Есімі ерекше еңбек адамы
- Толығырақ
- Жарияланды 20.11.2018 05:48
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1859
Кез келген қоғамның оның әлеуметтік қарым-қатынастарында көрініс табатын құндылықтар сатысы бар.
Білек күшін қажет етер мал мен дән өсіру, сол жұмысты жеңілдетер технологияларды даярлайтын – ой еңбегі, жан баулу, тұлға тәрбиелеу сияқты нәзік дүние болсын еңбекті қажет етеді, - деп түсінетін Елбасымыз: - Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол – дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер, т.б. Еңбек адамы – адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген адам. Еңбек адамы қай қоғамда да, қай заманда да болған, бола береді де. Мәселе сондай ғажайып жандарды тап басып танып, кеңінен насихаттау керек. Бала санасына еңбек адамына деген ілтипат, таза еңбекке деген қошемет-құрмет сыныптап құйылу керек, - деді. Төрт құбыласы тең, болашағы жарқын, дамуы қарқынды егемен елімізде кей кездерде бүгінгі еңбек адамының кім екенін түсіну жағы жетіспей жатқандай көрінеді.
Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әр қилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар...
Өзінің өнегелі өмір соқпағында өзін елі мен жұрты үшін еңбек етуге арнаған, қазіргі кезде мектеп ұстаздары мен шәкірттерінің бойындағы қабілетті, іскерлікті, білімі мен біліктілігін дөп басып, өркениетті елдің болашақ ұрпағын даярлауда аянбай тер төгіп отырған басшы, сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан туған елін, жерін сүйетін адам – Ризайдин Айсаевтың есімін мектеп және ата-аналар ұжымы мақтанышпен атайды. Қазіргі оқытудың қыр-сырын ұғып, әдіс-тәсілімен танысып, нәтижесін пайымдап, мұғалім біліктілігін шыңдап, қорытындысын талқылап отыратын, ұқыптылық пен жауапкершілікті, еңбекқорлық пен талапшылдықты жоғары қоятын ұстаз қоластындағыларға әкелік қамқорлығын да көрсетіп отырады. Жан-жақты, үштілді меңгеруге құлшынып тұрған, жаңа білім мазмұнымен дәріс алып жатқан оқушылардың талап-тілегіне жауап беруді басты мақсат деп біледі. Мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, іші-сыртына адам танымастай әр беріп, сыныптардың пән кабинеті ретінде жабдықталуымен қатар бастауыш сыныптар үшін мейлінше жағдай жасауға себепші болды. Мектеп ауласының гүлзар баққа айналып, мектепке ерекше көрік беріп тұрған түрлі тал-ағаштар мен шыршалардың, ескерткіштер мен субұрқақтың әрқайсында директордың қолтаңбасы, ұйымдастырушылық қабілет-қарымының үлесі бар.
Өмірінде өткен күндерін көз жасынсыз елестетпейтін ол – жетімдікпен жазы қысқа болған балалық шағынан, еңбекпен басталған бозбалалық кезінен, әскери тәртіптің шинелі мен шеңгелінен абыройлы шығып, ісіне мықты, сөзіне берік, керек кезде адамдарға көмек қолын соза білетін азамат «Жер бетінде адам атанудан артық міндет жоқ» дегенді өмірлік ұстанымы етіп, жігерін намысымен қайрап биік арман белестерінен өтті. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты оны мағыналы ғұмырының биік бір белесі – 70 жасқа алып жетті. Ол осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келді. Қашан көрсең, шалбарының қыры сынбай, галстугы әдемі түйіліп, көйлегінің жағасы еш кірлемейтін, жүріс-тұрысы оқшауланып, байсалды мінезі, сабырлы қалыбы ерекше. Ол қиындығы мен қызығы қатар болған өмір мектебінен өтіп, ұстаздары - Г.Хайбуллин, Н.Рябченко және А.Сасыков, Н.Головацкий, Ы.Қожахметов,И.Билалов, Б.Біләлов, Байшалов, Ж.Заманбеков, Ю.Әбілмәжінов, Ғ.Тұрғамбаев, О.Ниязов сынды алдыңғы ағаларын қазіргі ұрпаққа үлгі етіп, олардың ақыл-кеңесінен тәлім-тәрбие беретін тәжірибе жинап, өркен жайған алып бәйтеректей бірнеше ұлт пен ұлыстың басын қосқан үлкен бір ұжымның басшысы, ақылшы тірегі, арқа сүйер қамқоршысы болып отыр.
Мұғалім – мамандықтың төресі, сондықтан ұрпақ тәрбиесінде ұстаз да соған сай болуы керек деп тәрбиелеп келеді ол артынан ерген ұжымды. Мансапқа мастанбайтын, материалды тұрғыдан үлкен қанағат иесі мұғалімдерін марапаттап, отбасыларға көмектесіп, шәкіртіне қолынан келер соңғы көмек мүмкіндігін беріп, болашақта олардан үлкен үміт күтсе де, алғыс күтпейді... Ол мектепке әкелетін әр көшеде баланың аяғы батпақ болмайтын тротуарлар төселсе, 3 ауысымдық оқуға шақ қалып тұрған мектептің корпусын көбейтіп, шатырын ауыстырса, жедел жөндеуді қажет етіп тұрған мектепке қарасты ғимараттар жөнделсе, бала өмірінде маңызы зор жасыл майса төселген стадион болса... деген сияқты арман-тілектерді жоспарға айналдырып, оны орындауды өзіне мақсат етіп алған. Кейде оны осынау бір «қамқорлық» деген адами қалыпқа салып құйылған ба дерсің.
Осы тәлімді басшы бойынан анық көретін біздер бүгінгі күні тұлға тәрбиесінде қашанда басты мақсат болған патриотизм мен туған жеріне, еліне сүйіспеншілігі асқан рухани құндылықты үлгі тұтамыз, өнеге етеміз, заман сынақтарында санамызда жаңғыртамыз.
Жамбыл атындағы орта
мектеп ұжымы.