Ақпараттар айнасы, жаңалықтың жаршысы

28.26.2019ж

1921 жылғы 1 маусымда алғашқы нөмірі жарық көрген «Кембағалдар авази» (Кедейлер үні) газетінің шығарылымына ұйғыр халқының көрнекті перзенті Абдолла Розыбақиев қол қойған еді. Содан бері қарай сан аунаған тарихтың дөңгелегімен бірге тербетілген басылым әр жылдары «Колхозчилар авази» («Голос колхозника»), «Социалистік жол», «Еңбек туы», «Ұшқын» («Искра»), «Жаңалық жаршысы», «Октябрь нұры» атауларымен жарық көріп, көпшіліктің қолына қол жетімді таралыммен жетіп отырды.

 

          1991 жылдан тартып «Жаркент өңірі» атауымен жарық көріп келе жатқан ақпарат айдынындағы аудандық газеттің бүгінгі таңдағы таралымы 5371 дананы қамтып отыр. Аптасына бір рет (жұма күндері) үш тілде (қазақ, орыс, ұйғыр) шығатын газеттің директор –бас редакторы білікті басшы, қаламы жүрдек журналист, арқалы ақын Бағдат Бейсенқызы Айтмұқаева.

                Ақпараттар айдынында өзіндік үні, келісті қолтаңбасы бар аудан айнасы – «Жаркент өңірі» газеті  әр жылдары   республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Газеттің бас редакторы Бағдат Бейсенқызы – сыншы Сағат Әшімбаев атындағы, ал  ардагер журналист Садық Жұмабаев - Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегерлері.

                98 жылдық тарихы бар көне де жаңа басылымның әр жылдардағы алып жүрген «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталарын» айтпағанның өзінде, бір ғана  өткен жылғы  табысын ерекше атап өткеніміз жөн болар.

                Газеттің өзі – бір  күндік болса, сөзі – мың күндік. Бүгінгі таңдағы  ақпараттың көзі мен құлағына айналып отырған басылымда әр жылдары (біз бұл тұста кейінгі жылдардағы газет қызметкерлерін ғана атап отырмыз) Жақып Заманбеков, Берікбай Біләлов, Сейтқазы Бақберов, Матан Сімәділов, Абдукерим Тудияров,Рай Омашев, Хетип Малыбаев, Мырзағали Нұрсейіт, Омарғали Сәду, Нұрахмет Ахметов, Нұрәділ Бегімбет сияқты қаламы жүрдек журналистеріміздің қызмет жасағанын қашан да мақтаныш етеміз. Бүгінде бұлардың жолын қуып, өнімді еңбекке жұмылып отырған Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері фототілші Жұмағазы Бейсебек (Панфилов ауданының «Құрметті азаматы»),  ақын Құсайын Бейсебай, Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі Бекмұхамет Серікбаев, Гоһарбуби Исмайылжанова (республикалық «Ұйғыр авази» газетінің ауданымыздағы меншікті тілшісі), Ақмарал Хаметжанова сияқты  журналистердің тынымсыз еңбегі – атан  түйеге жүк болғандай.                 Журналистер қауымын әдетте «арқалағаны – алтын, жегені жантақ» деп ауыр жүк арқалаған нарға да орынды теңеп жатады. Шынайы өмір шындығы бұл.

                Газеттің оқырманына дер кезінде жетіп, сапалы да көркем шығуына өзіндік үлестерін қосып келе жатқан оператор – терімші Айгүл Нақысбековаға, оператор-дизайнер Гүлнәр Сансызбаеваға, менеджер Мәулен Керімбековке, есепші Эльмира Рахматуллинаға, жүргізуші Жанат Нурмановқа айтар алғыс та мол.

                Бүгінгідей төл мереке – Қазақстан Журналистері  күнінің шаттығы мол қуанышты кезеңінде қаламдас әріптестерімізге мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілейміз. Мерейлі мерекелеріңіз мүбәрәк болғай!

Күнтізбе

« Шілде 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net