Өмірін өнерімен өрнектеген
- Толығырақ
- Жарияланды 18.01.2019 07:41
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1612
18.01.2019Ж
Жуырда аудандық Мәдениет үйінде өткен күйші, сазгер марқұм Алтай Қасымхановтың 60 жасқа толуына орай оның шығармашылығына арналған еске алу кеші осылай аталды.
Кеш шымылдығын күйші-сазгердің тұңғыш туындыларының бірі – «Парыз» күйімен «Жаркент әуендері» халықтық ән-би ансамблі ашты. Кешке қатысқан жерлестері мен арнайы шақырылған құрметті қонақтар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске түсірді.
Кешті жүргізген Арман Саурықов еске алу рәсімінің алғашқы сөзін ауданымыздың «Құрметті азаматы» Шәріпхан Тұрғанұлына берді.
Батысында Басшиден Басқұншыға дейін, солтүстігінде Жоңғар Алатауының қарлы шыңдарынан Іленің қамысты жағалауларына дейін көсіліп жатқан Жаркент жері сонау жеті атасынан бері мекен етіп келе жатқан жандар үшін орны бөлек.
Берекелі де мерекелі елді, жерді көргенде кімнің де болмасын көңілінде жыр тұнып, шабыт шақырары даусыз. Осындай кие қонған Жаркент өңірінің ұлдарының бірі, көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, күйші Алтай Қасымханұлы 1958 жылы 22 қазанда Қытай Халық Республикасының Мылқы қаласында дүниеге келген. 1966 жылы Жаркент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебін бітірген соң Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыка училищесінің қазақ ұлт аспаптары бөлімінің домбыра класына түсіп, оны ойдағыдай тәмәмдағаннан кейін, оқуын Құрманғазы атындағы консерваторияда жалғастырды. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1981 жылдан тартып «Отырар сазы» оркестірінде домбырашы болып еңбек етті. Қазақстанға танымал дара тұлға күйші Нұрғиса Тілендиевтен тәжірибе алып, күйшілік өнердің қыр сырын меңгерді. Оркестірде жұмыс істей жүріп, ең алғаш 1985 жылы Мәскеу қаласында өткен «ХІІ-ші дүние жүзілік жастар және студенттер фестивалінің» лауреаты атанып, Вьетнам, Үндістан, Париж, Италия, Корея, Турция тағы да басқа шет мемлекеттерде гастрольдік сапарларда болып қайтқан. 1991 жылы туған жеріне қайта оралып, Жаркент қаласындағы педагогикалық колледжде сабақ бере жүріп, студенттер арасында «Асыл қазына» фольклорлық ансамблін құрды. 2007 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық Мәдениет үйінде 40 жылға жуық тарихы бар «Жаркент әуендері» халықтық ән-би ансамбліне жетекшілік еткен.
Марқұмның шығармашылық қоржынында «Парыз», «Сағыныш» атты бірнеше күйлерімен қатар «Ұлым менің», «Жаркентім - жұмақ мекенім» әндері, «Жырлайды жүрек» облыстық ән байқауында «Қыз сыры» әні, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Шәміл-ау, Шәмші қайда, Шәмші қайда» сияқты әндері бар. Шығармалары Мұқан Төлебаев атындағы облыстық сазгерлер шығармалары байқауы жеңімпазы.
Кеш барысында аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С. Үркімбайұлы, аудандық «Жаркент өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Қ. Бейсебай, марқұмның әпкесі Г. Қасымханқызы, Алматы облысы Халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары А. Ташболатқызы және Алматы, Ақтау, Тараз, Талдықорған қалаларынан келген өнердегі бір топ әріптестері сөз сөйлеп, сазгер, күйші Алтай Қасымханұлының өмірдегі және өнердегі жақсы естеліктерін көпке жеткізді.
Еске алу кешінде Қ. Изенаев жетекшілік ететін «Д. Рақышев» атындағы халық театрының әртістері жыр шумақтарын шашып, аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпазары К. Шойынбаева, Е. Насыров, Н. Батбақбаев, Д. Бұтарбаев, Е. Несіпбеков, «Шекара жүректері» ансамблінің орындауында күйші сазгер ағамыздың туындыларын әуелете шырқап берді.
Оқығаны мен көңілге тоқығаны мол Алтай Қасымханұлы еңбекпен, біліммен өзінің ел жұртына, туған еліне адал еңбек етуге жаралған азамат еді. «Ақын болу шарт емес, азамат болу міндетің» деген қағиданы жанына жақын тұтқан Алтай Қасымханұлы Қазақстанның әр жерінде еңбек етіп жүрген әріптес достарының, өнерін жалғастыратын артында ізбасарлары, шәкірттерінің жадында өнегелі ғұмыр кешкен Азамат ретінде есімізде мәңгі қалмақ.
Мәулен Керімбеков.