Қазақстан халқы 25 қазанда ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді

2023-10-16


 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтеріп: «Мен Республика күніне ұлттық Мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деген болатын.

 

 Кейіннен бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына өзгеріс енгізіліп, өткен 2022 жылдың 25 қазаны - Республика күні - ұлттық Мереке болып белгіленген-ді.

 Тарихқа көз жүгіртсек, Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізіліпті. Республика күнін ел бар-жоғы 17 рет қана тойлаған екен.

 Қайта жаңғырған ұлттық мереке Алатаудың баурайындағы Алматыда биыл да өз дәрежесінде тойланатыны анық. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде бірлігіміздің символы саналатын - мемлекеттік Ту салтанатты түрде көкке көтеріліп, Әнұран орындалады. Дәл осы сәт ұлттық мерекенің маңызын арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан бұл рәсімді елім, жерім деген әрбір қазақстандықтың һәм жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды іс-шара деп атауға болады.

 Жалпы, мереке қарсаңында маңызы бар мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында міндетті түрде атаулы күнге орайластырылған маңызды басқосулар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Мектептерде Республика күніне арналған тәрбие сағаттары өтеді. Себебі, олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады.

 Биыл да ауданда ұлттық мерекені өз деңгейінде атап өтеді. Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар пайдалануға беріліп, қала халқының әл-ауқатын арттыруда бағытталған маңызды іс-шаралар қолға алынды.

 Республика күні — халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін ұлттық мереке. Сондықтан бұл азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке деп білеміз.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725960