Жылдар желкеніндегі жеміс

28.06.2019ж

Тіршіліктің әр атқан таңы, батқан күні тарих деген тарлан тағылымның еншісіне еніп, адамзаттың естелігіне айналады екен. Жайшылықта күнделікті тіршіліктің түйіткілдерімен, қауырт қызметтің қолайымен жүріп, тұлпардай жүйіткіген уақыттың арынын аңғара бермейміз.

Жаңа жылдың жарқын таңы атқанда Қазақстан Қазынашылық қызметінің құрылғанына ширек ғасыр толатынын есіме алып, көңілім толқыды.

                Мен 1996 жылдың сәуір айының 22 жұлдызында жаңадан ашылған аудандық бюджеттік банктің жанынан құрылған облыстық Қазынашылық басқармасының өкілдігінің 1 санатты маманы болып жаңа жұмысыма кірістім. Қашан да алғашқы деген сөздің айдары айшықты, абройы үлкен болғанымен, тауқыметтері де толайым болады екен.

                Менің алдымнан шыққан алғашқы проблема-аудандағы бюджеттік мекемелердің басшыларына жаңадан құрылған қазынашылық қызметтің талаптары мен тәртіптерін түсіндіру болды. Кеңес кезеңінде қызмет еткен, ел ішіндегі атақ-абыройы жоғары, көлденең келгенді беделімен белден басып өтетін мемлекеттік мекеме басшылары көп еді. Бәрінен де сол аға, апаларыммен жұмыс жасау қиынға соқты. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесіп, заман талабына сәйкес, жаңа ғана тәуелсіздік алған мемлекетіміз өзінің қаржылық басқару құрылымын өзгертіп жатқанын тәптіштеп түсіндіруге тура келді.

                1996 жылдың қараша айында Нұрғожа Естайұлы жұмысқа келді, екеуміз 1998 жылға дейін бұрын болмаған жаңа қызметті қалыптастырып, жүйелеп жұмыста көп ізденіп, жалықпай оқып Қазынашылығымызды жандандырдық.

                Бүгінгі таңда өңірдегі 48 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіп отырған Панфилов аудандық Қазынашылық басқармасы алғаш аяғын осылай тіктеп, тәй тұрған болатын. 1998 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес сол кездегі бюджеттік банк пен облыстық Қазынашылық басқармасының аудандық өкілдігі бірігіп, Панфилов аудандық қазынашылық бөлімі құрылды. Бөлімді Сералиев Кеңесбек Сманұлы басқарды. Бұрынғы бюджеттік банкте қызмет еткен жастармен біздің қатарымыз толықты, олар – Жеңісова Сәуле, Әнсия, Талғарова Гульшат, Уахитов Арман, Затирко Шолпан. 1999 жылы қазынашы болып Оқанов Әли Оқанұлы басқарған тұста қазынашылық қызметі алға жылжыған жылдар желкенінің пәрменімен жетіліп, қанатын кеңге жайды. Қызметтің аудандық бөлімдері басқармаға айналды. Алғашқыда өкілдік болып құрылып, қазір басқармаға айналған, іскер, ынтымақты ұжым қалыптастырған мекемеде жалпы 22 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін.

                Өзіммен бірге қызметтес болып әріптестерім  Гүлбақыт Омарғалиқызы Сұлтанқулова, Лязат Қойтайқызы Бекмұхамбетова, Әлия Әбдірешқызы Жазылбекова, Жанатгүл Қизатқызы Бердикеева, Алма Қалиасқарқызы Абдрасилова және Айнагүл Әбдіғалиқызы Теберикова, Жанар Жұматайқызы Мұхамедиева мен Бекжан Бекдаулетұлы Құмарбек, Данияр Әкімбекұлы Ибраимовтар осы жұмыста өздерін көрсетуде.

                Құрманғазы Әбдіманапұлы деген жігіт еңбек жолын бізден бастап қазіргі уақытта Алматы облысы Іле ауданының қазынашылығын басқарады. Қазынашылық қызметтің өткен ширек ғасыры менің өміріме осындай із қалдырды.

Светлана  Сүлейменқызы, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы .

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4839833