Жазиралы Жаркент өңірінде өндіріс дамып, өнім молайып келеді

11.03.2019ж

Жетісу өлкесі туралы сөз қозғалғанда «Жазиралы Жаркент жері» деген теңеу жиі айтылады. Еліміздің шығыс қақпасында қоныс тепкен ауданда ауыл шаруашылығы дамып, өндіріс те өз арнасын тапқан.

Егін егіп, мал өсіру – мұндағы елдің ежелгі кәсібі. Қазір ет пен сүт өндіруден бөлек, жүгері өңдейтін, балық тұздап, уылдырық дайындау да жолға қойылыпты. Соның бір дәлелі ретінде Панфилов ауданындағы агроөнеркәсіп кешеннің дамуы туралы аз-кем сөз етсек.

Еккені – жүгері, өнімі үдеді Жаркент өңірінің даңқы кезінде жүгері өсірумен шыққан еді. Қазір де аудан диқандары дәстүрлі дақылды көптеп өсіреді. Былтыр 43,6 мың гектарға дән себілсе, оның 25 885 гектары осы жүгері өсімдігі. Күтімі келіссе, жүгерінің өнімі жоғары болады. Аграршылар өткен күзде жүгері егілген әр гектардан орташа есеппен 63,7 центнерден өнім жинаған. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану өнімді еселеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта ауданда 1396 га жерде тамшылатып суару әдісі пайдаланылуда. Мысалға, «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 286 гектар жүгері егістігін тамшылатып суарып әр гектардан 200 центнерден өнім алды.  – Суармалы жер көлемін ұлғайту – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді бір құралы. Өткен жылы біздің ауданда жалпы құны 40,8 млрд теңге болатын ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Яғни, аграрлық саланың табысы бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артып, нақты өсім көрсеткіші 103 пайызға жетті. Тоқетерін айтқанда, ауыл шаруашылығы саласына әкімдік тарапынан қажетті қолдау жасала береді, – дейді Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов.

Баққаны – бекіре, тапқаны – береке... Осы Панфилов ауданындағы Өсек өзені бастауын Алатау бөктерінен алады. Арыны қатты су толқынынан қуатты энергия айыруға болады екен. Қазір қытайлық инвесторлар Өсектің бойынан 4 бірдей су электр стансасын салуға ынталы болып отыр. Әр стансадан өндірілетін қуат мөлшері 6 мВттан кем болмайды екен. Жалпы 24 мВт электр энергиясы еркімен ағып жатқан судан алынса тамаша емес пе?! Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Өсек өзенінің бойында балық шаруашылығы да өркен жайып келеді. Әдетте тау суының арыны қатты болады. Бірақ табиғи таза да мөлдір өзен бойында балық шаруашылығын дамытуға оның еш кедергісі жоқ. Аудандағы «Kaz-Aqua» серіктестігінің мамандары бұл мәселенің шешімін тауыпты. Шаруашылық өзен суына артезиан құдықтың суын қосып, балықтың қалыпты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап қойған. Қазір мұнда бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрі қолдан көбейтіліп жатыр.  «Kaz-Aqua» балық шаруашылығының қарамағында 2 балық өсіру базасы бар екен. Бұл жерде 15 адам бекірені балаша бағып-қағып, тұқымын көбейтумен айналысады. Тау суы мен жерасты суының құрамы, әсіресе форель балығының уылдырық шашуына қолайлы. Қазір табиғи жолмен көбейген балықтың саны өсті. 

Нәтижесінде аумақтағы балық пен балық өнімдеріне сұраныс өтеліп, табыс артып келеді. Шаруашылық балықтың қорегіне қажетті қоспаны шетелден алдырады екен. – Жылына 100 тонна балық өнімдерін дайындауды жоспарлаған «Kaz-Aqua» алдағы уақытта өнімді қайта өңдейтін цех салмақшы. Сондай-ақ болашақта арнайы туристік аймақ ашылып, келген қонақтарға балық аулайтын мүмкіндік қарастырылады. Енді жазиралы Жаркент өңірінде Каспийге бармай-ақ бекіре аулауға мүмкіндік бар, – деді бізді шаруашылықтың жай-күйімен таныстырған Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат. Айтпақшы, Панфилов ауданында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов басқаратын «Байсерке Агро» холдингі егін егіп, мал өсіріп отыр. Холдинг диқандары жүгері өсіруде оза шауып келеді. Мәселен, соңғы бірнеше жыл бойы «Байсерке Агроның» егінжайында өсірілген жүгерінің биіктігі бес метрге жетіп, әр гектардан 1500 центнерден өнім жиналыпты. Жүгері алқабының көлемін арттырудан бөлек, холдинг жылыжай шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлуде. Озық үлгіде салынған, 4,5 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда көкөніс түрлері жыл он екі ай бойы өседі. Өткен жылы 800 тонна томат өнімдерін нарыққа шығарған. Сүт өндірісін де Жаркент жерінде «Байсерке Агро» дамытып отыр. Голланд тұқымдас қара сиыр өсіретін холдингтің шаруашылығындағы сауыншылар «сүттен бұлақ ағызған» деген теңеуге лайық. Сүтті молынан беретін сиырдан күніне 72 литр ағарған сауылып, рекордтық көрсеткішке қол жеткен.  Тағы да, Жаркент дегенде осы аудандағы крахмал-сірне зауыты туралы айтпай кетуге болмас. 2005 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұрған зауыт қазір еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы бірегей өндіріс орнына айналған. Күн сайын 300 тонна жүгері өңдейтін кәсіпорын Панфилов ауданының шаруаларынан бөлек, көрші аудандардан да жүгері қабылдайды. 340 жұмысшы жоғары жалақы алып еңбек етуде. Мұнда 18 түрлі крахмал, глюкоза, мальтоза шырыны мен глютен және жүгері майы дайындалады.  Түйіндей айтқанда, жазиралы Жаркент жеріндегі ауыл шаруашылығының өркендеуінің бір мысалы осындай.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4839912