Қосымша білім артық етпейді
- Толығырақ
- Жарияланды 21.05.2024 06:56
- Автор: Super User
- Категория: Мәдениет және руханият
- Қаралды: 156
2024-05-21
«Білім инемен құдық қазғандай» деп ұлт даналығында бекер айтылмаған. Білімді болу тек қана бірдің немесе бірнеше адамнан құрылған топтың ғана емес, қоғамның көкейкесті мәселесі. Дамыған елдермен тең түсу - заман ағымына сай болудың бүгінгі күннің талабы.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының Техникалық және кәсіптік дайындық бөлімінің әскери қызметшілері арнайы білімдерін шыңдады. ҚР Қорғаныс министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжде «Базалық курс» оқу бағдарламасынан өтті.
Арнайы курстан өткен әскери қызметшілерді сөзге тартқан едік. Бөлім нұсқаушысы сержант Ерлан Мырзағұлов:
- Колледжде 15 пәннен білім алып, соңында емтихан тапсырдық. Жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Сабақтан бөлек топаграфиялық және жауынгерлік дайындық бойынша оқу бағдарламаларынан өттік. Түрлі қару-жарақтармен таныстық. Полигонда қарулар жөнінде алған теориялық білімімізді тәжірибе жүзінде іске асырдық. Ал топографиялық сабақтарда түрлі карталар мен компастарды пайдаландық. Одан бөлек әскери психологиялық, этикалық, практикалық ату кезеңіндегі сыртқы баллистика және ішкі баллистика білімдерімен қордаландық. Мысалғы, компас болмай қалған жағдайда күнге қарап немесе жан-жақтағы тау-тастар арқылы қай жерде тұрғанымызды бағдарлауға жаттықтық, - дейді.
Бөлім нұсқаушысы кіші сержант Елдос Байматаев:
- Маған Шоқан Уалиханов атындағы колледждің оқу үрдісі мен ішкі тәртібі қатты ұнады. Дәріс жүргізген оқытушылар құрамы да өте жақсы. Сабақ беру әдістері көңілге қонымды. Жалпы алғанда колледж білім сапасы жағынан еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі деп ойлаймын. Мен ол жерде білім мен қатар әскери қызметшіге қажетті рухани байлықты да алдым. Сонымен қатар Отанға, елге, туған жерге деген патриоттық сезімімді шыңдап келдім десем де болады, - дейді.
Материалдық базамен жақсы жабдықталған білім ордасы демалыс күндерді де қызықты өткізуді жоспарлауды назардан тыс қалдырмаған. Тыңдаушыларды тарихи танымдылықтың көкжиегін кеңейтер орындарға мәдени демалыстар ұйымдастырған.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті