Жетісудың жыр жауһарлары

Жуырда Көктал ауылдық Мәдениет үйінде «Жетісудың жыр жауhарлары» атты керемет поэзия кеші өтті. Кешке «тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы» осы өңірден түлеп өскен, өлеңнен өрнек салған, поэзия сынды саф өнердің тұңғиығынан сусындап, ана тіліміздің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген ақын қызымыз Гүлбақыт Қасенова ұйытқы болды.

     Гүлбақыт Тоқтамқызымен Жетісудың танымал ақынына айналған, «хас сұлудың көз жасындай мөлдіреген» тұнық та, сыршыл поэзия иесі, «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы,  ақын Торғын Тұрлыбаева және  «ат  тұяғын  тай  басар» демекші ауданымыздың Әулиеағаш ауылынан ақындық шығармашылығының енді ғана шымылдығын түріп, тұсауын кескен жерлесіміз, жас ақын қызымыз Алуа Асқар да өз өлеңдерінен шашу шашты.

   Жас та болса «Жауқазын жырым – жан сырым» атты тырнақ алды туындысын шығарып үлгерген Алуа биыл оныншы сыныпқа көшті. Кештің алғашқы бөлімі «Өлеңнің ақжелкені» аталып, балауса жырларға арналды. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді емес пе ата-бабаларымыз?! Облыс орталығынан қолдау көрсетіп, қолтығынан демеп, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қағиданы ұстанған Гүлбақыт Қасенова Алуаның шығармашылығы туралы жүрекжарды пікірін, көзқарасын білдіріп, поэзияның даңғыл жолына сәт-сапар тіледі.

   Кеште Алуаның өзі білім алып жатқан өлеңдерін Әулиеағаш орта мектебінің оқушылары, жерлестері және көкталдық өз замандастары мақтанышпен орындады. «Өлеңге әркімнің ақ бар таласы» демейді ме хакім Абай. Айналасы теп-тегіс жұмыр өлең жазуға Алуа кішкене кезінен-ақ машықтана бастады. Бұл тұрғыда ата-анасы мен ұстаздар қауымының еңбегі әрине зор. Сахнада олар да Алуаның алғашқы қадамымен, алғашқы жетістіктерімен  толығырақ таныстырып өтті. Ауданымыздың бас ақындарының бірі Исламғали Үркімбайұлы жас ақынға батасын берді.

   Кештің екінші бөлімі «Толқынды толқын қуады...» деп аталды.  «Ел іші өнер кеніші» демекші  Көктал  ауылы  жергілікті ақын-жазушыларға  бай  өңір.  Биыл  80  жылдық  мерейтойы  аталып өтіп отырған Қален Тәжібаевтың  жолын қуған Әдепхан, Базархан Жақыбаевтар ақындық өнердің биігін бағындырған жандар. Әдепхан ағамыздың «Баркөрнеуі» туған жер тарихын асқақтатса, Базархан аға өлеңі бүгінде ауылымыздың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналғалы қашан?!   Ағаларының өнердегі ізін жалғаған ізгі інілері қалды. Туған жер, ата-дәстүр, ана тіл туралы толғауларын жалғаған қарындас-қыздары қалды. Қален атамыздың өзі оң бағасын берген, бүгінде аудандық «Жаркент өңірі» газетінің бас редакторы Бағдат Айтмұқаеваның шығармашылығынан өлеңдер оқылып, көрермен көңілінен шықты. 

   Жазиралы Жаркент өңіріне өзінің әдемі өлеңдерімен қонаққа келген ақын Торғын Тұрлыбаева  да өзінің ыстық ықыласы мен жылы лебіздерін ала келген екен. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Үлгі ауылының тумасы Жетісудың жыр өлкесіне бүгінде өзінің зор үлесін қосып, аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып жүрген жандардың бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ   Ұлттық     Университетінің      журналистика факультетінің  түлегі.  Қазір  «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы қызметін жалғастыруда. Ақпарат айдыны мен  ақындық қызметін абыроймен атқарып, өнер мен әдебиет айдынына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Өлеңдері жыр жинақтарына еніп, үнемі баспасөз беттерінен жарияланып тұратын ақынды халық ерекше ілтипатына бөледі. Өйткені оның сыршыл поэзиясын өлеңді енді оқып жүрген жас өскіндерден бастап, көне көз қарттарымызға дейін ден қоя тыңдап, рухани азық алды. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Торғын Тұрлыбаеваның жырларын ауылдық Мәдениет үйінің көркемсөз оқу шеберлері үйірмесі мүшелерімен қоса Дәнеш Рақыш атындағы халық театры өнерпазы Әлия Шаймерденова да нақышына келтіріп орындап, шығармаларынан шашу шашты.

   Кештің ұйытқысы, Айдарлы ауылының тумасы, поэзиясында жанына тән нәзіктік, әдемілік, жылы, иірімді бейнелермен қатар, азаматтыққа тән асқақ ойлары бар Гүлбақыт Қасенованың жырлары кеш көркін одан әрі қыздыра түсті.                      

   Бүкіл дүниені әппақ, әлемді сырға толы қабылдайтын, бұл өмірге жан-тәнімен ғашық жанның поэзиясы да сыршыл ақынды ел-жұрты ерекше қабылдады. Осы уақытқа дейін үш жыр жинағын шығарып үлгерген ақын қызымыздан жерлестері алдағы уақытта биік шығармашылық белес күтеді.

   Осы кеште тағы бір жас ақынның шығармашылығының тұсауы кесілді. Поэзия әлемі тағы бір жас ақынмен толықты десек те болар. Тағы бір жас ақын ел алдына шықты. Ол  Ақжазық ауылының тумасы, Жамбыл атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Айғаным Қалинұр. Ол да Бағдат, Гүлбақыт, Торғын әпкелерінің жолын қуып, ақын болсам дейді. «Толқынды толқын қуады...» деген осы болар... Айғанымның қазірдің өзінде 200-ге жуық өлеңдері бар. Жай ғана ұйқас қуған ақын емес, өлеңдері кәдімгідей төселген, болашағынан үміт күттіретіндей. Жас ақындардың шығармашылығына Әдепхан Төреханұлы, Исламғали Үркімбайұлы және Базархан Жақыбай ағаларымыз бағасын беріп, өнер жолына сәт-сапар тіледі.

   Кеште ауылдық мәдениет үйінің көркемсөз оқу шеберлері үйірмесінің балалары өлеңге деген махаббатын ұқтырды. Оларға ақын қыздар облысымыздың танымал ақындарының кітаптарын сыйға тартты.  Поэзия кеші  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына теңізге құйған тамшыдай болса да үлесі болды десек, артық айтқандық болмас. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп жатамыз. Кеште өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің тұтқасын ұстар азаматтарды тәрбиелеген аналарымызға  ақындар арнайы сый   сияпатын  жасап, ақ жаулық тарту етті.

   Ауылдың қоғамдық-мәдени шараларында белсенділік танытып жүрген азаматтар облыстық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» орталығының «Алғыс хатымен» марапатталды.

   Кеш соңында  жырдан шашу шашылып, «Жаркент әуендері» ән-би ансамблінің өнері тамашаланды. 

Әйгерім Балғымбаева,

 Көктал ауылдық

Мәдениет үйінің директоры

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725851