Асау өзен арнасында
- Толығырақ
- Жарияланды 30.04.2019 04:29
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 2173
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қазақ елі жыл өткен сайын дүниежүзіне кеңінен танылып келеді.
Әлемнің көптеген елдерімен достық және экономикалық қарым-қатынас орнатып, стратегиялық әріптестігінің арқасында көптеген ел игілігіне қызмет ететін ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.
Екі миллионнан астам халқы бар Алматы облысы да республикамыздағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Көршілес Қытай елімен шекаралас болғандықтан өз ара екі жақты қарым-қатынас жақсы жолға қойылған.
Сәуір айының 18 күні Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин бастаған зиялы қауым Қорғас өзенінің бас жағындағы «Шұңқырбұлақ» шатқалында болып, Қытай Халық Республикасының делегаттарымен кездесті. Ондағы мақсат «Шұңқырбұлақ» селден қорғау бөгетінің құрылыс жұмыстарының жобасымен танысып, тиісті жерге белгі қазығын қағу, бөгет жұмысын екі ел бірлесіп жасау сияқты, тағы басқа мәселелер қаралды.
Болашақта осы аймақтағы ел қауіпсіздігі үшін қызмет ететін «Шұңқырбұлақ» селден қорғау бекеті су тасқынынан «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығын, шекара бекеттерін, «Нұр жолы» кедендік автоөткелін, «Алтынкөл» халықаралық теміржол стансасын, Құрғақ порт пен логистикалық индустриялық аймақты қорғайтын болады.
Осы бөгет жөнінде жасалған құрылыс жұмыстарының жобасы, сызбалары мен макетін көрсетіп түсінік берген Қазақстан Республикасы селден қорғау мемлекеттік мекемесінің басшысы Тоқтар Баймолдаев қытайлық делегаттарға мән-жайды түсіндірді. Тау шыңынан бастау алған асау өзен арнасына салынатын бөгет ел қауіпсіздігіне қызмет етеді.
Ашық аспан астында мерекедегідей безендірілген сахна төріне екі ел делегаттары шығып, өздерінің алға қойған мақсаттарын айтып жеткізді.
Шара барысында бірінші болып сөз алған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің маңызды екені жөнінде айтты. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасы су шаруашылығы Министрінің орынбасары Тянь Сюлбинь сөз алып, бұл игі істі қолдайтынын білдірді.
Екі жақты кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашев пен Қытай Халық Республикасының өкілі, Шыңжаң өндірістік құрылыс аймағының партия хатшысының орынбасары Кун Синлун, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласынан Ерлан Нысанбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, екі ел арасында болып қалуы мүмкін деген, табиғи апат-селден қорғану жұмыстарын бірлесіп атқару жөнінде келісім жасалынғанын айтты.
Соның нәтижесінде іргесі қаланғалы отырған «Шұңқырбұлақ» халықаралық селден қорғау бекетінің алғашқы қазығын қағу рәсімін Қазақстан Республикасы Іішкі Істер Министрінің орынбасары Ю.Ильин мен Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашев және Қытай Халық Республикасы жағынан Тянь Сюлбинь мен Кун Синлун атқарды. Сондай-ақ салынатын бөгеттердің сыйымдылығы 10 миллион текше метр су болса, оның биіктігі 50,7 метр. Ал ұзындығы 530 метр, ені 246,5 метр болады деп күтілуде.
Капсуланы қалау рәсімінен соң естелікке суретке түсіп, «Жаркент әуендері» халықтық ән-би ансамблінің өнерлері тамашаланды. Салтанатты кездесуге аудан әкімі Темірлан Бектасов пен аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов қатысып, шараның мінсіз өтуіне жауапкершілікпен атсалысты.
Жұмағазы Нұрақынұлы.