Жаралы жылдар жадымызда

 

08.02.2019ж

Тарих желі өткеннің іздерін қанша жапқанымен,  сол бір ауыр жылдар жүректе қалары хақ.  Биыл Ауғаныстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толады.

       1979 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Саяси бюросының шұғыл түрдегі шешімімен  кеңес Үкіметінің Қарулы Күштері Ауғаныстан жеріне енді.  Соның ішінде қазақстандық жауынгерлер де бар болатын. Соғыстың аты соғыс. Ауған соғысында біздің елдің батыр азаматтары мен жігерлі жастары жерге қарап қалған жоқ.  Жауынгерлер жапан түзде Отан үшін от кешті, Отан үшін жан қиды.

      Ауғаныстандағы шектеулі контингент әскерлерінің құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер болды.  Олардың     924-і   сұрапыл шайқастарда ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіттер елге мүгедек болып оралды. Соның ішінде Панфилов ауданынан 98 адам шақырылды.  Ауған  жерінде 8 адам жан тапсырды. Бүгінгі күні  Панфилов ауданының қорғаныс істері жөніндегі  бөлімінде 73 ардагер есепте тұр.

      Міне, Отан үшін от кешіп, жанын пида еткен осындай азаматтардың  есімін есте қалдырып, ерлік ісіне тағзым ету – баршамыздың борышымыз.

     Жат елде жаумен арпалысқан қай жауынгер болсын Отан алдындағы антына адал болды. Жандарын жаралы еткен уақыт та сырғып,  Ауған соғысының беті жаңа кезеңмен ашылды.  Олар жүрек түпкіріндегі жігер отын өшірмей, көңілдегі сенімге кір шалдырмады.

    Бүгінде ел ішіне қайта келген бірталай  жауынгер-интернационалистер қай ісімен болсын ұрпаққа үлгі-өнеге. Олардың қай-қайсысы болса да анттарына адал болды. Отан алдындағы азаматтық борышын  ауған жерін шарпыған соғыста қазақстандық жауынгерлер  өз елінің нағыз патриоттары ретінде өтеді. Олай болса талай боздақтарды ажал құштырған  сол бір сұрапыл жылдар  жадымыздан мәңгі өшпек емес.

М. Тайболатов,

   аудандық  қорғаныс

істері жөніндегі  бөлім

 бастығы.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4840152