Жетісулық шебер ауылда да бренд жасап отыр

2023-02-20


Бала кездегі сурет салуға деген қызығушылық оны үлкен кәсіпкерлікке жетеледі. Алакөл ауданының тумасы  Ертай Өміртаев бала жастайынан сурет салуды, сондай-ақ, қолөнерлікті ұнататын. Оған бұл қабілет атасы мен арғы атасынан дарыған, олар қарапайым ағашты нағыз өнер туындысына айналдырған жандар болған. Кейіпкер сол себептен шеберханасының атын «Бабалар жолы» деп атапты.



Университетті бітірген соң  Ертай сүйікті хоббиін өмірлік кәсібіне айналдыруды ұйғарады. Туған өлкесіне оралып, Алакөл ауданының орталығы – Үшарал қаласында өз шеберханасын ашады. 2019 жылы ҮЕҰ-ға арналған әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінен ұтып алған 1 миллион теңге кәсіпті жаңа бастаған шеберге жақсы көмек болды.
Ол бұл қаражатқа құрал-жабдықтар алып, шағын цехты іске қосты. 
Бүгінде қолөнершінің шығармашылығында ұлттық музыкалық аспаптар жасау ерекше орын алады.
«Домбыра, қобыз, жетіген, сазген, дауылпаздарға сұраныс жоғары. Шеберхананың ассортименті түркі халықтарының музыкалық аспаптарының 45 түрін қамтиды. Айына 6-7 бұйым шығарамыз», – дейді кейіпкер.
Шебердің қажырлы еңбегі шет елдерде де жоғары бағаланды. Өнімдер тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда да сатып алынады.
«Цехте ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, тұрмыстық заттарды да жасаймыз. Мен өз білетінімді жас өскелең ұрпаққа да үйреткім келеді. Бүгінде ағаш ою өнерін 7 адам үйренді. Олар қазірдің өзінде тамаша ұлттық аспаптар мен ыдыстарды жасайды. Ал менің жеке брендім ұрпақтар арасындағы үздіксіз байланыс пен дәстүрлер сабақтастығын бейнелейтін «Жеті ата шежіре» панно-картинасы болды», –  дейді Ертай Өміртаев.
Шебердің отбасы кішкентай, жары және екі баласы бар. Жұбайы құрақ көрпелер тігіп, қыз  жасау дайындаумен айналысады. Талантты ата-аналардың балалары да өнерден кенде емес. Ұлы спортпен айналысса, қызы сурет салғанды ұнатады», –  дейді қолөнерші.
Кейіпкер алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, заттарын әлемдік деңгейге шығаруды алдына мақсат етіп отыр. Қазір  цех 35 шаршы метр жерде орналасқан. Болашақта оны 200 шаршы метрге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар  ол жастарды оқытуды жалғастырып, Үшарал колледжінің түлектерін осы кәсіпке баулығысы келеді.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4740637