Қасіретпен келген қайғы қашан да қастерлі
- Толығырақ
- Жарияланды 22.02.2019 04:18
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1531
22.02.2019ж
Ақпан айының 15 күні Ауған соғысының ардагерлері, бөлім мен сала басшылары, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері аудандық Мәдениет үйінде «Ауған асуында от кешкендер» атты шараға қатысты.
Ауғанстандағы ұрыста болып елге аман оралған интернационалист жауынгерлер алдымен ұрыс майданында қаза болған жауынгер жерлестерінің құлыптасына гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске түсірді.
Бүгінгі таңда ауданымызда 73 ауған соғысының ардагері есепте тұрады. Олар 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде оқ пен оттың ішінде болып, ерлікпен елге оралды.
«Ауған асуында от кешкендер» атты шара барысында соғыс майданынан түсірілген түрлі көріністер экраннан көрсетіліп, шараға қатысушылардың патриоттық сезімдерін оятты. Сондай-ақ Алтынсарин атындағы орта мектептің жас ұландарының құттықтаулары әсерлі болды.
Ауған соғысының аяқталып, жауынгерлердің өз еліне оралғанына 30 жыл толуына орай өткізілген бұл шарада аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы М. Тайболатов баяндама жасап, ауған соғысы ардагерлеріне зор құрметпен қарайтындықтарын айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Р. Мағрупова сөз сөйлеп, ауған соғысы ардагерлері бейбіт еңбекке белсене араласып, жас ұрпақтарға патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қосып жүргендігі жөнінде баяндады. Сондай-ақ Роза Азаматқызы ауған соғысы ардагерлеріне аудан әкімі Т. Бектасовтың «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттарын» табыс етті.
Шара барысында №74261 әскери бөлімшеден майор М. Кунчаев, №2091 шекарашылар отрядының командирі С. Петуркин, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Н. Рахымбаев, Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті О.Сүлейменов сөз алып, ауған соғысы ардагерлеріне ізгі тілектерін айтты. Өңірімізге белгілі ақын И. Піскенбаев жыр арнауын оқыды. Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Т.Теткусизов те осы шара барысында қарулас қанды көйлек достарына ізгі тілегін айтып, әріптестеріне ұзақ өмір, зор денсаулық тіледі.
«Ауған асуында от кешкендер» атты шарада «Жаркент әуендері» халықтық ән-би ансамблінің, «Еркеназ» бишілер тобының, «Шекара жүректері» вокальді ансамблінің өнерлері тамашаланды.
Жұмағазы Бейсебек.