Наркескен

Адам баласының тағдыры сан алуандығымен ерекшеленетіні Алланың құдіреті екені түсінікті жайт. Ғалым аға да қияннан жол тартып, арман мақсатының асқар шыңына шығуда шырғалаңы көп өмір жолынан өтіп, мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен нағыз азамат!

    Тумысынан еңбекқор, жаңашыл, қарапайым адамдардың мүддесі үшін жанкештілікке, басын қатерге тігуге дейін баруға дайын, іскер де талантты басшы бола білген дара, биік тұғырлы тұлға. Ол жаратылысынан шындық үшін бар күш-жігерін, білімі мен біліктілігін жұмсады. Аппақ арына шаң жуытпай өмірдің сан сынағынан сүрінбей өтіп, ел сенімін абыроймен ақтаған, елінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі үшін, жер жаннаты Жетісудың қайталанбас көркем табиғатының тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте өмірі мен денсаулығын  бәйгеге  тігіп,  Алтынемел алқабының тұмса табиғаты мен жануарлар әлемінің сақталып қалуына бозторғайдай шырылдап араша түскен асыл ағамыз сексеннің сеңгіріне алқынбастан жігерлі жетіп отырғанына бәріміз қуанамыз. Оның ғибратты өмір жолы жас ұрпаққа өнеге, ерекше тағылым екені белгілі. Қоғамымызға, ортасына орасан пайдасын тигізген асыл ағаның өнегесі баға жетпес асыл қазынамыз десек қателеспейміз.

     Ғалым Тұрғанбаев Алматы облысының, Панфилов, Ақсу, Көксу аудандарының «Құрметті азаматы», Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің, көптеген медальдар мен төсбелгілердің иегері, Жетісу өлкесінің үш ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, ерен еңбегімен елдің ерекше құрметіне бөленген облыстағы саусақпен санарлық азаматтың бірі. 

    Қазақ халқын қынадай қырған ашаршылық, бетке ұстар қайраткерлерімізді оққа байлаған қанды қасап репрессия жылдарынан кейінгі аса қиын кезеңде дүниеге келген Ғалымды тағдыр тезі ерте есейтті. Лесновка ауылындағы бастауыш мектепті үздік бітірген соң Жаркент балалар үйі мен пансиондық интернатта оқып 1956 жылы орта мектепті үздік тәмамдайды. Әкесінен ерте айырылып, анасы мен жалғыз қарындасына қарайлаған қамкөңіл жасөспірім оқуын ары қарай жалғастыра алмайтындықтан орман шаруашылығына буыны қатып, бұғанасы бекіместен жұмысшы болып орналасады. Жұмыс үстінде  жазатайым оқиғадан аяғын сындырып алып жыл бойы төсек тартып емделуге мәжбүр болады. Емделіп жатқанда кітапқұмар Ғалымға қызықты кітаптар мен дәмді ас алып келіп тұратын ұяң мінезді, тұлымшағы желбіреген Баян атты сары қызбен көңілі жарасып отау құруымен  Ғалымға бақыттың есігі ашылады. Бұл  тағдырдың қатал сынын ғана көріп жүрген жігерлі жасқа Алланың жасаған жақсылығы болуы керек. Жүзінен мейірім нұры төгілген ананың тәрбиесін көрген Баян тәтемізге Ғалымдай біртуар асыл азаматқа жар болуды тағдыры бұйыртқан баға жетпес сый болды десек болады. Қайда болса да әскери адамның жары сияқты қасынан табылған асыл ана, адал жар Баян тәтеміз еңбегімен ел құрметіне бөленген, күндіз-түні үй көрмейтін жанның қасиетті қара шаңырағына береке мен бақыт сыйлады, балаларына аяулы ана, еріне адал жар атанды.

  Кезекті еңбек жолын Талды ауылдық Кеңесінің хатшысы, төрағасы, Жамбыл атындағы ұжымшардың партия комитетінің хатшысы қызметтерінде бастап, аз уақыттың ішінде еңбексүйгіштігін, әр істі асқан жауапкершілікпен тындырымды атқаратындығымен көзге түскен жалынды жастың болашағынан үлкен үміт күткен Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ш.Сәпиев ағамыз оны Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді.Ол кезде 4 балалы болған Ғалым ағамыз ойланбастан тәуекелге бел буып балалары мен анасын Алла мен сүйікті жары Баянға табыстап 5 жыл бойы білім нәрімен сусындауға аттанады. Ет тірлігінің арқасында Алматы мал дәрігерлік институтын да қатар алып жүріп, оқып партия қызметкері, жоғары білімді мал шаруашылығы маманы атанады. Оқуын үздік тәмамдай сала Киров атындағы ұжымшардың партия комитеті хатшысы қызметіне келуімен  коммунистердің белсенділігі артып, шаруашылық экономикасы өркендеу жолына түседі. Жалынды жастың іскерлігін, еңбек адамдарымен ерекше тіл табысу қасиетін, табандылығын байқаған ауданның бірінші басшысы өзі қызмет бабымен облысты басқаруға ауысқанда Ғ.Тұрғанбаевтың жастығына қарамастан өз орнынан қоюының өзі тәжірибелі басшының оған көрсеткен ерекше сенімі деуге болады. 30 жастағы жас  Н. Головацкий,  Ы.Қожахметов, Н.Сауранбаев, И.Белалов сияқты атағы жер жарған, адуынды нарқасқалардың алдында қаймықпай,  тапсырма беріп, қызметтік талаптарын қоя білуінің өзі оның өмірден алған өлшеусіз тәжірибесі, іскерлігі, принципшілдігі, табандылығының арқасында жүзеге асқаны белгілі. Әлсізге қорған, жеріне орман бола жүріп, әр істің байыбына терең барып, әділетті шешілуіне, тұрғындардың мұң-мұқтаждарының дер кезінде оңды шешім табуына мұрындық болып, талай кеудесіне нан піскендер мен заңды белден басқандарды тәубесіне келтіру көп қажыр-қайратты талап еткені шындық.

 Панфилов ауданы ол басқарған 3 жылда да Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы қызыл туын жеңіп алып отыруы дәстүрге айналып, ауданымыздың беделі Одақ пен шетелдерге дейін асқақтады. Барлық елді-мекендерімізде білім, мәдениет ошақтары мен тұрғын үйлер көптеп салынып, халықтың тұрмыс-тіршілігі оңала бастады, шаруашылықтар өркендеудің сара жолына түсті.

    Ал, сан ғасырлық тарихы бар ежелгі  Жаркент қаласы болса тотыдай түрленді - аудандық партия комитетінің 4 қабатты ғимараты, аудандық мәдениет үйі, тағы басқа мәдени-тұрмыстық ғимараттардың  сәулеттік өнердің ерекше озық үлгілерімен, сапалы салынуының өзі Ғалым ағамыздың құрылыс саласының да білгірі екенін көрсетті десек қателеспейміз. 1974 жылы республикамыздың бірінші басшысы, қазақтың біртуар нар тұлғасы, академик Д.Қонаевтың келгенін ұтымды пайдаланып, әлемде теңдесі жоқ сәулет өнерінің ерекше үлгісімен салынған, тозығы әбден жетіп тұрған Уәлибай мешітінің күрделі жөндеуіне қаржы бөлгізуге қол жеткізуінің өзі іскер басшының сауапты ісінің бірі деп бағалауға болады.

   Жаратылысынан өзіндік ойы қалыптасқан, шындықты бетке айтатын бірбеткей, өзінен лауазымы жоғарыдан ықпайтын, мәймөңкелеуді жаны сүймейтін тік мінезді, қарамағындағыларға қатал талап қойғыш жалынды жас Ақсу және Көксу аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы лауазымдарын атқарғанда да ешкімнің ығына жығыла қоймады, өз ұстанымын іскерлігімен, жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырушылық қабілетімен ұштастыра отырып, толағай табысқа жетуге болатынын  талай мәрте дәлелдеді де. Ол кісі қайсы ауданда басшы болмасын шаруашылықтарда мал басы, аудандарда жан басы өсіп, жергілікті өндіріс өркендеді, барлық салаларда ілгерілеу үрдіс алып, мол өнімге негіз қаланып, таза табыс алуға қол жеткізілді, елді мекендер абаттандырылып, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарды. Шалғайдағы малшы, дала төсіндегі диқан ол кісінің қызметтік автокөлігінен түсе салып жұмыс киімі мен резеңке етігін киіп кетпен шауып, танапты, жеміс ағашын қалай суару керектігін көрсеткен кездерінде кейбіреулердің ұяттан жерге кіріп кете жаздаған сәттері болғанын көпшілік әр ауданда әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Ақсу өңірінде он жыл басшылық жасаған кезде аяулы жары Баян тәтеміз өмірден ерте озғаны асыл ағаның өзегін өртеген, қабырғасын қайыстырған аса ауыр қайғы болды. Болған іске берік болып, тасқа өскен емендей еңсесін тіктеген ағамыз бір жылдан соң елге оралып «Басши» кеңшарын басқаруды өз қолына алды.

  1989 жылы  Кеңес Одағының батырлары шыққан даңқты Гвардия ауданының орталығы Қоғалы ауылында КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына үміткер Ұ.Қарамановтың  сайлаушылар алдындағы бағдарламасымен танысу рәсімінде  сөз Ғ.Тұрғанбаевқа берілгенде елімізге есімі белгілі, билікте ықпалы зор үміткерге Жетісудың ең ірі өзені Іленің бойындағы «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың, құстардың, сирек кездесетін ағаштардың иесіздік пен қырсыздықтың салдарынан  алқаптарда өрттердің шығуынан өртке оранып, аңдар мен құстардың браконьерлердің аяусыз қыруынан жойылып бара жатқанынан жеткізіп, ата-бабамыз қанын төгіп, ерлікпен қорғаған тұмса табиғатты сақтап қалудың соңғы жолы-Ұлттық табиғат қорығын құруға жәрдемдесуді халық атынан аманат етіп тапсырғаны қандай көрегендік, жаны ашығандық десеңізші! Ғалым аға Министрлер Кеңесінің төрағасының қабылдауына дейін барып қорықтың техникалық-экономикалық құжаттарын реттеу тәртібін пысықтап, облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Тұрсыновпен ақылдасып, қорыққа енетін жердің рельефтік-ландшафтық ерекшеліктерін ескере отырып, көлемі алынатын аумақтардағы аудандар мен шаруашылықтардың, тұрғындардың келісімдерін ала отырып жалпы көлемі 460 000 гектар жерді белгілетіп, заңдастыруға қол жеткізуінің өзі  үлкен еңбек деуге болады. Ғылым Академиясы мен Экология және биоресурстар министрлігіндегі лауазымды тұлғаларға 9 мәрте кіріп жүріп келісімдерін алу, сөзбұйдалық кедергілерден өтудің өзі адамның жүйкесін тоздыратын, уақытын алатын қыруар шаруаның өзі еді. Үкімет басшысы Ұ.Қарамановтың 1991 жылғы 10 сәуірдегі №59 өкімімен,  облыстық атқару комитетінің  шешімімен Ғ.Тұрғанбаев «Алтынемел Ұлттық табиғи қорығының» уақытша дирекциясының басшылығына тағайындалды. Ал, 1991-1996 жылдары «Басши» кеңшарының әрі қорықтың алғашқы бас директоры қызметтерін қатар атқарып келді. Табиғи қорықтың құрылуымен Ғалым ағаның арманының асқар шыңына беттегендегі сансыз тосқауылдары келмеске кетті десе болады, табандылық таза жеңіске жеткізді.

   Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев асыл ағаның қорықты құру мен істеген тіршілігіне ризашылығын білдіріп, естелік ретінде «винчестер» мылтығын сыйға тартқан болатын. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің ХХII сайланған шақырылымына депутат болып сайлануының өзі қорыққа қорған болу мақсатынан туындаған игі мақсат болатын. Халық қалаулысы ретінде ауылшаруашылығы, табиғат, экология, экономикаға  байланысты қажетті шаралардың мемлекет деңгейінде іске асырылуын қамтамасыз етудегі көрсеткен қайраткерлігі өз алдына бір төбе. «Тамшыдан теңіз жасаған» абзал ағаның еңбегін көре алмайтын жоғарыда жүнді білек қолдаушыларына сүйенген жергілікті жердегі қызғаншақтардан құралған   топ жала жауып, жоғарыға арызданып, оның өтініш жазып кетуіне мәжбүр еткенінің өзі көре алмаушылық, «аққа қара жаққан» әрекет деп дәрежелеуге болады. Жалғанда кемшіліксіз тек Алла ғана, ал кемшіліксіз пенде болуы мүмкін емес. Бірақ, жасаған ұсақ-түйек кемшіліктерінен өзге имандылық, парасаттылық, қоғамға пайдалылық жағынан биік тұратын адамдар болады. Ғ.Тұрғанбаевты да солардың қатарына жатқызсақ қателеспейміз. Қазіргі күні адамдарымыздың амандасуының, сыйласуының өзі лауазымға, мансапқа тәуелді болғаны рас. Бұл біздің рухани, пендешіліктен өреміздің аспағанын көрсетеді.

    София жеңгемізден Данияр есімді азаматты көріп, өсіріп отырған абыз ақсақал Ғ.Тұрғанбаев қазір құрметті еңбек демалысында үлкен, бақытты отбасының арқа сүйер асқар тауы болып отырған қадірменді қария. Әлемдік деңгейдегі сарабдал саясаткер, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне  айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салатын қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін, мәдени-генетикалық кодының негізі»,-деп атап көрсеткеніндей туған жерін түлетуге, табиғатын қорғауға айрықша үлес қосқан, қоғамға қайраткерлерігімен өз пайдасын тигізген абзал ағаның өнегелі өмірі мен сіңірген еңбегі туралы оқырманға жеткізу бұқаралық ақпарат құралдарының абыройлы міндеті болып табылады.

    Алтыннан да ардақты, еліне сіңірген еңбегі салмақты абыз ақсақал, тұғыры биік тұлға- Ғалым Тұрғанбаев ағамызды мерейлі қуанышымен шын жүректен құттықтап, отбасы мен өзіне мықты денсаулық, ұзақ та бақытты өмір сүріңіз, халқыңызға парасаттылық пен шапағаттың нұрын шаша беріңіз дегіміз келеді.

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан Заңгерлер

Одағының мүшесі.

 

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4692899