ӨНЕР МЕКТЕБІНЕ ХАЛЫҚ ӘРТІСІНІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

23.05.2019ж

Мамыр айының 22-і күні ауданымыздағы «Өнер мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің есімі берілді. Аталмыш күн ерекше сән салтанатымен жоғары деңгейде өтті.

 

                Бір ғасырдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан киелі мекен Жаркент өңірі қашан да туған жер топырағынан шыққан азаматтарын ардақ тұтып, мадақтаған қасиетті өлке. Мұның дәлелі Жетісу жеріне әншілік мектеп қалыптастырып, ән өнерінің ақберені атанған Дәнеш Рақышевтай тұғырлы тұлғаның  есімімен өлкедегі өнер ордасының аталуы десек артық айтқандық емес. Дәнеш ағамыз – қазақтың ән өнеріне  әсем әндерімен, орындаушылық шеберлігімен үлкен үлес қосқан бірегей тұлға.

                Д.Рақышев атындағы өнер мектебінің ашылу салтанатында  сөз алған аудан әкімі Т.Бектасов киелі жерімізден нәр алған, болашақ ұрпағына сазды әндерін тарту етіп, Жетісудың бұлбұлы атанған Дәнештей ағамызды бүгінгі жас ұрпақ білуі міндет екенін және есімі тарих беттерінде қалып, елінің мәдениет саласының дамуына қосқан айрықша үлесі құрметтеуге лайықты тұлға екендігін жеткізді. Сондай-ақ салтанатты шараға жиналған қауымды құттықтап, өнер мектебінің директоры, әншінің қызы Гүлнар Дәнешқызына киелі домбыра мен қатар арнайы сый-сияпаттарын да табыс етті.

                «Болашақ ұрпағына мол мұра қалдырып, өнердің қадірін жете түсіне білген әрі халық әндерінің жанашыры болған Дәнеш Рақышевтың өмір, өнер жолдары әлі де толық зерттеуді қажет етеді»,-деген Қазақстан                 Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», жазушы, тарихшы Бексұлтан Нұржекеұлы халық әртісінің есімін туған жер топырағындағы өнер ордасына берілуін құптарлық іс екенін ерекше атап өтті.

                Мерекелік шара барысында ата-аналар атынан Ғалия Ниеспаева сөз алып, ақжарма тілегін арнады. Ал, Д.Рақышев есімі беріліп отырған өнер-білім ордасының директоры, әншінің қызы Г.Рақышева өнердің құдіретіне бас иетін халық жанашырлары барда халық әртісінің есімі өшпейтіндігін айтып, аудан мәдениетінің гүлденуіне ауқымды үлес қосып, жанашырлық танытып жүрген аға буын өкілдеріне шынайы ризашылығын білдірді.

                Д.Рақышев атындағы өнер-білім ордасының арнайы тақтайшасының салтанатты ашылу лентасын аудан әкімі Т.Амангелдіұлы мен тарихшы Б.Нұржекеұлы, Д.Рақышевтың шәкірті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Жанпейісов қиды.

                Мұнан соң іс-шараға арнайы шақырылған облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт және тағы басқа кеш қонақтары аталмыш өнер мектебінің ішін   аралап, танысты.

А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4839884