Рәмізіңмен рухтан

2025-01-28

Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда қабылданғанын барлығымыз білеміз. Олар жайдан-жай алына салған жоқ. Рәміздеріміздің қай-қайсысын алсақ та үлкен мән, мағына жатыр деп ойлаймын .

 Нақтырақ айтсақ, Елтаңбадағы шаңырақ Отан бейнесі, ортақ жерде өмір сүріп жатқандықты білдірсе, ал қанатты қос пырақ шексіз өмірді бейнелейді, жоғары жағындағы жұлдыз елтаңбаның тәжі, мемлекетімізге жол нұсқаушы деп білемін. Төменгі жағындағы «Қазақстан» жазуы әлемге осындай тәуелсіз мемлекет бар екендігін паш етіп тұрғандай. Елтаңбаның бұл нұсқасы 230-дан астам жұмыстың ішінен таңдалып алынған Жандарбек Мәлібекұлы мен Шота Уәлихановтың туындысы еді.

Кез-келген мемлекетте халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған Гимні болады. М.Әлімбаев айтқандай «Әнұран-сөзден тоқылған Ту», небір айтулы жарыстарда оза шапқан дүлдүл, саңлақтарымыз Қазақстанынң Туын желбіретіп, Әнұранын ойнатқанда кеудеңде ерекше мақтаныш сезімі кернейді, жасыратыны жоқ, көзіңе жас толады, тебіренесің. 1992 жылы Мұзафар Əлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаеваның сөздеріне жазылған алғашқы Əнұранымыздың өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарғанын айта кету керек. 2006 жылғы 6 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рəміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін 10 қаңтар күні Ж. Нәжімеденов пен Н.Назарбаевтың сөзіне, Ш.Қалдаяқовтың әніне жазылған «Менің Қазақстаным» ресми Гимн болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарих парағына жаңа Гимннің туған күні ретінде жазылды.

Ту- мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздің бірі. Туымыздың түсі төбедегi бұлтсыз ашық аспанды, Қазақстан халқының береке-бірлігін, ынтымағын, ниет-тілектің тазалығын, адалдығын бейнелейді. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты, күш-қуатты меңзейдi. Қанатын жайған қыран құс –алға қойылған мақсаттар мен жарқын болашақтың, қырағылық пен мəрттіктің символы іспеттес. Суретшi Шәкен Ниязбековтің қолынан шыққан ҚР мемлекеттік Туы талай додаларда желбірегенін ешкім жоққа шығара алмас.

Сәулесі бар алтын күн - байлық пен тыныштықтың символы, оның сәулелері-біздің елімізде тұратын барлық халықтардың достығы. Ал қалықтаған дала бүркіті жомарттық пен қырағылықтың символы, ой-пікірдің биіктігі. Қазақстан Республикасының туын халықаралық көрмелерде, жарыстарда және әлемдік деңгейдегі кездесулерде жиі көруге болады. Менің Отаным әлемге танымал және құрметті екенін түсіну мен үшін жағымды.

Міне, мемлекеттік рәміздеріміздегі әрбір элементтің өзіндік мән-мағынасы бар. Сондықтан ҚР әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті . Ал рәміздерімізді құрметтеуді әркім өзінен бастау керек деп ойлаймын. Жақында әлеуметтік желілердің бірінен ҚР әншісі Димаш Құдайбергеннің шетелде жүріп, жерде жатқан еліміздің Туын көтеріп алғанын көрдім. Міне, бұл үлгі алатын жайт .Осылай әрбіріміз рәміздерімізге құрмет көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Менің ойымша, мемлекеттік рәміздерді құрмет тұту адамзаттың, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттырады.

Түрлі әлеуметтік желілер арқылы халықтың, жай ғана адамдардың мемлекетінің рәміздеріне құрметін білу үшін түрлі сынақтар ұйымдастырылып жатқанын көріп жүрмін, менің аңғарғаным жерге әдейі тасталған Қазақстанның жалаушасын үлкенінен кішкентай балаға дейін еңкейіп көтеріп алып, қолымен тазалап, биікке көтеріп кетіп бара жатқандарын көріп қуандым, рәміздерге деген құрметтің жоғары екендігін.

Халқымыздың асқақ рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, келешекке деген үмітін, арман-тілегін паш ететін, ортақ мақсатқа топтастырып, біріктіруші күшке ие - мемлекеттік рәміздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлей білейік! Ашық аспанда көк Туымыз желбіреп, Гимніміз асқақтай берсін!

Біз Тәуелсіз асқақ елдің биік мақсатты жас ұрпағымыз, буынымыз, біздің міндетіміз- Патриот болу, Отанымызды қорғау, ел үшін игілікті еңбек ету, Отанымыздың рәміздерін асқақтату, желбірету, мемлекет игілігі үшін оқу.

 Б.Тлеухан.

Күнтізбе

« Ақпан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 5024903