«Құрылтай - ұлтымызды озық ойлы ел етудің ұтымды тетігі»
- Толығырақ
- Жарияланды 26.04.2024 11:48
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 181
2024-04-26
Баршаға аян, күні кеше ғана Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» тақырыбымен өткен бұл басқосуда ел өміріндегі ең маңызды қадау-қадау мәселелер қаралғаны да көпке әйгілі. Біз осынау алқалы жиынға қатысып қайтқан ауданымыздағы ардагерлер ұйымының төрағасы ТОҚТАРБАЙ ӘКІМҰЛЫ КЕРІМҚҰЛОВҚА жолығып, сұхбаттасқан едік.
-Тоқтарбай Әкімұлы, ұлтымыздың ұлық жиыны– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайға Жетісу облысы бойынша тек Сіз ғана мүше болып сайланыпсыз, құтты болсын! Мұндай аса мәртебелі алғы саптағы кеңесу тобының қатарында болудың қалай сәті түсті?
-Негізі бұрыннан облыстық Қоғамдық Кеңесінің мүшесімін ғой. Мен туралы ұсыныс осы ұйым мен облыс, аудан басшылығы тарапынан айтылса керек.
- «Елдік мәселе» дегенде елең ете түсу - ежелгі әдетіміз. Сондықтан құрылтай туралы хабарларды теледидардан қалт жібермей көруге тырыстық. Газеттер мен әлеуметтік желілерге де көз қадап отырдық. Дегенмен, отырыстың тікелей ортасында болып, көзбе көз көріп, қатысушылармен ауызба-ауыз, сөзбе-сөз сөйлесудің жөні бөлек қой. Сіздің әсеріңіз қандай?
-Е-е, құрылтайдан алған әсер, көкейге түйген ой өте терең. Өздеріңізге белгілі, қазір күллі еліміз ерекше кезеңде өмір сүріп жатқаны көзі қарақты, көкірегі ояу кім-кімге де түсінікті. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жаңа, Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру жолында өте ауқымды да күрделі саяси-экономикалық және рухани-әлеуметтік реформалар жүзеге асуда. Осындай жағдайда өткен ұлттық құрылтайдың мән-маңызы, әрине, өзгеше өзекті. Әсіресе, оның Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келуінде айрықша символдық нышан бар. Мұнда «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және жауапкершілік», «Заң және Тәртіп» атты ұлттық құндылықтар ұлағатталды. Бұл баға жетпес үрдістер мемлекеттіктің өзегі болған озық ойлармен тоғысты. Есім-сойы бүкіл елімізге етене таныс небір марқасқа мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, іс басындағы министрлермен, сондай-ақ, ақын-жазушы, ғалымдармен, республикамыздың түпкір-түпкірінен келген өзіміз сияқты азаматтармен де танысып, ой-пікір алмастық. Бәтуәлі әңгімелердің ортақ байламын жасауға тырыстық. Құрылтайда ортақ ізгі мақсатқа жету жолында ортаға салынған осы келелі кеңестер мен ұтымды ұсыныстар ұлтымыз үшін бұдан былай адастырмас бағдаршам болуға тиіс деп ойлаймын. Өйткені Ұлттық құрылтай – ұлтымызды озық ойлы халықтар қатарына қосуды ұйымдастырудың ұтымды тетігі!
-Енді құрылтайдағы өз қаракетіңіз туралы тілге тиек етсеңіз.
-Биылғы 27-28 қаңтарда алғаш рет Астана қаласына Ұлттық құрылтайдың секция жұмысына қатысуға бардым. «Азаматтық қоғам», «Мәдениет, Өнер, Руханият», «Білім және ғылым» және «Әлеуметтік- экономикалық және аймақтық даму» атты төрт секция құрылған екен. Мені осы соңғысының сапына қосты. Жетекшіміз - Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова. Құрылтай секциясында ең оңтайлысы - ой-пікіріңді ортаға салуға еш шектеу қойылмайды екен. Шен-шекпеніңе тіпті ешкім назар аудармайды да. Ең бастысы – айтқан ұсынысыңның құндылығы.
Жасыратыны жоқ, мұндай еркіндікті сезінген соң бірден екпін алып, ойымды ортаға салдым.
Қазір ауыл тұрғындарының алпыс пайыздан астамы – егде адамдар. Бәрі де – зейнет жасында. Ауыл шаруашылығы саласының агроном, мал дәрігері, механизатор, темірші, токарь, дәнекерлеуші тәрізді мамандары жоқтың қасы. Өздеріңе өте жақсы мәлім, Жетісу облысының, оның ішінде, әрине, жазиралы Жаркент жерінің басты байлығы – «дала аруы» атанған жүгері. Мыңдаған гектар жерді қамтитын бұл бағлан дақылды өсіріп, өнімін жинау үшін ауыл еңбеккерлері ерте көктемнен - күздің қара суығы түскенше уақытпен есептеспей, бел шешпей, маңдай терін шүмектетте жүріп тынбай еңбек етеді. Облыс бойынша диқан қауымының өткен жыл бойы жанкешті бейнетінің нәтижесінде өндірілген осы алтын дәннің 100000 тоннадайы әлі күнге дейін өтпей, қазір қар басқан қырмандарда тау-тау болып үйіліп, көгеріп жатыр. Кезінде телегей-теңіз табыс көзі болған тері, жүн тәрізді мал өнімдері тіптен сұраусыз қалды. Қоқыс тастайтын орындарда сасып, шіруде. Жалпы, мұнай, газ, басқа да қазба байлық қорларының бәрі де мәңгілік емес. Әйтеуір бір түгесіледі, таусылады. Сол себепті де түптің-түбінде экспорт ауыл шаруашылығы өнімдері болатыны күмәнсіз. Бірақ, оны өндіретін ауылдық жерлерде адамдар аз. жастар тіпті тұрақтамайды.
Осы орайда тағы бір басты мәселелердің бірегейі – ұлтымыздың демографиялық өсімін ұмытпау. Бұл бағытта да нақты нәтижеге жету жолы тек ауылда екенін естен шығармауға тиіспіз.
Сөйтіп, осы алтын бесік - ауылдарымыздың бүгінгі таңдағы нақты жағдайын биік мінберден осылайша бүкпесіз айтып бердім.
-Дұрыс. Ауылдың ахуалын айтудай-ақ айтып, «диагнозын» дәл қойыпсыз. Ал осынау олқылықтардың орнын толтыру үшін қандай ұсыныстар білдірдіңіз?
-Бүкіл саналы ғұмырымыз ауылдық жерде, ауыл шаруашылығы саласында өтіп келеді емес пе? Осы ұзақ уақыт барысындағы іс-тәжірибемізде көзіміз көрген, көңілге түйген күрмеуі күрделі мәселелер өте көп қой. Сондықтан осындай сәті түсіп тұрғанда несіне іркілейін?. Ауылдың, ауыл адамдарының әлеуетін арттыру үшін қажетті деген алғы шарттарды тұмсығынан тізіп тұрып, төмендегідей етіп санамалап бердім:
-ауыл еңбеккерлерінің өндірген өнімін «Азық-түлік» коорпорациясына сатып алуды ұйымдастыру және оны өңдеумен айналысуды жүктеу.
- «Агробанк құру»;
-ауылда «Үй саламын» деген жастарға бір жылда жер телімін беруді қамтамасыз ету және оны заңмен бекіту:
-ауылға ипотеканы енгізу және өтеу мерзімін ұлғайтып, несие пайызын төмендету;
-мектепте, балалар бақшалары мен емдеу мекемелерінде бүлдіршіндерге тегін қызмет көрсету;
-ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау және оларды тұрақтандыру үшін кәсіптік-техниканың оқу орнына қабылдар алдында келісім-шарт жасасып, оқуды тәмамдағаннан кейін ауылдарда үш-бес жыл жұмыс істеуді жүктеу, олай болмаған жағдайда оқуға шыққан шығынды қайтаруын міндеттеу.
-Қаңтарда Астанадағы секция барысында бұл шаруалардың басын оңға қаратуды батыл көтерген екенсіз. Ал, наурызда Атырауда өткен құрылтайда қандай мәселелерге тоқталдыңыз?
- Мен бұл жолы Қоғамдық даму және ақпарат министрі Аида Балаева басқаратын секцияда мәдениет, өнер және руханият мәселелері туралы ойымды ортаға салып, ұсынысымды білдірдім.
Жастарды ауылда тұрақтандырудың негізгі тетігін мәдениет пен өнерден, спорттан іздеуіміз керек. Олармен жиі-жиі кездесіп, мәдени-бұқаралық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді үрдіске айналдырған жөн. «Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтылмаған, Қарапайым көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, түрлі өнер байқауларын, жыр мүшәйрасын ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрлі бұқаралық спорт ойындарын өрістету де тұрғындардың, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына игі әсерін тигізеді. Әрі аршылмай жатқан бұлақтардың көзін ашып, танылмай жүрген таланттардың есімдерін бүкіл елге паш етеді. Бұл арада осындай тәрбиелік-тағылымдық шаралардан ақша аямай, қажетті қаржы бөлуді заңдық тұрғыда қарастыру керек.
Жас кезде еліктеу-солықтау жиі орын алатыны сөзсіз. Ит талағандай жыртық-жыртық шалбар киіп, кіндігін, балтырын, бөксесін жылтыңдатып ашық-шашық жүретін бозөкпелер өздерінің бұл қисынсыз қылықтары қазақы салт-дәстүрімізге мүлдем қайшы екенін түйсіне ме? Мектеп оқушыларының ораза ұстауы, сабақты тастап, жұма намазға баруы, түнде тарауыққа қатысуы қаншалықты орынды? Сонан соң ертесі сабақта бастары салбырап, дел-сал боп, шаршап-шалдығып отыратын ол байқұстардың миына білім қалай қонады? Санасына дәріс қалай дариды? Осыны да ата-ана, мұғалімдер, жалпы қоғам болып ойланып, заңнамалық тұрғыда шешкеніміз абзал. Қоғамға қатер туғызатын діни ағымдарға қарсы арнайы заң қабылдау да қажет.
Құрылтай кезінде №2 секция жұмысында осындай ой-пікіріммен бөліскеннен кейін оған қоса «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясына тағы да қатысып: 1.«Азық-түлік» коорпорациясының міндетін қайта қарау және оған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жүктеу керек. 2. «Тері, жүн тәрізді мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу қымбат» деген уәж – сыныққа сылтау іздеу. Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Керімағаш өңірінде жер астынан шығып жатқан 96 градустық ыстық суды зерттеп, пайдалану қажет. Жүн, тері өңдеуде ең көп шығын оларды жууға кететінін ескерсек, туған табиғатымыздың бізге тарту етіп отырған осы өз сыйын – ыстық суын пайдалану көп пайда келтіреді» деген нақты ұсынысымды тағы да айттым.
Осы арада тағы бір айрықша айта кететін жайт сол, қаңтарда Астанадағы секция жұмысына барып қатысқанда ипотеканы ауылды жерде қолдану туралы ұсыныс білдіргенбіз. Ал Атыраудағы құрылтай отырысында Мемлекет басшысының тікелей өзі бұл бастаманың өте орынды екенін атап өтіп, оны орындау бойынша құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.
Тағы бір құптарлық мәселе: бізге, яғни, құрылтай мүшелеріне, кең-байтақ еліміздің әр шалғайында жүрсек те, кез келген уақытта орталыққа хабарласып тұруға мүмкіндік берілді. Сөйтіп, өзіміз ұсынған мәселелердің орындалу барысын ұдайы қадағалап тұра аламыз.
-Бәрекелді, Тоқтарбай Әкімұлы! «Туған жерге туыңды тік» демекші, ат жалын артып, азамат атанғаннан - құрметті зейнеткерлікке шыққанша алтын бесік – ауылды жерде ерен еңбек етіп едіңіз. Енді ел ақсақалы, еңбек ардагері ретінде ел-жұртты толғандырып жүрген аса маңызды мәселелерді еліміздегі ең биік мінберден жария еткеніңіз - қарымды қайраткерлігіңізбен астасып, өте өтімді болыпты. Бұдан былай да денсаулығыңыз нығайып, беделіңіз биіктей берсін!
-Рақымет!
Сұхбаттасқан:
Нұрәділ БЕГІМБЕТ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.