мырзағали ағамыз туралы жазып қалдырған мына бір естелігін атап өтуге болады: «Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткен замандастарымның арасында есімін алтын әріппен жазып кеткен біраз азаматтар бар. Солардың бірі де бірегейі, қоғам қайраткері – Мырзағали Молдахметов. Кеңестік кезеңде білім қуып, жоғары оқу орнында оқып, мамандық алып, еңбекке ерте араласты. Ол саналы ғұмырының біраз бөлігін тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне де арнады».
Иә, қандай заман болмасын, жастар әкеге, одан кейін алдыңғы толқын ағаларға қарап өседі. Біз де осы мақаланы жазар алдында Мырзағали ағаның балалық шағы қалай өтті екен деп «тарихқа» үңілгенбіз. Жас шыбықты қалай күтсең, солай өседі. Молдахмет қарияның Мырзашы да мектепте үлгілі оқушы атанып, өз құрбыларының алды болыпты. Атасы елге танымал атбегі болған деседі. Мырзағали он үш-он төрт жасында Сұлтан ағасының Найзагер деген бәйге атымен Ұлы Жеңіс мерекесінде бас бәйгені қанжығасына байлапты. Дегенмен, бұл балалық шақтың бақытты сәттерінің бірі ғана. Жалпы, оның жастық шағы соғыс жылдарының ауыртпалығымен тұспа-тұс келгенін айта кету керек. Ал, ол кездің жағдайы белгілі. Үлкендердің бәрі майданға аттанып, бар ауыртпалық әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Мырзағали ағамыз да ауыл балалары сияқты ерте тұрып, еңбекке араласты. Мал бақты, ешкі, сиыр сауды. Нан болмағанымен, ақ мол болды. Ойын баласы болғанымен, сабақты жақсы оқыды. Халық Жеңіс мерекесін тойлап, мәз-мәйрам болды. Ол мектепті бітіргенімен, үлкен оқуға түсуге жағдайы келмеді. Іргесінде Жаркент қаласындағы бір мектепке аға пионер жетекшісі болып жұмысқа орналасты. Мектепте мұғалім жетіспегендіктен 5-6 кластарға тарих пәнінен сабақ та берді. Сөйтіп жүріп әскерге жасы жеткенін өзі де білмей қалды.
Оның әскери өмірі өте сәтті өтті десе де болады. Оған кезінде мектепте сабақты жақсы оқығаны, аға пионер жетекшісі болғаны көп ықпал етті. Әскерде жүріп әскери училишені бітіріп, елге лейтенант шенімен оралды. Одан әрі денешынықтыру институтында оқып, жоғары білім алды. Бірақ, бала кезден мал бағып, шаруашылыққа бейімделген жас жігіт мұнымен тоқтап қалмады. Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түсіп, білімін шыңдады. Өмір өзі қызық қой. Жоғары білімді, тәжірибесі бар соқталдай жігітті алда комсомол, партия, совет қызметтері күтіп тұрды.
Міне, Мырзағали мырзаның комсомол, партия саласындағы еңбек жолы осылай басталды. Әуелде Талдықорған, Алматы облыстық комсомол комитеттерінде бөлім басшысы, кейін Алматы облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы болып, еңбек майданына араласты. Біртіндеп қызметі өсе берді.
Кеңес заманындағы партия, совет қызметтері Мырзағали ағаны құрыш болаттай шынықтырды. Оның өмір жолындағы мына бір сәтті еске түсіріп көрейік. Сол кездегі термин бойынша Халық депутаттары кеңесі Еңбекшіқазақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүргенінде Есік көлінің құрылысынан бір кінәрат табылды. Тау қойнауындағы жанға жайлы көлдің кереметтігі сондай, бүкіл республика жұртшылығы сонда келіп демалатын. Сол көлдің суы кейінгі кездері лайланып, түсі өзгере бастады. Осыдан бірнеше жыл бұрын сел жүріп, көлдің тынысы қатты тарылған-ды. Ол оқиға елдің есінде. Сол селде біраз адам қайтыс болған. Енді, міне, сол көлде жөндеу жұмыстары жөнді жүргізілмеген болып шықты. Апат тағы қайталанды. Алайда, Мырзағали бастаған топ күндіз-түні тыным таппай, «орталықтың» көмегімен қысқа мерзімде құрылысты қайта қалпына келтірді. Осы жұмыстан кейін Мырзағали ағаны Алматы облыстық партия комитетіне қызметке шақырады. Дегенмен, Мырзағали Молдахметұлы бұл ұсынысты құп көрмей, өзі бастаған құрылысты аяғына дейін бітіруге рұқсат сұрайды. Бірақ, партияның аты – партия! Оның бұйрығы талқылануға жатпайды. Оның үстіне бірінші хатшы Асанбай Асқаров өте қатал, «екі сөйлегенді ұнатпайды» дейді жөн білетіндер. Осылай «үлкен жерге» қызмет ауыстырған Мырзағали ағамыз өзінің Асанбай Асқаровпен алғашқы кездесуін былай деп кестелейді.
«Өзінің жаңа қызметімен таныстырған Асекең алғашында менімен күліп сөйлесті. Оның алғашқы сөзі «жақсы жігіт сияқтысың» болды. Мен ойланбастан, «сондай ауданда жұмыс істеймін, қалай жаман боламын» дедім. Осы сәтті пайдаланып, «Еңбекшіқазақ ауданында біраз бітпеген жұмыстар қалды, соны бітіріп келсем бола ма?» деп едім, ол қасын жиырып, «партия саған екі рет ұсыныс жасамайды» деп сұстана қалды. Оның дауысы сәл қатқылдау шықты. Сәлден соң жүзі жылып, маған күле қарады да көңілімді жұбатты. Асекең жұрт айтатындай өте іскер, ақылды, нағыз интеллигент азамат екеніне кейін көзім жетті» дейді Мырзағали ағамыз.
Алматы облысының экономикасы өткен ғасырдың 60-шы жылдарының екінші жартысынан бастап 70-ші жылдардың аяғына дейін шарықтап өсті. Сол жылдарда мыңдаған гектар суармалы жерлер игеріліп, 60-тан астам жаңа шаруашылық, 4-5 жаңа аудандар құрылды. Сол жылдары қарапайым халыққа ерекше көңіл бөлініп, елдің әлеуметтік жағдайы үлкен деңгейге көтерілді. Алматы облысының ерекше табыстары жоғары бағаланып, облыс екі рет Ленин орденімен марапатталды. Ол табыстар өзінен-өзі келген жоқ. Бұл жетістіктер ең бірінші Асанбай ағаның халыққа жаны ашитын, білімді, ұйымдастыру қабілеті жоғары, адал кадрларды іріктеп, тәрбиелеп, тауып, оларды жауапты, өзекті жерлерге орналастыруында деп ойлаймын. Әсіресе сол жылдары Асанбай аға жастарды кадрлар резервіне тартып, оларды өмір жолында жақсы жетістікке жетуге талпындырды. Міне, сол кадрлардың біреуі және бірегейі Мырзағали аға Молдахметов еді.
Мырзағали аға Жетісу өңірінің абзал азаматы, қазағымыздың біртуар ұлдарының бірі болды. Ағаның өмір жолы әрбір қазақ жастарына үлгі болатын жол. Ол комсомолдан бастап, партия, совет органдарының барлық сатысынан өткен азамат. Әсіресе, Алматы облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған сегіз жыл ішінде көптеген кадрларды іріктеп, орналастырып, тәрбиелеп, облыс экономикасына үлкен үлес қосты.
Ол кісі 1969-1980 жылдары обкомның ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ал, одан кейін 8 жыл партиялық-ұжымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Ал, кейін Алматы қаласындағы Алатау аудандық партия комитетін басқарды. Мырзағали ағаның кәсіподақ саласындағы қызметі 56 жастағы ерекше бір кезеңдерді қамтыды. Қарапайым халықтың, еңбекшілердің мүддесін қорғайтын орган кешегі кеңес заманында өз құнын жоғалтпады. Сондықтан да шығар Асекеңнен кейін партия тізгінін қолға алған бірінші хатшы Кеңес Аухадиев білімі мен білігі, тәжірибесі мол Мырзағалиға қашанда еңбекшілердің мүддесі қымбат екенін түсіндіріп, кәсіподақ қозғалысының лидері болуға ұсыныс жасайды. Міне, содан бері нақтырақ айтсақ, 1985 жылдан бастап Алматы кәсіптік одағының төрағасы болып, саланың тыныс-тіршілігіне дем берді десе болады.
Осы тұста ерекше айта кетер бір жәйт, тығырыққа тірелген заманның кері кезінде де бірі тарап, екіншісі жоғалып кетіп жатқан тоқырау жылдарында өзі жетекшілік еткен саланың жұмысын қожыратпай тұғырында ұстай білді. Бұл Мырзағали ағамыздың ұйымдастырушылық қабілетінің күштілігі еді.
Мырзағали Молдахметов өзінің көп жылдық еңбегінің арқасында кәсіподақтың жаңа кадрларын тәрбиелеп шығарды. Ол кісі Алматы облысының кәсіподақ ұйымын 27 жыл басқарған екен. 80 жасында зейнеткерлікке шығып, 85 жасында келместің кемесіне мініп кете барды. Ағамыз тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Бірақ артында жапырағы жайқалған қара орманы қалды.
Мырзағали Молдахметов, жұбайы – Ғалия мен қызы – Эльмира, немересі – Алихан, баласы Ермек, келіні - Жанар, немересі – Дамира. Ал, ел алдындағы ерен еңбегі үшін Мырзағали ағамыз «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен, Қазақстан Республикасының, Республикалық және облыстық кәсіподақтардың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Алматы облысының Панфилов және Еңбекшіқазақ аудандарының «Құрметті азаматы» атануы ол кісінің қоғамдағы адал да кіршіксіз қызметі үшін берілген жоғары баға еді. (Өз тілшіміз).