ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ МЕЦЕНАТ БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТУДЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІН КӨРСЕТТІ
- Толығырақ
- Жарияланды 24.05.2022 08:04
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 868
2022-05-24
Балалар жылына орай аймағымызда түрлі сала өкілдері мен мецанат азаматтар игілікті шаралар ұйымдастыруда. Облыс орталығындағы мешіт имамдары мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы зекет қорының облыстағы өкілдері 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында «Айналайын» балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Олардың жоба-жоспарына мецанат, кәсіпкер, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Кереев қаржылай және моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, балалар үйіндегі 104 балғынға әсерлі кеш ұсынды. Кешке өңірдің 6 мешіт имамы да қатысты.
– Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу күллі мұсылманның ортақ парызы. Әсіресе, қамкөңіл жандарға сүйіспеншілік танытудың сауабы мол болады. Биылғы жыл Президент Жарлығымен «Балалар жылы» деп бекітілген соң Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлауды жоспарлап едік. Мецанат, кәсіпкер Қайрат Кереев мырза сол жоспарымызды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетті. Міне, бүгін балғындардың шаттыққа толы жанарын көріп, қуанышты сәттеріне куә болып отырмыз, – дейді Талдықорған өңірінің бас имамы Алмас Данағұлов.
Бағдарламаға орай, балалар алдымен арнайы шақырылған лимузиндерге отырып, қаланың көрікті жерлерін аралап шықты. Әрине, қаланы көлікпен қыдыру бізге соншалықты әсер етпейтін шығар. Бірақ балалар үйіндегі тәрбиеленушілер үшін өте қызықты әрі әсерлі болды.
– Мен бүгінгі күнді ешқашан ұмытпайтын боламын. Расында, Балалар жылы аясында көптеген шараға қатысып жүрміз. Бірақ лимузинмен қаланы қыдыру көптен бергі арманым еді. Сол арманым орындалды. Бұл мен сияқты балалардың бәрінің де арманы деуге болады. Сондықтан осы шараны ұйымдастырған Қайрат Нұрғабылұлы бастаған ағаларға шын жүректен алғыс айтамыз. Мен де өскенде Қайрат ағам сияқты депутат болғым келеді. Егер сол арманым орындалса, балаларға қуаныш сыйлайтын шараларды жиі ұйымдастырып тұратын боламын, – дейді балалар үйінің тәрбиеленушісі Ирина Веснина.
Аталмыш шараның ең тартымды тұсы «AQNIET» мейрамханасында өтті. Мейрамханада көл-көсір мерекелік дастарқан жайылып, балалар концерттік бағдарламаны тамашалады. Кешке арнайы шақырылған әнші-бишілермен бірге балалар да өз өнерін көрсетті.
– Баласы бәйгеге шапса, үйде тақымын қысып отыратын ұлттың өкіліміз ғой. Біз де бала өсірдік. Сондықтан бала тәрбиесіндегі жауапкершілік ананың ең басты парызы. Бүгін балғындардың қуанышты көңіл-күйін көріп, толқып тұрмын. Қайрат балам осы қамкөңіл балғындарды мерекесімен құттықтап, тамақтандырайын, көңілін көтерейін, қуантайын деген ойын айтқанда бәріміз қуана қолдадық. Өйткені, ана үшін баланың бәрі бірдей. Қайрат қашанда қолдауға мұқтаж жандардың қасынан табылып жүреді. Ал балалар үйіндегі балғындарға да жиі көмектесіп тұрады. Осы рет мейрамханада көл-көсір дастарқан жайып, қаланы аралатып үлкен азаматтық танытып отыр. Осы ісіне игілік тілеймін. Жұмысы өркендей берсін. Қайраттың бұл ізгілігі әлі де жалғасатын болады, – дейді кәсіпкер Қайраттың анасы Райхан Кереева.
Мерекелік кеште балалар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылып, ойындар ойналды. Жасы үлкен тәрбиеленушілер арасында би жарысы өткізіліп, жеңімпаздар анықталып, сый-сияпатқа ие болды. Сондай-ақ, дәл осы күні туған балалар мен бүлдіршіндерге де арнайы сыйлықтар табысталды. Осылай бір күнді көңілді өткізген балалар кешке қарай лимузиндеріне отырып, үйлеріне қайтты. Қайрат Кереев сияқты азаматтар барда «жесірін қаңғыртып, жетімін жылатпаған» салтымыз да ешқашан өшпейтіні анық.
Қажет АНДАС
Фото - Жұмабай МҰСАБЕК
Талдықорған қаласы
Алматы облысы.